Грекиядағы өртті сөндіру кезінде екі ұшқыш қаза тапты
Грекияның Эубой аралында апатқа ұшыраған Canadair CL-215 өрт сөндіру ұшағының екі ұшқышы қаза тапты.
Бұл туралы Грекияның ұлттық қорғаныс министрлігі хабарлады.
Ұшақ Эубой аралындағы Платанистос ауылы маңында табиғи өртті сөндіру кезінде құлаған. Қайғылы оқиға орнына дереу тікұшақтар жетіп, іздестіру-құтқару операциясы ұйымдастырылды.
«Әскери-әуе күштері офицерлері мен өрт сөндіруші ұшқыштардың қызметтік міндеттерін орындау кезінде және азаматтардың өмірі мен мүлкін, сондай-ақ еліміздің қоршаған ортасын қорғау әрекетінде қаза табуы өте қайғылы», — деді Грекияның ұлттық қорғаныс министрі Никос Дендиас.

Апат салдарынан эскадрилья жетекшісі Кристос Моулас (34 жаста) және екінші ұшқыш, капитан Периклес Стефанидес (27 жаста) қаза тапты.
Грекияның қорғаныс министрлігі басшысының шешімімен ұлттық қарулы күштер ұшқыштардың қазасына байланысты 25 шілдеден бастап үш күндік қаралы күн жариялады.
Айта кетейік, Грекияның Родос аралында тілсіз жау бірнеше күннен бері өршіп тұр. Өрт салдарынан 20 мыңнан аса адам эвакуацияланды.