Гренландия мәселесінде әскер қолдану – ықтимал нұсқалардың бірі – Ақ үй
АҚШ президенті Дональд Трамп үшін Гренландияны сатып алу мәселесінде қарулы күштерді қолдану да «мүмкін нұсқалардың бірі» болып қала береді. Бұл туралы Ақ үй мәлімдеді.
Ақ үйдің түсіндіруінше, Гренландияны иелену АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі тұрғысынан басым бағыттардың қатарына жатады және Арктика аймағында қарсыластарды тежеу үшін шешуші маңызға ие. Осы мақсатқа жету жолында Трамп пен оның командасы «бірқатар нұсқаларды» талқылап жатыр, ал әскер қолдану «жоғарғы бас қолбасшының иелігіндегі құралдардың бірі» деп көрсетілді.
Еуропаның ескертуі
Бұған дейін бірқатар еуропалық мемлекеттер АҚШ-ты Гренландияны аннексиялаудың салдары болуы мүмкін екенін ашық ескерткен. Ортақ мәлімдемеде Эмманюэль Макрон, Германия канцлері Фридрих Мерц, сондай-ақ Италия, Польша, Испания, Ұлыбритания және Дания басшылары:
«Гренландия – оның халқының меншігі. Дания мен Гренландияға қатысты мәселелерді тек солардың өзі шешуге құқылы», - деп атап өтті.
Арктика қауіпсіздігі
Еуропа көшбасшылары Арктикадағы қауіпсіздік НАТО аясында, АҚШ-ты қоса алғанда, одақтастардың бірлескен күш-жігерімен қамтамасыз етілуі тиіс екенін айтты. Дания премьер-министрі Метте Фредериксен АҚШ тарапынан әскери операция немесе Гренландияны аннексиялау НАТО қауіпсіздік жүйесін, демек Екінші дүниежүзілік соғыстан бері қалыптасқан тұрақтылықты күйретуі мүмкін деп алаңдаушылық білдірді.
Гренландия халқының ұстанымы
Гренландиялық саясаткер Джуно Бертельсен DW-ге берген сұхбатында жергілікті тұрғындардың ұстанымын ашық жеткізді:
«Гренландия халқы америкалық та, дат та болғысы келмейді. Біз Гренландияның тәуелсіздігін және Дания корольдігіне тәуелді қазіргі саяси мәртебеден бас тартуды қалаймыз».
Айта кетейік, наурыз айында Гренландияда АҚШ-қа сатылу ықтималдығына қарсы наразылық акциялары өткен болатын. Бұл мәселе Арктикадағы геосаяси тепе-теңдікке қатысты халықаралық пікірталасты одан әрі күшейтіп отыр.