Гренландияны сатып алу: Трамп тұрғындарға 100 мың долларға дейін төлем ұсынуы мүмкін
АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі Гренландия тұрғындарына тікелей төлем жасау мүмкіндігін талқылап жатыр.
Бұл қадам Даниядан бөлініп, АҚШ құрамына қосылуға ынталандыру ретінде қарастырылып отыр. Бұл туралы Reuters агенттігі жазды.
Агенттік мәліметінше, АҚШ әкімшілігінің, соның ішінде Ақ үй өкілдерінің кейбірі әр тұрғынға 10 мыңнан 100 мың долларға дейін біржолғы төлем жасау нұсқасын қарастыруда. Мұндай шара аралдағы шамамен 57 мың тұрғын үшін «Гренландияны сатып алу» сценарийлерінің бірі ретінде қарастырылып отыр.
Бұған дейін АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Конгресс басшыларына Трамптың Гренландияны АҚШ бақылауына алу ниетінде екенін хабарлаған. Ол үшін Ақ үй күш қолдану нұсқасын да жоққа шығармайды. Әкімшіліктің баспасөз хатшысы Каролин Ливитт президент пен оның командасы «саяси мақсатқа жетудің барлық мүмкін нұсқаларын қарастырады», ал АҚШ қарулы күштерін қолдану «әрқашан бас қолбасшының қарамағында» екенін атап өтті.
Reuters агенттігінің дерегінше, тікелей төлем идеясы Гренландия тұрғындары тарапынан тым транзакциялық және қорлайтын шара ретінде қабылдануы мүмкін. Арал ұзақ жылдар бойы Данияға экономикалық тәуелділікті және толық тәуелсіздік алу мүмкіндігін талқылап келеді. 2025 жылғы сауалнамаға сәйкес, гренландиялықтардың 56%-ы тәуелсіздікті қолдайды, алайда 85%-ы Гренландияның АҚШ құрамына қосылуына қарсы.