Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:40, 04 Шілде 2024

Гүл өсіріп, баптаудың өз мәдениеті бар

Гүл өсіру

Талдықорған қаласының тұрғындары қазір көпқабатты үйлердің аулаларын абаттандыруға басты назар аудара бастаған. Облыс орталығының тұрғындары жыл сайын сантүрлі гүлдер өсіруде. Мысалы, Самал шағын ауданының тұрғыны Жұлдыз Әділбекова өсімдіктердің 60-тан астам түрін өсіреді екен. Ол биыл екінші жыл қатарынан қала әкімдігі ұйымдастырып отырған «Үлгілі аула» байқауында бақ сынамақ. Біз гүлдің ерекше түрлерін өсіретін облыс тұрғынымен тілдестік.

– Жұлдыз ханым, гүл өсірумен айналысып жүргеніңізге қанша жыл болды?! 

– Он бір жылдан астам уақыт гүл өсіруімен айналысамын. Медицина саласында жұмыс істедім. Кейіннен тұрмысқа шықтым. Ерекше баланы дүниеге әкелдім. Былтырдан бері облыс әкімдігі ұйымдастыратын «Үлгілі аула» байқауына қатыса бастадым. Биыл да қатыспақпын. Өзім гүлдің 60-қа жуық түрін өсіремін. Гүлдерімнің арасында сирек кездесетін тас раушан гүлі бар. Арнайы қаладағы гүлзарларға барып, оларды абаттандырып жатқан кәсіби мамандармен тілдесемін. Қай гүлді қалай егу керектігін сұрастырамын. Тәжірибе алмасамын. Қандай гүлді қай кезеңде егу керектігін жақсы білемін. Мысалы, бөртегүлді ерте көктемде егу керек. Осының барлығын әбден зерттеп алып барып, жұмысқа кірісемін. Ауламызға гүл егіп қоятыным көршілеріме де ұнайды. Олар да суаруға, оны күтіп-баптауға көмектесіп, кешкісін барлығымыз бірігіп, әңгіме-дүкен құрамыз.

«Үлгілі аула» байқауынан не түйдіңіз? Мұндай байқаудың халыққа пайдасы бар ма?!

– Әрине, бар. Мұндай байқаулар бізге ұжымдасып, топтасып жұмыс істеуді үйретті. Ауламызды жарқыратып таза ұстауға, экологиялық жағынан өсуге, мәдениетті жетілдіруге, өзімізді өсіруге ықпал етті. Бұл байқау біз тәрізді көпқабатты үйлерде тұратын тұрғындарға қажет. Себебі қазіргі қарбалас тірлікте адам адамның хәлін білуге асықпайтын заман болды. Жұмыс пен үйдің арасына ғана жол салып, қым-қуыт тірлікке басымызбен кіріп кеттік. Қазір қала әкімдігі ұйымдастырып отырған осындай байқаулардың арқасында бір-бірімізді жақын тани бастадық. Басқа да гүл өсіретіндермен араласа бастадық. Аулаларымыз таза әрі жинақы бола бастады. Жалпы, тұрғындар ауланы ғана емес, кіреберісті таза ұстауға машықтанды. Өзін-өзі тәрбиелеп, ауланы көгалдандыруға, талдар егуге, гүлзарлар жасауға талпынып жатқандар өте көп. Сондықтан мұндай шаралардың жұртшылыққа пайдасы бар деп ойлаймын.

– Облыс бойынша бұдан бөлек қандай байқаулар ұйымдастырылып жатыр?!

«Мерейлі отбасы» байқауына қатысқым келеді. Негізінде, мұндай отбасына, ауладағы тұрғындарды бір-бірімен ұйыстыруға арналған байқаулар заман қажеттілігі дер едім. Жуырда танысымыз «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы атанды. Мұндай байқаулар қазіргі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, отбасылық ұрыс-керістің алдын алу үшін де керек деген ойдамын.

Жалпы, отбасылық құндылықтарды насихаттауда, балалардың, жасөспірімдердің еңбекке деген қабілеттілігін арттыруда мұндай шаралар болу керек. Қазір қаланың балалары түгілі ауылдың баласы да гаджет, планшет, ұялы телефонға телмірген заман. Бұрын біздерді күнделікті үйдің шаруасына жұмсап, міндеттеп қоятын. Әрқайсымыздың күнделікті тұрақты атқаратын шаруамыз болатын. Ал қазіргі балаларды ғаламтор тәрбиелеп жатыр. Осыны ескерген біз, баламыз еңбекке қабілетті болуы үшін ауланы абаттандыру кезінде қасымызға қоса алып жүреміз. Гүл егетін кезде де топырақпен ойнатып қоямын. Мұндай іс-қимылдар негізінде баланың сенсорикасын, моторикасын дамытып, сөйлеу қабілеті мен жүру дағдысын арттырады. Сондықтан облыс әкімдігі ұйымдастырып отырған «Үлгілі аула», «Мерейлі отбасы» және түрлі ұлттық ойындар шараларынан қалмаймыз. Арнайы барамыз. Мұның барлығы балалардың дамуына мұрындық болатын ғибратты дүниелер. Бала еңбекке қабілетті болуы үшін де осындай шаралар керек. Отбасын ұйыстырып, топтасып, ұжымдасып жұмыс істеу үшін де бұл шаралар қажет. Жалпы, идеологиялық тұрғыда өсу үшін де түрлі байқаулар мен жарыстар керек. Бұл адамды шыңдайды. Бір қадам алға жылжуға мотивация береді. Сондықтан әкімдіктің мұндай шаралары ұзағынан болсын дейміз.

Әнуар Қайырбек 

Жетісу облысы