Горилла – адам немесе бір әңгімеден өрбіген ойлар

Дүние алмағайып өзгерісте тұр. Әр заманның өз құндылықтары болғанымен, жаңа дәуір жаңа ойлау жүйесін әкеледі.
Ұлттық танымдар мен нанымдар өзгереді.
Кез келген қоғам адам санасын жақсарту жолын іздестіреді. Бірақ әлімсақтан ұлттық мұра болып қалатын, адамды адам, ұлтты ұлт ететін қасиеттер жойылмауға тиісті.
ХХІ ғасыр бағзы замандардан қалыптасқан ұғымдарға жаңа технологиялық төңкерістер әкелді. Қолдан жасалған интеллект бірте-бірте адамды өмір сүру қасиетінен ажыратып жіберуі мүмкін бе?
Робот-адамдар – технологияның жаңа биігі.
Жаңа технологиялар адамдардың психологиялық өзгерісіне әкеліп соқпай ма? Екеуінің аражігі қандай? Сұрақ...
Жақында балалар жазушысы, журналистика саласындағы Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты Бейсенбай Сүлейменовтің «Горилла – адам» атты ертегі әңгімесі қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көрді.
Жанры – ертегі. Жасөспірімдерге де, ересектерге де арналған. Ерекше әдеби формасымен қызықтырады.
Бір ертек әңгімеден мың ой өрбиді.
… Аңдар бір ғасырда бір рет жиналып, құрылтай өткізеді екен. Сонда жер-жаһанның аң біткені «табиғаттың әділетсіздігін» күн тәртібіне салып талқылайды. «Не істеу керек?» деген сұраққа жауап іздейді.
Сондай құрылтайдың бірінде «Адам маймылдан жаралған» деген тұжырымды адамдар жоққа шығарып, ғылыми қиянат жасап жатыр» деген мәселе күн тәртібіне қойылады.
Адамдарды түзеу үшін не істеу керек? Осы сауал аң біткенді, оның ішінде Горилланы қатты алаңдатады.
— Біздің адамнан қай жеріміз кем? – дейді алып Горилла төсін сабалап.
Сонымен, талас басталып та кетеді.
– «Орман адамы» атанып жүргеніміз тегіннен-тегін емес, – дейді орангутангтар шәңкілдеп.
– Жоқ, жоқ! – деп шимпанзелер өре түрегеледі. Оның айтар уәжі тым салмақты сияқты:
– Шимпанзелердің ДНК-сы адамдардыкіне 6-ақ пайыз жетпейтін көрінеді.
Джунгли жолы осы, Джунгли заңы осы.
Сұрақ тым қиындап кетеді.
Гориллалар шимпанзелердің тым көбейіп кеткенін байқайды. «Біз Горилламыз» деп төс қағып жүргенде шимпанзелер тұқымы өсіп-ақ кеткен екен.
Горилла оқыстан жол тауып кетеді.
Тынышталыңдар! Бәріміздің түпкі ата-тегіміз бір – маймылдармыз. Бірақ біз аға баласымыз. Жол – біздікі.
Сонымен, маймылдар не үшін айтысып, не үшін таласып жүр? Сөйтсек, олар маймылдан адам жасау жобасын жүзеге асыру үшін таласады екен.
Горилланың күні кеше ғана дүниеге келген баласы бар еді. «Тура адам баласынан аумайды. Аппақ қардай».
Аз айтысты ма, көп айтысты ма? Ол жағы белгісіз. Белгілісі – маймылдар енші бөлісіп тынды.
Горилланың ұсынысымен бірі Азияға, бірі Америкаға кетеді. Ал өздері болса адамзат пайда болған Африкада қалмақ.
Горилладан адам жасау процесі басталады.
...«Аман бол, адам бол, соңыңнан ерген пенделеріңе қамқор бол! Ұмытпа, енді сенің есімің – Гор-Би! Гор-Би! Гор-Би!
Бұл қарт Горилланың немересіне берген батасы еді.
Горилла – адамға енді адами тәрбие беру қажет.
Көсем Горилла айуандарға тән табиғи қасиеттерді жойып, Гор-Биге «қасқырдың қайсарлығын, Арыстанның айбаттылығын, Қабыланның ептілігін, Түлкінің алдампаздығын, Пілдің төзімділігін, Керіктің – көргіштігін» жас сәби бойына сіңіруді қолға алады.
Гор-Би күн санап өсіп, бозбала шаққа да жетеді. Ата Горилла Гор-Биді адамдардың арасына алып келеді.
– Сен де осы адамдар сияқты тіршілік кешетін боласың, – дейді атасы.
— Қашан? Мен ертерек адам болғым келеді, – дейді немересі.
Сонымен, маймыл бала адам балаларымен доп қуып, асыр сала ойнай бастайды. Енді оның адамдар арасынан кеткісі жоқ. Бәрі қызық, бәрі тосын.
Горилла ата немересіне «адамдардың болмысын түсінбейтінін» айтып, олардың «тілдері ащы, көздері өткір» екенін ескертеді.
Түнде Гор-Бидің қызуы көтеріліп, гориллаларға тән 16 дыбыс алқымына келеді.
Горилла ата мұны күтпеген еді. Қатты шошиды.
— Сен адамның перзентісің, ол сөздерді есіңе алушы болма, – дейді.
Гор-Би бұл дыбыстың еріксіз шығып кеткенін айтып, маймыл тілін естен шығаруға уәде береді.
Горилла – Адам болмысы адам табиғатымен үйлескендей көрінеді. Әрине, оған таңдануға болмайды. Өйткені Горилла маймылдан адам тәрбиелеп жатыр. Бірақ табиғи күш бар емес пе? Оны тек ерік-жігер ғана жеңеді.
Осылай бір ай өте шығады. Немересі мен атасы адамзат ауылына келеді. Баскетболдан жарыс өтіп жатыр екен.
— Гор-Би, Гор-Би!
Олар қарсыластарынан жеңіліп жатқандықтан, Гор-Биден көмек сұрайды.
Горилла – адам допты алыстан да, жақыннан да дөңгелек торға топырлатып түсіре бастайды. Бірақ өзі де «көк ала қойдай» болып таяқ жейді.
Ертегі-әңгіме фабуласы енді күрт өзгереді. Жанын сала ойнап жүрген Гор-Биді қарсы қоманданың ойыншылары ғана емес, өз командасының мүшелері де бірде шалып, бірде құлатып, «итше тепкілеп тастайды». Көрермендер де қалыспайды. Олар да ойынпаз Гор-Биді «түйгіштеп» жатады.
Жеке-дара озу, мықты ойнау ешкімге жақпады. Жарқ етіп көрінген адам маймыл осылай соққыға жығылып, атасы «шала-жансар» немересін арқалап орманға қайтады.
Әрине, бұл Джунглиді азан-қазан қылады.
Қолтырауындар тістерін сақылдатып, «адамдарды балық ауластпаймыз» деп тістерін қарш-қарш шайнайды.
– Егістіктерін таптап, жайпап кетемін, – дейді Піл шыр-пыр етіп.
— Триллион қарға да қарап қалмайды, күннің көзін тұтылдырып, Айды «жауып тастаймыз», – дейді олар.
Тоқтау сөзді Горилла «көсем» айтады:
— Адамдармен ерегісуге болмайды. Зұлымдықтың көкесі солардан шығады.
Горилла сөзі бәріне түсінікті еді. Адамдарды адамдар өздері құртуы мүмкін ғой. Міне, фәлсапалық сұрақ – осы.
Бейсенбай Сүлейменов бұл сөздің жауабын Гор-Бидің ойымен береді.
– Мен мынаны түсінбеймін, – дейді Горилла – адам. – Адамдар өздеріне өздері қиянат жасайды, өкпелерін түтінмен улайды, «у» қосылған тентек су ішеді.
— Еһ-һ, адамдар, айналайын адамдар – Біз бәріміз Табиғат Ананың перзенті емеспіз бе? Аһ-һ!
Бұл Горилла атаның түңілу сөзі еді.
Гор-Би адамдардың өтірікші екенін, бірін-бірі сатып, алдап, арбап кететінін түсіне алмайды. Қатыгездік те адамнан шығады. Олармен қалай достасасың?!
Гор-Би булығады. Жанайқайы адамдарша емес, маймылдарша шығады.
— Адам болғым келмейді, адам болғым...
Тәмам, ойлы оқырман өзі ойлансын. Ертегі болғанымен, жазушы Бейсенбай Сүлейменов адамзат алдында тұрған күрделі мәселені көтереді.
… Таңертең ұялы телефонға жедел хабар түседі, «Орангутангтар құпия тәжірибе бастапты...»
Олар да адам болғылары келіп жүр ме екен?..
Жазушы Бейсенбай Сүлейменовтің қиял-ғажайып әлемі осылай дейді.