Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 14:12

Грузия парламенті «Шетелдік агенттер» туралы екінші заңды мақұлдады

1
Фото: IMAGO/ITAR-TASS

Грузия парламенті 1938 жылғы АҚШ-тың шетелдік агенттер туралы заңының аудармасы саналатын заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады. Сонымен бірге оппозиция репрессивті деп санайтын нормалардың тұтас тізбегі қабылданды.

Құрамына биліктегі «Грузия арманы»партиясының парламент мүшелері ғана кіретін Грузия парламенті 1938 жылғы АҚШ-тың «Шетелдік агенттерді тіркеу туралы» заңының аудармасы саналатын заң жобасын мақұлдады. Бұл туралы грузиялық Tabula порталы хабарлады.

Басылымның жазуынша, заң жобасы бірінші оқылымда қабылданған. Билік партиясының 84 депутаты қолдап дауыс берген. Оған ешкім қарсылық білдірген жоқ. Оппозиция қазандағы сайлауды бұрмалады деп есептеп, парламент жұмысына бойкот жариялаған.

Жеке тұлғалар «шетелдік агенттер» ретінде де танылуы мүмкін

«Грузин арманы» партиясының депутаты және парламенттің заң комитетінің басшысы Арчил Гордуладзе Грузияның шетелдік агенттерді тіркеу туралы жаңа заңы «Америка заңының  аудармасы» деп мәлімдеді. Ол Грузияда «Шетелдік ықпалдың ашықтығы туралы» заң 2024 жылдың жазында күшіне енгенін еске салды. Бұқаралық ақпарат құралдары мұны «шетел агенті туралы заң» деп те атады. Заң жаппай наразылықтарға қарамастан мақұлданды.

Жаңа заңның ерекшелігі қарапайым азаматтарға да әсер етуі мүмкін. 

Tbilisi life Telegram арнасы «шетел агенттері» туралы бірінші заң қабылданғаннан кейін үкіметтік емес ұйымдардың көпшілігі мемлекеттік тізімге тіркелуден бас тартқанын жазды.

«Қазір олар тіркеуден бас тартқан жағдайда қылмыстық жауапкершілікті қарастыратын FARA негізіндегі жаңа заң енгізіп жатыр», - деп жазады портал.

Жаңа репрессиялық заңдар

 4 наурызда Грузия парламенті бірінші оқылымда оппозиция репрессивті деп атайтын басқа да бірқатар шешімдерді қабылдады. Грузия Бірінші арнасының хабарлауынша, үкіметтік шешімдер қабылдауға үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық ұйымдардың қатысуы бұдан былай міндетті болмайды. Қолданыстағы заңдарға енгізілген өзге де түзетулер БАҚ-тардың шетелден қаржы алуына шектеу қоюды қарастырады.

Басқа заң «гендерлік теңдік туралы» заңнан «гендер» терминін алып тастайды. Оппозициялық TV Pirveli телеарнасының хабарлауынша, тағы бір ереже судьялардың, прокурорлардың және барлық мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін арттыру үшін шетелге шығуына тыйым салуы мүмкін.

Тегтер: