Гренландия премьері тұрғындарды соғысқа дайын болуға шақырды
Гренландия премьер-министрі Йенс-Фредерик Нильсен арал халқы мен билік өкілдерін ықтимал әскери басқыншылыққа дайындалуға шақырды.
Оның айтуынша, мұндай қауіп өте төмен, дегенмен толық жоққа шығаруға болмайды.
"Әскери қақтығыс болуы екіталай, бірақ қауіп мүлде жоқ деуге болмайды, - деді Нильсен сейсенбі күні өткен баспасөз мәслихатында.
Билік тұрғындарды төтенше жағдайға дайындамақ
Премьер-министрдің айтуынша, Гренландия үкіметі жергілікті билік өкілдері қатысатын арнайы жұмыс тобын құрады. Оның мақсаты – тұрғындарды күнделікті өмірде болуы мүмкін төтенше жағдайға дайындау.
Financial Review басылымының мәліметінше, билік халыққа арналған жаңа нұсқаулықтар әзірлеуде. Олардың ішінде үйде кемінде бес күнге жететін азық-түлік қорының болуы жөніндегі ұсыныс бар.
Сол жиында Гренландияның қаржы министрі Муте Боуруп Эгеде де жағдайға пікір білдірді.
"Гренландия қазір үлкен қысым астында тұр. Біз барлық сценарийге дайын болуымыз керек, - деді ол.
Трамптың мәлімдемелері алаңдаушылық туғызды
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде жасанды интеллект арқылы жасалған суретті жариялап, онда Гренландия аумағына АҚШ туын орнатып жатқан бейнеде көрінген.
Гренландия халқы шамамен 57 мың адамды құрайды. Арал Дания Корольдігінің құрамында болғанымен, ішкі басқару мәселелерін өз үкіметі шешеді, ал қорғаныс пен сыртқы саясат Копенгагеннің құзырында.
НАТО және Данияның әскери қимылдары
Қауіпсіздікті күшейту мақсатында Дания және НАТО-ға мүше тағы жеті мемлекет өткен аптада Гренландияға әскерін жіберді. Бұл шара «Арктикалық төзімділік» (Arctic Fortitude) операциясы аясында жүзеге асырылған.
Соңғы күндері Дания билігі аралға қосымша әскер де орналастырды. Жергілікті БАҚ мәліметінше, Данияның Біріккен Арктикалық қолбасшылығы әскери жаттығулардың ауқымын кеңейтіп, оларды жыл бойы өткізу мүмкіндігін қарастырып жатыр.
АҚШ–Еуропа арасындағы тарифтік қысым
Дональд Трамп бұған дейін Гренландияны басып алу мүмкіндігін жоққа шығармайтынын, оны АҚШ ұлттық қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызды аумақ деп санайтынын айтқан.
Өткен аптада Ақ үй басшысы оның жоспарына қарсы шыққан еуропалық елдерге сауда баж салығын енгізетінін мәлімдеді. Оның сөзінше:
-
1 ақпаннан бастап Дания, Норвегия, Швеция, Франция, Германия, Ұлыбритания, Нидерланд және Финляндиядан келетін тауарларға 10% баж салығы салынады;
-
1 маусымнан бастап бұл көрсеткіш 25%-ға дейін өседі.
Трамп бұл шаралар АҚШ Гренландияны «толық әрі түбегейлі иемдену» жөнінде келісімге келгенге дейін сақталатынын ескертті.
Данияның жауабы
Ал Дания премьер-министрі Метте Фредериксен егер АҚШ баж салығын енгізсе, Еуропа тиісті жауап қайтаратынын айтты.