Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:35

Грант-2025: Орынның көптігі мен білімнің аздығы

Магистратура
Фото: из открытых источников

Елімізде жоғары білімге қолжетімділік пен жоғары білікті кадр қатарын арттыру мақсатында мемлекеттік білім гранттары тағайындалады.

Жылда гранттың көп, ал бәсекелестіктің аз екені, шекті көрсеткіштен әрең асқандар грант алып, 100-ден асқан түлектердің алмағаны талқыланады. Биыл да бұл тақырып өзектілігін жоғалтқан жоқ. Грант тізімі жарияланған соң, әртүрлі әңгіме айтылып жатыр.

Биылғы оқу жылында 216 мың түлек мектеп бітірді. Соның жартысынан астамы, нақтырақ айтқанда, 113 мыңы мемлекеттік білім беру грантына өтініш берген. Талапкерлер арасында сұранысқа ие білім беру бағыттары – «Педагогикалық ғылымдар», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары», «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар». Ал бөлінген грант – 77 мың. Оның 60 пайызы техникалық бағыттағы мамандықтарға, 20 пайызы педагогикалық мамандықтарға, қалған 20 пайызы қажеттілікке байланысты әртүрлі салаға жіктелген. Санға шақсақ, инженерлік бағытқа – 18 мыңнан астам, педагогикаға – 13 мың, ақпараттық технологиялар және ЖИ – 11 мың грант бөлінген. Бар-жоғы аса байқалмайтын «Серпін» бағдарламасында да 2 мың грант бар. Одан бөлек, батыс өңірлерден келген жастарға 2,5 мың грант, педагогикалық және әлеуметтік ғылымдар саласына сараланған 300 грант, әкімдіктер мен жергілікті бюджеттен бірнеше мың грант, «Қазақстан халқына» қорынан берілетін гранттар да бар.

Жанатбек Жайықұлы, 125 HIGH SCHOOL Семей филиалының директоры, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, профориентолог:

Балына қарап мамандық таңдау – жүйесіздіктің көрсеткіші

– Конкурсқа құжат тапсырғанда ЖОО-ларды, мамандықтарды қалай жазу деген нәрсе шахмат сияқты. Баланың миын ашытып жіберетіні жасырын емес. Жеке мектептер бұған баса мән береді, ал мемлекеттік мектептерде бірі білсе, бірі білмейді. Арнайы орталықтар түлектеріне сапалы профориентолог бөлсе, мемлекеттік мектептерде оны жарты ставкамен басқа пәннің оқытушылары алып жүрген жағдайлар аз емес. Бұл тенденция енді келіп, енді дамып жатқандықтан ата-аналар да түсіне бермейді. Екі ортада ақпараттың аздығынан жақсы балл алған балалар грант ала алмай қалады.

Алдымен елімізде болашақта сапалы мамандар жұмыс істеу үшін әр бала өз бейіміне қарап мамандық таңдауы керек. Қай жаққа қызықса, қандай нәрсеге бейімі болса, соған мән берген дұрыс. Бірақ бізде 50–60 балмен-ақ Алматыға түсуге болады, Астанаға грант алуға болады, тегін оқимын деген мотив басымдыққа ие. Ата-аналар да тегін оқу мүмкіндігіне немесе «өлмейтін мамандықтар» тізіміне жақын. Бір үйге бір дәрігер, бір мұғалім, бір «военный» керек деп оқуға жібергеннің де зардабы бар. Өзі қаламаған баладан мықты маман шығуы екіталай. Дәл солай грантта оқысам болды деген түсінік адамға да, мемлекетке де ұзақмерзімді перспективада тиімсіз.

Енді таңдау пәніне келсек. Өңірлерде әдетте мамандық таңдаған оқушы оған түсу үшін қандай пән комбинациясын таңдау керек екенін білмей жатады. Мысалы, ағылшын және дүниежүзі тарихы комбинациясымен тек алты мамандыққа тапсыра аласың. 120 балл алып, бір мамандықты Алматыға да, Астанаға да, өзіңе жақын қалаға да жазсаң, сен оның біреуіне де түсе алмайсың. Өйткені жалпы грант конкурсы ЖОО-ға емес, мамандыққа қарап беріледі. Бұдан бейхабар бала үлкен қателікке бой алдырады. Одан бөлек, университеттерде, өңірлерде ойнатылатын гранттар бар. Оның ауқымы жалпы гранттан аз, демек бәсеке де азырақ. Балыңа сенімсіз болсаң, немесе жалпы гранттың бәсекесі жоғары болса бірден осындай нұсқаға жүгінуге де болады.

Квоталардың да артықшылығын, өз балыңа қарап сол мамандыққа түсе алу ықтималдылығын бағалап, есептеуге болады. Бірін құжатпен дәлелдеу қажет, оны керек етпейтіндері де бар. Балаға осының бәрі толық түсіндірілсе, өз еңбегіне сай грант алуға мүмкіндік көп.

Мысалы, бір баланы 4 жыл оқыту мемлекет үшін 4–8 млн теңгеге дейін бағалануы мүмкін. Беретін стипендиясы тағы бар. Білімге қаржы құйылып-ақ жатыр. Бірақ оны игерудің мазмұны шынымен керек нәтижелерге жеткізе ала ма деген сауал әрдайым ойда тұруы тиіс. Түлек алған грантын өтеу керек. Ал ол үшін өз мамандығын өзі таңдап, өз еркімен салаға үлес қосуға ұмтылуы қажет.

Жұмыс барысында, аудандарды аралаған кезде бес мыңға жуық 10–11 сынып оқушыларымен жүздестім. Өз еркімен ветеринар, агроном, өсімдік, балық шаруашылығын таңдап жатқан бірде-бір баланы көрмедім. Бәрі балыма қарай дейді де, грант көп жақты таңдайды. Мемлекеттің де, азаматтардың да мұндай «подходы» өзгергені дұрыс шығар.

Шешім керек екені сөзсіз. Алдымен балалардың мамандық таңдауына қатысты жұмыстарды ерте, 8-сыныптан бастаған жөн. Ол үшін 8–11 сыныптармен сауатты, толық жүктемеде жұмыс істейтін профориентологтар қажет. Мемлекеттік мектептер осыған мән бергені абзал. Бұл штаттағы маман есептілік үшін емес, 0,5 жүктемемен айлық алу үшін емес, расымен балалардың мамандық таңдауына көмектесу мақсатында жұмыс істеуі керек. Арнайы сағат берілсе де артық болмайды. Жалпы, баланың саналы таңдау жасауына барлық мүмкіндік жасалуы қажет. Сонда грантпен де, «отработкамен» де, кадр тапшылығы немесе жұмыссыздармен де мәселе азаяды.

Әдеттегідей түрлі категориялар ескеріліп, арнайы квоталар қарастырылды. Оның ішінде мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасынан шыққан балаларға, жетім балалар немесе мүгедектігі бар балаларға, көпбалалы және толық емес отбасынан шыққан балаларға квота беріледі. Ал шекті балл жинай алмағандар немесе бейіндік пәндерін ауыстыратын түлектер тамыздың 10-ы мен 14-і аралығында ақылы түрде қайта ҰБТ тапсырып жатыр.

Грант тізімінен өзін көрген, мемлекет есебінен оқу мүмкіндігіне ие болған түлектер әлеуметтік желілерде түрлі реакция білдіріп жатыр. Олардан бөлек, 100, тіпті 120-дан аса балл алса да, конкурстан өте алмағандар аз емес екен. 60 балмен техникалық мамандықтарға грант алып жатқан түлектер мен 100-ден аса балл жинап, ақылы бөлімге бара жатқандардың арасындағы контраст көпшілікті алаңдатады.

Грант көп бөлінген сала дамып кетпейді

Біз 106 балмен грант ала алмаған Ақерке Тоқтасыновамен сөйлестік:

«Мен қазақ тілі мен әдебиеті пәнін таңдадым. Соңғы ҰБТ-дан 106 балл жинадым. Шыны керек, жыл бойғы еңбегім ақталды ғой деп ойлаған едім. Өзім Зайсанда тұрамын. Өскеменге түсе аламын деген ой болды. Өткен жылғы шекті балды, максимум және минимум балдарды қарағанда да, осы ойымды нақтылай түскен. Бірақ төрт ЖОО-ға жазып тұрып, біреуіне де 106 балмен түсе алмағаным, әрине, көңілімді түсірді. Содан кейін, қатарластарыма қарап, мен де физика-математика таңдап, еңбектенбей, дайындалмай-ақ, 50–60 балмен тегін оқуға түсіп алуым керек еді деп те ойладым».

Ал 114 балл алған Мейіржан Нағимутулла шетелдегі оқудан бас тартып, өз елімдегі грантқа түсе алмай қалдым дейді:

«Мен 2022 жылы Астана қаласына көшіп келдім. ҰБТ-дан 114 балл жинадым, IELTS емтиханынан 6.5 балл алдым. Негізі, бір жыл бойы дайындалған еңбегім толық ақталмады деуге болады. Қаншама тер төгіп, стрестен өтіп, бәрін жеңіп шыққаннан кейін грантқа түспегенімді білгенде көңілім қатты түсті.

Мен тек ҰБТ емес, IELTS емтиханына да дайындалдым. Бұл емтиханмен шетелде грантқа оқуға мүмкіндік болды, бірақ мен одан бас тарттым. Себебі өз елімде оқығым келді. Ал нәтиже осылай... Тағы бір ауыр тигені, сыныптастарымыздың чатында бәрі қайда түскенін жазғанда, бір жыл бойы қыдырып, ҰБТ-дан 55 балл жинаған кейбір қатарластарымның грантқа түскенін көру болды.

Дегенмен бір жыл бойы алған білімім өзімде қалды. Ал мектепте оқымаған бала университетте де оқымайды... Өзімді осылай жұбаттым», – дейді Мейіржан.

Иә, мемлекетке техникалық мамандар қажет екені, сұраныс көп салаларға баса назар аудару қажеттігі ескерілуі тиіс. Алайда мемлекет басымдық беріп отырған мамандықтарды білім сапасы өте төмен оқушылардың алып жатқаны ойландырмай ма? 4 жыл мемлекет есебінен оқып, стипендия алсам болғаны деген түлектердің 50–60 балдық білімі алдағы уақытта кадр сапасын әлсіретіп жібермей ме? Әрі олардың көпшілігі мамандықпен жұмыс істеуден бас тартуы да ғажап емес.

«Мен 2022 жылы 94 балмен грант ұта алмадым. Десек те, басқа мүмкіндіктердің бәрін қарастырып жүріп, әкімдік грантына ие болдым. Оның мемлекеттік гранттан еш айырмашылығы жоқ. «Отработкасы» үш жыл. Қазір төртінші курсқа өттім.

Сол кезде қатарластарымның бірі 52, бірі 56 балмен оқуға түскен еді. Екеуі де техникалық мамандық. Бірақ біреуі бір жылдан соң оқудан шығып қалды, екіншісі стипендиясынан құлаған. Шықпаудың амалын жасап, оқып жүрген көрінеді. Әрине, бір грант иегері нашар үлгеріммен құлап қалса, оның орнына ақылы бөлімдегі жақсы оқитын студенттер ауысып алады. Солай, мықтылар грант негізінде диплом алады деп топшылауға да негіз бар. Бірақ грантты көп бөлген сала дамып кетеді деген нәрсеге де сенім жоқ... Жастар дипломмен жұмыс істемейді деп «отработка» енгізді. Ал ол отработканы педагогикалық, медициналық бағытта ғана диплом бойынша өтеуге міндеттісің, қалған салаларда жай ғана зейнетақы қорына ақша түсіп тұрса болғаны. Дипломыңа да, мамандығыңа да қарамайды. Осының бәрі сұрақ туындатады, әрине», – дейді студент Ұлмекен Нұрханова.

 

Тегтер: