Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:57

Гренландия мен Дания тұрғындары Трамптың талабына қарсы ереуілге шықты

1
Фото: Martin Sylvest Andersen/Getty Images

Сенбі күні Дания аумағында АҚШ президенті Дональд Трамптың Гренландияға қатысты мәлімдемелері мен талаптарына қарсы жаппай наразылық шерулері өтті.

 Копенгаген қаласында мыңдаған адам Ратуша алаңына жиналып, кейін АҚШ елшілігіне дейін шеру жасады. Наразылар «Гренландия сатылмайды!», «Гренландиядан қолыңды тарт!» деген ұрандар көтерді.

Дәл осындай акциялар Гренландия аумағында да өтті. Үкіметтік емес ұйымдар ұйымдастырған шерулер елдің астанасы Нуук қаласында өтті.

Гренландиялық қауымдастықтарды біріктіретін Inuit ұйымының жетекшісі Камилла Сизинг:

«Біз Дания корольдігі мен Гренландияның өз тағдырын өзі айқындау құқығын құрметтеуді талап етеміз», - деді.

Трамптың мәлімдемелері мен тарифтер қаупі

Дональд Трамп Гренландияны АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызы бар аумақ деп атап, оны «иелену» мүмкіндігін жоққа шығармайтынын бірнеше рет айтқан. Осыған байланысты Еуропадағы бірқатар елдерге кедендік баж салығын енгізу ықтималдығы туралы ақпарат тарады.

АҚШ президенті Дания, Норвегия, Швеция, Франция, Германия, Ұлыбритания, Нидерланд және Финляндия тауарларына 1 ақпаннан бастап 10% баж салығын енгізетінін, ал 1 маусымнан бұл мөлшер 25%-ға дейін өсуі мүмкін екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, АҚШ «Гренландияны толық иелену» жөнінде келісімге келмейінше, бұл баждар күшінде қала береді.

«Біз аннексияны қаламаймыз»

Копенгагендегі шеруге қатысқан даниялық режиссер Шарлотта Сакс Боструп:

«Данияда өмір сүрсек те, біз гренландиялықтармен біргеміз. Америка президентінің басына мұндай ойдың келуі – бәрімізді таңғалдырды әрі ашуландырды», - деді.

Ал гренландиялық саясаткер Эрик Йенсен Reuters агенттігіне:

«Гренландия сатылмайтынын, АҚШ-тың бір бөлігі болуды да, аннексияны да қаламайтынымызды көрсету аса маңызды», - деп мәлімдеді.

Нуукте Гренландия премьер-министрі Йенс-Фредерик Нилсен «Гренландия сатылмайды» және «Болашағымызды өзіміз айқындаймыз» деген плакаттармен АҚШ консулдығына бет алған шерушілерге қосылды.

Жергілікті тұрғын Алан Амструп:

«Біз алаңдаулымыз. Тек өз жерімізде, өз өмірімізді сүргіміз келеді», - деді.

Сауалнамаларға сәйкес, Гренландия тұрғындарының 85%-ы аумақтың АҚШ-қа қосылуына қарсы. Бұл көрсеткіш Нуук пен Копенгагендегі акцияларда көтерілген негізгі талаптармен үндесіп отыр.

Тегтер: