Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:00

Грозныйда AZAL ұшағының құрбандарына арналған мемориал ашылды

AZAL ұшағының құрбандары
Фото: ашық дереккөз

Грозныйда Ақтау маңында бір жыл бұрын апатқа ұшыраған AZAL рейсінің жолаушылары мен экипаж мүшелеріне арналған мемориал ашылды.

Мемориал Гейдар Әлиев атындағы саябаққа орнатылып, шараға Шешенстан билігінің өкілдері мен қаза тапқандардың туыстары мен жақындары қатысты. Ескерткіш тақтада: «Апатта қаза тапқандарға мәңгілік естелік. Сіздердің есімдеріңіз біздің жүрегімізде мәңгі қалады» деген жазу қашалған.

AZAL-дың Embraer E190 ұшағы 2024 жылдың 25 желтоқсанында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатып, Қазақстанның Ақтау қаласы маңында апатқа ұшыраған болатын. Ұшақ сол күні Каспий теңізі арқылы ұшып өткен. Ресми мәліметке сәйкес, апат салдарынан 38 адам қаза тауып, 29 жолаушы аман қалған.

Әзербайжан тарапы бейресми түрде ұшақты Ресейдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі қателікпен атып түсірді деп санайды.  Ұшақ апатына байланысты Баку мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынаста елеулі салқындық пайда болды. Оқиға екі ел арасындағы дипломатиялық шиеленісті күшейтті.

Шілдеде Әзербайжандық Minval Politika басылымы 2024 жылдың желтоқсанында Қазақстанда апатқа ұшыраған AZAL әуе компаниясының ұшағына зениттік зымыран атылған сәтте кезекшілікте болған ресейлік әскерилердің аты-жөндерін жариялады.

Minval келтірген дерекке сәйкес, шабуыл жасалған сәтте 51-дивизия ПВО-ның аға штурманы капитан Дмитрий Пудовкин, Оңтүстік әскери округі штабының кезекші офицері подполковник Владимир Яновский және 4-гвардиялық әуе-қорғаныс армиясының кезекші командалық пунктінің полковнигі Геннадий Еременко кезекшілікте болған.

Ресейлік Astra Telegram-арнасы дерекқорларға сілтеме жасап, аталған үш офицердің әскери қызметпен байланысы барын растады.

Зымыран ату бұйрығын генерал Толопило берген

Minval-дың 22 шілдеде жариялаған тергеу дерегіне қарағанда, әуедегі нысанға шабуыл жасау туралы тікелей бұйрықты 51-дивизия ПВО командирі, генерал-майор Александр Толопило берген. Бұл туралы подполковник Николай Орлянский ішкі тергеу кезінде айтып, Толопилоның бұйрығын капитан Пудовкинге жеткізгенін мәлімдеген.

19 шілдеде Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Баку Мәскеуге қарсы халықаралық сотқа шағым түсіруге дайындалып жатқанын мәлімдеді. Оның сөзінше, жеті ай өтсе де, Ресей тарапы апатқа қатысты бірде-бір тұшымды жауап берген жоқ.

Ресей ресми қорытындыларды күтпек

РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков тергеу жұмыстары жалғасып жатқанын айтып, Ресей халықаралық сотқа жүгіну — Әзербайжанның құқығы екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, екі ел арасындағы қатынас күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр, бірақ Кремль бұл дағдарыстың уақытша екенін үміт етеді.

Кейіннен Душанбеде Путин мен Әлиев кездесіп, Ресей президенті кешірім сұрады.