Гренландия ма, әлде НАТО ма? Трамп «таңдау болуы мүмкін» екенін айтты
Дональд Трамптың айтуынша, оған халықаралық құқық міндетті емес, ал президент ретіндегі өкілеттігін ол «өзінің жеке ақыл-ойы мен ар-ұятымен» ғана шектеуді жөн көреді.
Сонымен қатар Ақ үй басшысы Гренландияны бақылауға алу мен НАТО-ны сақтап қалу арасында таңдау тууы мүмкін екенін де жоққа шығармады.
АҚШ президенті Дональд Трамптың мәлімдеуінше, оның президенттік өкілеттіктерін халықаралық құқық емес, тек «өзінің моральдық ұстанымы» ғана шектейді. Ақ үй басшысы The New York Times газетіне берген сұхбатында:
«Бір ғана шектеу бар. Ол менің өз ар-ұятым. Өз ақыл-санам. Мені тоқтата алатын жалғыз нәрсе – сол. Маған халықаралық құқықтың керегі жоқ. Адамдарға зиян келтіруге ұмтылмаймын», - деді.
Журналистер «Әкімшілігіңіз халықаралық құқықты сақтауы тиіс пе?» деген сұрақ қойған кезде, Трамп «иә» деп жауап берді. Алайда кейінірек мұндай шектеулердің АҚШ-қа қашан қолданылатынын «өзі дербес шешетінін» айтты.
Басылымның атап өтуінше, Дональд Трамп «қайсысы маңыздырақ – АҚШ-тың Гренландияға бақылау орнатуы ма, әлде НАТО-ны сақтап қалу ма?» деген сұраққа тікелей жауап беруден бас тартқан. Дегенмен ол «таңдау болуы мүмкін» екенін мойындаған.
Мақалада Ақ үй басшысының альянс АҚШ негізгі тірек болмаса, іс жүзінде пайдасыз екенін ашық айтқаны келтіріледі.
Сондай-ақ республикашыл саясаткер журналистермен әңгіме барысында АҚШ-тың Каракаста Николас Мадуроны ұстау жөніндегі ықтимал әскери операциясы Қытай үшін Тайваньға қатысты талаптар аясында прецедент болды деген пікірді жоққа шығарды.