Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:22, 27 Ақпан 2023

Гөзел Құлжабаева: Балаларды еңбекке баулып үйретуіміз керек

None
None

Бір саланы атағанда келбеті көз алдыңа келіп тұра қалатын, сол саланы қара нардай алға тартып, одан әрі дамытуға тырысып жүрген жан нағыз еңбек адамы екені даусыз.

Өйткені оның есімі үнемі сол саламен бірге айтылады. Осы орайда, елімізде гүл өсіру мәдениеті, абаттандыру, көгалдандыру саласының мәдениетін дамытып жүрген, сол салаға қатысты аты жиі айтылатын, тіпті есімі сол сөздердің синониміндей болып кеткен Гөзел Құлжабаеваның орны бөлек. Елімізге абаттандыру, көгалдандыру мәдениетінің қалыптасуы бойынша көп жаңашылдықтар әкеліп, Қазақстанда оның дамуын жолға қойып, еліміздің дамуына үлес қосып жүрген тұлға әлі де өз ісіне адал. Қарапайым ғана еңбек адамы сонысымен-ақ елімізде танымал апаймен арнайы сұхбаттасқан едік.

— Апай елімізде абаттандыру, гүл өсіру мәдениетін қалыптастыру үшін журнал да шығарып, балаларға арнап «Өсімдіктер әлемі» оқу әдістемелік кешеннің авторы атанып, тіпті жас мамандарды да осы салаға баулып жүргеніңізден хабардармыз. Нәтиже қалай болып жатыр?

— Рас, елімізде гүл өсіру, жан-жағыңды абаттандыру мәдениетін қалыптастыру үшін «Гүлстан» республикалық ғылыми-танымдық, көпшілік журналды 2005 жылдан бастап шығардым. Балаларға гүл өсіруді, онымен танысып, гүлмен достасуды үйрету үшін арнайы «Өсімдіктер әлемі» оқу әдістемелік кешеннің 58 кітапшаларын шығардым. Тұрақты үгіт насихат жұмыстарын жүргізіп жатырмын. «Қызғалдақтың отаны – Қазақстан» деп конференциялар өткізіп, «Туған табиғатты аялайық» деп, барлық халықты өз ауылын көгалдандыру жұмыстарына тартуға да шақырдым. Алайда елімізде бұл сала дұрыс жолға қойылмағандықтан, оны түсініп, әрі қарай алып кететін адам аз болып отыр. Дегенмен алған бетімнен қайтпай, агромектептерден ынталы жастарды қасыма алып, білгенімді үйретудемін. Рас, біраз уақыт карантинге орай дамылдап, биылдан бастап қайтадан экотуризмге бет бұрып жатырмын. Ол жерде гүл өсірумен қатар жеміс ағаштарын да отырғызуды үйретеміз. Әрбір қазақ бақшамен дос болса, ең алдымен экологиялық таза жеміс жер еді. Бір көзімнің жеткені – басқалар жеміс-жидекті өсіруге өте көп химиялық тыңайтқыштарды қосады. Ал өз аулаңа ексең сапасына, қауіпсіздігіне сенімді боласың. Гүл өсірем, бақшамен айналысам деген адамдарға арнайы көрсету үшін өз жерімді пайдаланудамын. Ол жерде алмұрт пен айвадан басқаның бәрін ектім. Студенттер мен оқушылар келіп үйренсе, екінші жағынан қызыққан жұрттар келіп демалатындай жер болса дегенмін. Қазір сол мақсатыма бір қадам жақындағандай болдым. Шынын айту керек, гүл өсіру саласында ұлттық кадр жоқ. Әркім өз жеріне өзі жаны ашымаса ешкім келіп жаны ашып, еңбек етпейді. Сондықтан жерге жанашыр қандастарымыздың санын көбейтуіміз керек.

Англияға барғанда көзім жеткені олар қай гүл бүршік жарып, гүлдесе балаға соның суретін салғызып, оларды өсімдікпен достастыруға тырысады екен. Соны көріп, өз елімізде де халықты гүл өсіру мәдениетімен қалыптастырсам деген арман пайда болды. Қазір агрошаруашылығы саласына қызығушылығы бар балаларды агромектептен кездестіріп, өзімнің жекеменшік «Гүлстан экотуризм» фермама шақырып, үйретіп жатырмын. Осы саладағы кәсіпті үйренемін деген баланы арнайы шақырып, бар білгенімді үйретіп қалуға тырысып жүрмін. Негізі әр ғимаратты өзіне сай абаттандырып, көгалдандырып қойсақ керемет болар еді. Бұрын үйренем дегендердің барлығына жаппай үйретсем, қазір тек қызығушылығы бар жастарға ғана үйретіп жүрмін. Өйткені кейде жұмсаған күшің далаға кетіп жатады. Яғни жастар жарты жолдан тастап, басқа жұмысқа кетеді.

Елімізде тақырыптық бақтар да жоқ. Өз басым ауылыма бақ жасағам, әлі күнге өзім қарап отырмын. Туған жерімде көпбалалы аналардың құрметіне «Батыр ана бағы» деген еліміздегі тұңғыш бақ, «Нұрғали Нүсіпжановтың» құрметіне де бақ ектім. Осының барлығын халық қызықса, елімізде гүл өсіру мәдениеті қалыптасса деген насихат жұмыстарды жасап жүрмін. Балаларға арналған гүл өсіруді үйрететін авторлық «Өсімдіктер әлемі» оқу әдістемелік кешеннің 58 кітапшаларын республика бойынша мектеп кітапханаларына тегін тараттым. Қазір үйренем деген жастарға жерімнің бір бұрышынан жер де беріп, қызыққан нәрсесін егуіне мүмкіндік беріп жүрмін.

— Қазақстан мен өзіңіз болған Еуропа мен Шығыс елдерінің арасында гүл өсіру мәдениетінде қандай айырмашылықтарды байқадыңыз?

— Мен кезінде Польшадан, Ираннан гүл әкеліп ектім. Қытай, Малайзия елдерінде де гүл егу мәдениеті қалыптасқан. Бізбен тіпті салыстыруға келмейді. Бізде көгалдандырудың өзі көп жағдайда қате жасалады. Германияда бір жылдық гүлдерді екпейді. Ал бізде жаппай бір жылдық гүлдер егеді, өйткені одан ақша «жеу» оңай. Көшет жасауды, гүлді өсіруді, оны көбейтуді, жалпы гүл бизнесін үйренем деген адамға үйретуге дайынмын. Егер алған білімін іске асырып, елімізде абаттандыруға ден қойса қуанар едім.

— «Ешкі бағып есін жиған» деп жатады қазақ. Ешкі сондай өсімтал мал ғой. Біз кездері сіз де ешкі бақты деп естідік. Бұл шаруашылыққа қызығушылық қайдан туындады?

— Ешкі баққан кезде табысын көрдім. Мен жалпы гүл немесе көкөніс, жеміс еккенде де оны көбейтіп, табыс көзіне айналдыруды көздеймін. Біраз уақыт ешкіні зерттеп, бағып көрдім де, кейін қатар алып жүру қиын болған соң ешкі бағуды тоқтаттым. Одан сол көкөніс, гүл, ағашыммен айналысып, көгалдандыру, абаттандыру жұмысымен жүре берейін деп шештім. Шыны керек, көп қазақтың ауласы бос тұрады. Қазақ даласында да қаншама гектар жер көңіл бөлусіз, бос жатыр. Соған қынжылам. Осы орайда атап өтер жайт, менің көгалдандыру ісіне келуіме Ғалым Боқаштың көп көмегі тиді, Англияға барғанда бақтарды көрсетіп, барынша басқа елдің тәжірибесін көрсетуге тырысты. Негізі бір іспен айналысқанда біреудің қолдауы өте маңызды. Сондайда Ғалым Англияға шақырып: «Сізден артық көгалдандыруға жаны ашитын адамды таппаймын. Мында келіп, өз көзіңізбен көріп, Қазақстандағы жағдаймен мына жақтағы көгалдандыру деңгейін салыстырып көріңізші деп арнайы шақырды. 17 күн аралатып, сол жақтың барлық бағын көрсетті. Ғалым Боқаш менің жасап жүрген ісімнің маңыздылығын сезіндірді, қолдады. Мен өз ісіме сенімді бола түстім. Сол үшін ризамын. Ол маған үнемі осы саланы тастамаңызшы, бұл қазаққа керек кәсіп» деп айтатын. Оның сол қолдауын ұмытпаймын.

-Еңбек адамының алдағы уақыттағы жоспарын да білгіміз келеді...

-Алдағы уақытта дәрі-дәрмекке арналған гүлдерді егіп, емге дауа шөптердің бағын жасағым келеді. Медициналық оқу орындарындағы және фармацевтикалық колледждерде оқитын жастар келіп, өз қолымен ұстап көретіндей, еліміздегі дәрі-дәрмек өндірісіне көмекші болатындай бақ болғанын қалаймын. Оған кем дегенде жарты гектар жер керек. Сосын кезінде «Қызғалдықтың отаны Қазақстан» деп конференция жүргіздік қой. Сол қызғалдаққа арнап бақ жасап, халқымыз да, шетелдіктер де келіп тамашалайтындай бақ өсірсем деймін. Елімізде өсетін қызғалдықтың 36 түрімен бір бақта танысса деймін, ол 36 түрлі гүлге сонша түрлі жағдай керек. Бірі таудың басында, бірі жазық далада, енді бірі құмдауыт жерде өссе, енді бірі жылы жерде, келесі біреуі салқын жерді жақсы көреді. Сондықтан көп қажыр қайрат керек. Келер ұрпаққа пайдалы болатындай осындай іс жасағым келеді.

Дәл қазір экотуризмді дамытуға мен 30 жылдан астам уақытта жиналған білім мен еңбегімнің нәтижесін көрсеткім келеді. Экологиялық таза өнім егіп, соның насихатын арттыратын адамдардың көп болуына шақырамын. Қазақты еңбекке баулып, жерінің қадірін біліп, өзінің даласымен дос болуға шақырамын. Қазір өзімнің 4-5 гектар жерімде балық аулайтын шағын жерім, сосын қалған жерінде барлық жеміс-жидектің түрі бар. Кейбір жоғын биыл егемін деп отырмын. Нақты дәрі жасап шықпасақ та, қандай өсімдік, шөп қандай ауруға ем екенін қолмен ұстап, көріп, сезініп, үйренсек, танып білсек деймін. Қазір туа сала баланың қолына телефон ұстатып қояды да «цифрлық аутизмге» өзіміз шалдықтырып жатырмыз, соның орнына жерге үйретіп, еңбекке баулысақ, еңбек адамына айналдырсақ әлдеқайда пайдалы болар еді. Немесе энергиясы тасып жүреді қазіргі балалардың, «гипербелсенді» деп жатады. Кешке дейін көргені ғаламтордағы ұшатын адам, неше түрлі қимыл қозғалыс болған соң балалар да солай бейімделген. Біздің экотуризм орталығымызға ата-анасымен, жалпы отбасымен келген балалар өз қолымен таңқурай, құлпынай, қарақат, көкжидек жұлып жеп, алманың жиырма шақты түрін көзбен көріп, қолмен ұстап үйренсе, өрік пен алшаның төрт түрін таныса, әлдеқайда дамитын еді. Бұл серуен ұялы телефоннан әлдеқайда пайдалы болар еді. Менің бақтарымда химиялық тыңайтқыштар пайдаланбайтын болғандықтан, тіпті жеміс-жидегімді жумай да жеуге болады. Жерімнің бір бұрышын балалар қызығатындай етіп жасағым келеді. Еліміздегі әрбір адам ең болмаса өзінің ауласын абаттандырып, қалаған жемісін егіп үйренсе деймін. Оған елімізде жер жетеді. Тек халқымыз – жермен дос болса екен.

Тегтер: