Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:15

Грета Тунберг пен тағы 170 белсенді Израильден депортацияланды

Грета Тунберг
Фото: Фото: IsraelMFA/Reuters

Израиль билігі Газа секторына теңіз арқылы гуманитарлық жүк жеткізбек болған 171 халықаралық белсендіні елден депортациялады.

Бұл туралы DW және басқа халықаралық БАҚ хабарлады.

«Бостандық флоты» ұсталды

Белсенділер “Бостандық флоты” (Global Sumud) деп аталған теңіз миссиясына қатысқан. Олар Израильдің Газа секторына қойған теңіз блокадасын бұзып, аймаққа гуманитарлық көмек жеткізуді мақсат еткен.

Алайда Израиль әскери-теңіз күштері кемелерді ұстап, қатысушыларды тұтқындаған. Кейін 171 адам елден шығарылып, олардың басым бөлігі Грекияға жіберілген. Бірнеше адам, соның ішінде словак азаматы Петер Швестка, өз еліне – Словакияға қайтарылды.

Грета Тунберг қайта депортацияланды

Белсенділер қатарында швед экологы Грета Тунберг те болды. Бұл – оның Израильден екінші рет депортациялануы. Бірінші рет ол 2025 жылғы маусым айында ұсталып, елден шығарылған болатын. Сол кезде де ол дәл осындай гуманитарлық мақсатта Газаға жетпек болған.

Израильдің ресми ұстанымы

Израильдің Сыртқы істер министрлігі белсенділерді «провокаторлар» деп атады.
Министрлік мәліметінше, ұсталған 40-тан астам кеменің бортынан бар-жоғы 2 тонна ғана гуманитарлық жүк табылған.

«Израиль, Италия, Грекия және Иерусалим патриархиясы көмекті Газаға бейбіт жолмен жеткізу тәсілін ұсынды. Бірақ флоттың мақсаты – гуманитарлық көмек емес, саяси арандату болды», – делінген Израиль билігінің мәлімдемесінде.

Ал белсенділер Израильді адам құқықтарын бұзды деп айыптап отыр. Олардың сөзінше, тұтқында болған кезде су мен тамақтан айырылған, көздері байланған, кейбірін қорлап, ұрып-соққан. Израиль тарапы бұл айыптауларды «толықтай жалған» деп мәлімдеді.