Гүлмира ИЛЕУОВА, әлеуметтанушы: Қазақтың ұлттық идеологиясы – рушылдық!

«Стратегия» әлеуметтік саяси зерттеу орталығының президенті Гүлмира Илеуовамен сұхбатта ұлттық идеология, БАҚ пен оның қазіргі өнімдері және оқырмандардың сұранысы, заманауи қазақ қоғамы, билік пен халықтың арақатынасы, т.
б. туралы сөз болады.
— Гүлмира, сіз журналистер үшін ашықсыз. БАҚ-пен тығыз байланыстасыз. Қазір дәстүрлі БАҚ-тың дәуірі өтіп барады деген пікірлерді естіп қаламыз. Бұның себебі не деп ойлайсыз?
Журналистен гөрі көрермен ақпаратты жедел таратады
— Бұл пікірмен келісуге болады. Біз 2000 жылдардың басында арнайы сауалнама жүргізгенбіз. Сол кезде интернетті пайдаланатындар шамамен 4 пайыз болатын. Респонденттерімізге екі жыл сайын «ақпаратты қайдан аласыздар» деген сұрақ қоямыз. Ақпаратты интернеттен аламыз дейтіндердің саны геометриялық прогреспен өсіп жатыр. Газет оқитындар мен радио тыңдаушылары азаюда. Радио 3 пайызға түсіп кеткен, қазір 5,7 пайызға кеп тұрақтады. Соңғы жылдары радиоға сұраныс қайта пайда бола бастады. Мен оны түрлі подкастардың шығуымен байланыстырамын. Кейбір аймақтарда «Қазақ» радиосы мен «Шалқар» радиосынан басқа желілер ұстамайды. Радионың тыңдаушылары төмен түскенімен, бар аудиториясын жоғалтпай, тұрақты түрде ұстап тұр. Автокөлікте үнемі радио қосылып тұратынын да ескеру керек. Телеарналардың көрермендері де күрт төмендеп кеткен еді. Бірақ бәрібір жағдайы газет пен журналдардай қиын емес. 2004 жылдың өзінде шамамен халықтың 25 пайызы журнал оқитын.
«Время» сынды басылымдар соңына дейін күресті. Газеттердің бағасы өсіп, олардың көшірмесін (ксерокс) жасап алу арзан болған уақыттар болды. Содан кейін газеттер сататын орындардың жабылуы да кері әсер етті. Газет-журналдарды тарату жолға қойылмады. Басылымдарды таратумен айналысатын адамдар айлықтың аздығына талай рет шағымданды. Міне, осындай факторлар бар. Дәстүрлі БАҚ оперативті емес, әсіресе мемлекеттік газеттер тым біржақты. 2012 жылдан бастап сайттар қарқын алды. Бірақ қазір интернет-басылымдар оқитындар азайып, әлеуметтік желілер алға шықты.
Телеарналардың күні бітіп барады деген де сөздер болған. Бірақ қанша дегенмен демократиялық үрдістер қолға алынып жатыр. Телеарналардағы жаңалықтар қызметінде өзгеріс бар. Алайда жедел ақпарат тарататын корреспонденттер желісі қалыптаспаған. Мысалы, Қаңтар оқиғасы кезінде бір сюжетті күні бойы айналдырып көрсетіп отырды. Шеру бейне бір Абай, Әуезов көшелерінде ғана өткен сияқты. Ешбір тілші сонда Сайын көшесіне бармаған. Мен бұл жайды телеарна басшыларына айтсам, олар бізде техника, журналистер жоқ дейді. Барлық елде қандай да бір үлкен оқиға болғанда бірінші ақпаратты телетілшілер таратпай ма? Ал бізде тіпті блогерлер де емес, қарапайым адамдар смартфондарына түсіріп, ақпарат таратады. Үлкен телеарналардың ақпарат қызметі жедел жұмыс жасауы тиіс қой. Ал олар шабан қимылдап, ішкі цензураларымен біржақты ақпарат ұсынады. Арасында фейк ақпарат болғанымен, әлеуметтік желілер мемлекеттік телеарналарға қарағанда объективті, әрі жедел ақпарат таратады. Осындай себептермен олар өз аудиториясын жоғалтып алды. Қанша дегенмен әлеуметтік желі – қоқыс жәшігі. Олар жердегі ақпараттың рас-өтірігін анықтау керек. Телеарналарда бәрібір нақтылық бар. Оқиға қай қалада өтіп жатыр? Геотитр тұр. Зейнетақы, жол, салық, т.б керек мәселелерге қатысты сұхбат беріп отырған адамның аты-жөні, қызметі жазылады. Сондықтан қаншама кемшілігі бола тұра телеарналар көрерменсіз қалмайды. Егер ақпарат жедел, әрі қос тарапқа мінбер қатар беріліп, түрлі пікірдегі сарапшылар шығып тұрса, телеарналардың күні сөнбейді. Бұрын әр үйде екі теледидар болған. Халықтың 89,9 пайызы үнемі теледидар көретін. Енді әрине ондай көрсеткіш болмайды. Ауылды жерлерде пультқа кім ие? Әрине, үлкендер. Үлкендердің көретіні – түрік, корей, үнді сериалдары мен түрлі шоулар. Осы контенттерді үлкендермен бірге отырып балалар да көреді. Балалармен бірге үлкендер мультфильм көре ме? Жоқ. Телеарна көрермендері осындай буын сабақтастығын сақтап тұр.
Біз сауалнама жүргізгенде көпшілік оқу-білім және ғылыми-танымдық бағдарламалар жетпейтінін айтады. Қоршаған орта жайлы түрлі жобаларға сұраныс бар. Деректі фильмдерді көруге ықыласты көрермен де аз емес. Әсіресе тарихи дүниелерге. Бірақ біз деректі фильмдерде тарихымыздың трагедияға толы парақтарын ғана көрсетеміз. Бұндай негативті контент көрерменді пессимист етіп жібермей ме? Біздің ата-бабамыз аутсайдер болған екен ғой деген ой келеді ғой. Жылап-сықтауға адам көп қарай алмайды. Жалпы адамдар оптимист келеді. Христиан дінінде «Сарыуайымға салыну – ауыр күнәлардың бірі» («Уныние один из смертельных грехов») деген сөз бар. Өскелең ұрпақ «Е-е, біздің бабаларымыз азапты өмір кешкен екен. Біз де қайғы арқалап өтеміз» дей ме? Біздің тарихымызда да жеңістер бар. Бізден де тарихы ауыр елдер бар. Тұтас жерінен айырылып қалып, мемлекеттігін жоғалтып алған ұлттар қаншама?! Моңғолдар кезінде қандай алып империя еді. Шыңғыс хан әскері де жеңіліс тапты. Алып территорияны ұстап тұра алмады. Бірақ олар мұңға батып отырған жоқ. Әлі де өр! Өмір тек қасіреттен тұрмайды. Қандай ауыр кезеңдер болса да ата-бабаларымыз отбасын құрды, бала өсірді, ғашық болды. Өмірдің сәулелі сәттері де болады ғой.
Маған идеология деген сөз ұнамайды
— Ұлттық идеология дегенді көп айтамыз. Сіздіңше ұлттық идеология деген не?
— Совет кезінде ғылыми коммунизм деген пән болатын. Мен жоғары оқу орнында идеологиялық факультетте оқыдым. Бірақ маған осы идеология деген сөз ұнамайды. Өйткені идеология дегеніміз – қатып қалған дүние ғой. Cізді бір шеңберден шығармайды. Совет үкіметі құлағанда адамдар неге қуанды? Өйткені Тәуелсіз Қазақстан коммунистік идеологиядан бас тартты. Енді басқа бір шеңберге өзімізді тыққымыз келеді. Біз өзіміздің басты құндылықтарымызды анықтауымыз керек. Құндылықтар әлемге кең қарауға мүмкіндік береді.
Жуырда «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген депутат уикипедияға өзінің руын жазып қойыпты. Арғынмын деп. Тіпті оның қай табына жататынын да жазған. Осыдан 10-12 жыл бұрын әлеуметтік сауалнама жүргізгенде қазақтар өзінің руын, шыққан тегін айтуға ұялатын. Жаңағы депутат сонымен не айтқысы келіп тұр. Арғын тіпті қаракесек екенін айту оған аздық етіп отыр. Одан төменгі, өзіне жақын аталастарының атын айтып, менің маңайыма жиналыңдар дегені ғой. Бұдан қорытынды жасасақ, қазақтың ұлттық идеологиясы – рулық жүйе болу керек. Біздің басты ерекшелігіміз – осы. Жоқ, қазақтай қонақжай халық жоқ дер біреу. Келіспеймін. Өзбек те, қырғыз да қонақжай. Толеранттымыз дерсіз. Бәрі толерантты. Маған сеніңіз. Талай елді араладым. Көзіммен көрдім. Біз ғана жүздік, рулық шежіреге жабысып отырған.
Бұл қалай болды? Соңғы отыз жылды қарайықшы. Билік тек ұлы жүзде болу керек деген әңгіме болды. Сосын тек шапыраштының қолында тұруы тиіс деген сөз айтылды. Бұның бәрі, әрине, жоғарыдан басталды. 2000 жылдардың басында әлеуметтанушылар «сіз кімсіз?» деген сауалнама жүргізгенде респонденттердің бес пайызы ғана өз руын айтатын. Мұсылманмын дейтіндер көп еді. Біз бұл сауалды жыл сайын қоямыз. Қазір бірінші өз руын айтатындар 40 пайызға жетті. Қазақтың ұлттық идеясы – руы! Әсіресе еркектер руын мақтан етеді. «Совет кезінде бізге тыйым салатын, қазір біз өз түп тамырымызға оралып жатырмыз» дейді.
Рулық құрылым дегеніміз не? Ол алғашқы қауымдық қоғамда болды. Адамдар арасында теңдік болмаған. Олардың арасында ру басшысы болды. Ол бай адам. Қалғандары соның қарамағында. Біз феодализмді бастан өткердік. Советтік кезең де артта қалды. Қазір капиталистік қоғамдамыз дейміз. Бірақ батырлар тарихы бізді ментальды түрде рулық құрылымға алып келді. Қазақтар көбіне әділетсіздікке шағымданады ғой. Енді олар рулық қауымдасып, өмір сүргенде жалпы теңдік болды деген мифті туғызады. Осы тақырыпта жастармен көп пікірлесем. Сосын сұраймын «жақсы, арғын оның ішінде қаракесек, оның ішінде тағы саған жақын руласыңмен таныстың. Сонда не болады» деп. «О-о, о, брат» деп жылы амандасамын дейді. «Ортақ жақын туыстарың, ортақ қызығушылықтарың жоқ. Не жайлы сөйлесесіңдер» деймін. «Бұның соңы сол туысқаның сенен қарызға ақша сұрайды. Қалада өмір сүріп жүрген сен артық ақшаңның жоғын айтасың. Әңгіме осымен аяқталады» деймін. Руласыңның сенің қалай қиналып, ақша тауып жүргеніңде шаруасы да жоқ.
Біз ұзақ жылдар тәуелсіздікті аңсадық. Азаттық алдық. Енді артымызға қарадық. Көз алдымызға киіз үй, атқа мінген дулығалы батырлар келді. Осы образ рулық бөлінуді алып келді. Рулық сана сондай өміршең екен. Қайта бой көтерді. Бұл әуел баста жаман ниеттен шыққан жоқ. Идеологиялық тұрғыда керек тұсы да бар шығар. Рулық құрылым теңдікті алып келеді. Байлықты тең бөліске салады деген ұғым туды. Маңғыстауда бұл жайтты анық көруге болады. «Біз Адаймыз! Бұл біздің өлке. Бізге беріңдер» дейді. Бұл қауіпті тенденция. Біз бірақ елемейміз. Рулық құрылым бүгінгі қазақ үшін аса қажет болса, ашық талқылайық, айтайық. Бұл тақырыптан қашқан сайын рудың әңгімесі үдеп жатыр. ХХІ ғасырда бұл дұрыс па? Мен сынап тұрғам жоқ. Мен бұл сауалдың жауабын білмеймін. Сұрасам ешкім түсіндіріп бере алмайды. Жеті атаға дейін қан араласпас үшін руды білу керек деген аргумент өте әлсіз.
Iphone-14 және батыр бабалар
— Заманауи қазақ қандай болуы керек? Тек қазақ тілінде ғана сөйлеуі керек пе? Білімді болу керек. Білім деген дипломдардың саудасы. Дипломы бар, білімі нөл. Сіз қалай ойлайсыз? Оның қандай белгілері болуы керек? Ксенафоб? Қытай келмесін, орыс келмесін. Тек өзіміз қазақтар өмір сүрейік деген әңгіме ме? Жарайды, оны патриот деп айтайық. Айта аласыз ба, көрдіңіз бе, қиналасыз. Сіз кімсіз деп сұраңызшы замандасыңыздан. «Мен түгенбай деген рудың түгенбай деген табынамын. Бәленбай деген атам батыр болған. Пәлен деген ауылды қорғаған» дейді. Бірақ ондай ауыл жоқ. Біздің ата-бабамыз көшіп-қонып жүрген. Міне, біздің идеология. Жоғарыда отырғандар бізге «Рухани жаңғыру», «Мәңгілік ел» туралы айтады. Төмендегі халыққа ол өтпейді. Төмендегі елге үй, жақсы автокөлік керек. Және қолдарына Iphone-14 ұстап алып, руға бөлініп алғылары келеді. Мына сұхбатты оқыған менің оппоненттерім қазақтың рухы туралы айтатынын білемін. Рух деген не? Бұған да жауап ала алмаймын.
Иә, ұлттық идеология жайлы көп айтылады. Содан кейін ұлттық құндылықтар жайлы айта бастайды. Мен адам баласына ортақ құндылықтарды білемін. Өтірік айтпа, нақақ қан төкпе дегендей. Ол құндылықтар өзгермейді.
Халықтың жиырма пайызының киім алуға ақшасы жоқ
— Жақында Ұлттық статистика бюросы Қазақстан халқының саны 19 808 430 адамға жеткенін хабарлады. Қазақтар 70,6 пайызға жетіпті. Бірақ қоғамда қазақ тілді, орыс тілді деген бөлінушілік бар. Осы екі топтың тілден өзге қандай айырмашылықтары бар?
— Иә, қоғамда орыс тілді, қазақ тілді қазақтар дейтін бөлінушілік бар. Бірақ оны талқылау мағынасыз деп білемін. Бұны жоғарыдан бізге теліген. Ең басты проблема қоғамдағы теңсіздік. Байлар мен кедейлер арасы жер мен көктей. Әсіресе қазақтар арасында қатты байқалады. Олар қазақ тілді ме, орыс тілді ме, ол жағы маңызды емес. Біздің елдегі этностар арасында ондай айырма жоқ. Өзбектерде де, ұйғырларда да. Міне, олардың қауымдасып өмір сүруінде ізгі нәрселер бар. Олар бай мен кедей арасындағы алшақтыққа жол бермейді. Бір-бірін демеп отырады. Бізде олай емес қой. Қала мен ауыл халқының өмір сүру деңгейі де әртүрлі. Ауыл халқының тұрмысы ауыр. Қазір қазақ саны өсіп жатыр. Тоқсан пайызға жеткенде маған біреу орыс тілді, қазақ тілді қазақтар туралы айтса бетіне қарап тұрып күлемін. Түрлі екі тілде сөйлейтін қазақтардың не айырмашылығы бар дейсіз. Бірдей емханадан ем алады, бір мектепте оқиды. Біз, керісінше, аз еңбекақының көтерілуін талап етейік. Оларды кәсіби деңгейіне қарай бағалайық. Олардың арасындағы айырмашылықты «Қазақ әдебиеті» сияқты газетте гуманитарлық саладағы интеллигенция айтатын шығар, ал әлеуметтануда айырмашылық жоқ. Біздің елде халықтың бес пайызы тамаққа ақша таппай отыр. Бұл үлкен көрсеткіш. Ал жиырма пайыз халықтың киім алуға шамасы жоқ. Ал осы жұртты қазақ тілді мен орыс тілдіге бөліңізші. Ол сізге не береді?
— Әлеуметтанушылар елдегі шынайы саяси-әлеуметтік жағдайды билікке қаншалықты жеткізіп отыр?
— Нарықта жұмыс істеп жатқан әріптестеріміз елдің жай-күйін билікке жеткізіп жатыр. Үкіметпен бірлесіп жұмыс істейтін әлеуметтанушылар мүмкін зерттеу қорытындыларын өзгертіп беретін шығар. Сіз бәлкім, «жабық социология» туралы айтып тұрсыз. Алайда ашық жұмыс істеп жатқан әлеуметтанушылар да бар. Біз де жылына бір-екі тапсырысты мемлекеттен аламыз. Кәсіби тұрғыда оны орындап, өткіземіз. Ары қарайғы шаруа солардың қолында. Кейбір мемлекеттік органдарда әлеуметтік зерттеуді түсінбейтіндер бар. Бұл үлкен мәселе. Кейде мен әкімшілік қызметкерлерге арнайы дәріс оқимын. Келесі жылы әлеуметтанудан хабардар болып қалған адамдар жұмыстан шығып кетеді. Яғни әлеуметтанушылардың жұмысын түсініп, қорытынды жасау да маңызды. Біздің зерттеулерімізді парақтап отырып, «көп екен» деп оқымайтындар да бар. Ал кейбір тапсырыс берушілер бір бума сауалнамаларды қарап отырып ұсыныс жазып беруімізді сұрайды.
Назарбаев және кішкентай Назарбаевтар
— Біз саяси элита деген сөзді жиі қолданамыз. Қателеспесем, сіз 2001 жылы шыққан «Орта Азиядағы саяси элита» кітабының авторларының бірісіз. Элита сөзінің мағынасы үздік, таңдаулы. Авторитарлық елдің басшыларын саяси элита деуге бола ма?
— Саяси элита дегеніміз – мемлекетті басқарушылар. Кез келген қоғам саяси элитасыз болмайды. Мен, Қазақстанның саяси элитасы туралы кандидаттық диссертация жазғанмын. Құрылымдық-функционалдық тәсіл қолдандық. Саяси элитаны сынаңыз, мінеңіз. Бірақ бәрібір солар саяси маңызды шешімдерді қабылдап, мемлекеттің дамуына әсер етіп отыр. Мен олармен кездесемін, сөйлесемін. Өзіміз сияқты адамдар. Мемлекеттік тілді, орыс тілін, ағылшын тілін де біледі. Істі білетін оқыған адамдар. Алайда кейбір шешімдеріне қарағанда елдің жауы сынды көрінеді.
Спорт пен өнерді алайықшы. Ол жерде өз ісінің шебері, яғни лайықты адамдар іріктеледі. Оның өзінде жүз пайыз аса қабілетті адамдар ғана іріктелді деп айта алмайсыз. Спортшы допинг қолданады. Әнші фонограммамен ән салады. Мен сізге бір мысал айтайын. Бірде менің кішкентай қызым ән байқауына қатысты. Майра Ілиясова қазылық жасады. Сонда кішкентай үміткерлер өзара әңгімесінде екінші орын алсақ қой деп отыр. Олар бірінші орынның алдын ала сатылып қойғанын біледі. Соншалықты жиіркенішті. Қалай десек те меритократия спортта, музыкада, әдебиетте белгілі дәрежеде бар. Ал мемлекет басқаруда болмайды. Билікте сұмдар да болады. Ресейлік оппозиционер Навальныйдың «алаяқтар мен ұрылар партиясы» деген сөзі еске түседі. Бұл тек авторитарлық елдерге ғана тән емес. Мысалы, Францияда президент Макронды ешкім мемлекет басшысы ретінде қабылдамайды. Харизмасы жоқ. Бір топтың қойған адамы. Францияда сайлаушылар белсенділігі түсіп кеткен. Қоғамда бөлінушілік бар. Демократиялық елдерде де саяси элитаны тым сапалы деуге келмейді. Оларда қандай билік келсе де тұрақтылықты жоймайтын механизм бар. Ең қорқыныштысы – президенттің қандай болса да саяси элитасының болмауы. Өйткені халықпен жұмыс істейтін топ – солар.
Диктаторлық режим салтанат құрып, президент құдайға айналғанда оның әрбір уәдесі орындалуы тиіс. Орындалмаған жағдайда «Қаңтар» болады. Назарбаевтың қателігі – сол. Оның саяси элитасы кішкентай назарбаевтар ұжымына айналып кетті. Бұқараның сөзіне құлақ аспай кетті. Саяси элита өте-мөте қажет. Қарапайым халықтың сөзін жоғарғыға жеткізу үшін. Саяси элитаның қалыптасуына қоғам да мүдделі болу керек. Олардың өсіп-өнуіне араласуымыз керек. Олар бөтен елдің азаматтары емес қой. Біреуіміздің досымыз, енді біреуміздің туысқанымыз, көршіміз дегендей.
Сайлауға бармайтын жастар алаңға шығады
— Елдегі қоғамдық-саяси өмірден тыс қалмайсыз. ҚР президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде мүше болдыңыз. «Жаңа Қазақстан» жайлы не айтасыз? Бұл термин сізге ұнай ма?
— Біз осы уақытқа дейін қаншама доктрина қабылдадық. Қаншама концепция жазылды. Бұның бәрі алыпсатарлықпен жасалмау керек. Ғылыми әдіс қажет. Кез келген жаңа терминді айтпас бұрын оның мазмұнына үлкен мән берілуі тиіс. Иә, мен түсінемін, қазір транзитті кезең. Бәрін тез жасау керек. «Жаңа Қазақстан» деген сөз айтылғанда мен де «бұл не» деген сұрақ қоямын. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мен Ұлттық құрылтай мүшесі бола тұра. Реформалар жасалып жатыр. Саяси өзгерістер бар. Бірақ саясатқа көпшілік қызықпағандықтан, ол байқалмайды. Жаңа терминді лақтыра салмай, жұртшылыққа кеңінен түсіндіру керек еді. Саяси элита мен халық арасы тым алшақ. Оларды жақындастыру керек қой. Сол үшін қаншама реформалар жасалды. Бұл туралы Ұлттық кеңесте қаншама пікірталас болды. Бәрі жүйелі түрде, рет-ретімен жасалуы тиіс.
Халықтың әлеуметтік сұранысы түсінікті. Неге мен көршім сияқты үш бөлмелі пәтерде тұрмаймын деуі заңды. «Жаңа Қазақстан» дейді, бірақ біздің еңбекақымыз өспеді» дейді қарапайым халық. Мен оларды түсінемін. Бірақ бәрін бір сәтте үлгеру мүмкін емес. Әлеуметтік жағдай саяси реформаларсыз түзелмейді. Бірақ оған уақыт керек. Осы жағы түсіндірілмейді. Бір газет пен бір телеарнаға сұхбат берсең, бәрі түсініп алады деп ойласа керек. «Жаңа Қазақстан» құруға барлық адам атсалысуы тиіс. Біздің зерттеулер жастардың сайлауға мүлдем бармайтынын көрсетіп отыр. Сайлауда дауыс беруге жастарда мүлдем құлық жоқ. Мәдениетті қалыптастыру қажет. Саясаттағы монополия жайылып жатыр. Партияларды тіркеу жеңілдеді.
– Тіркеуден өтпей жатқан партиялар да бар ғой.
— Иә, сондықтан бір орында тұрып қалмау керек. Айту керек. Күресу керек. Әрине, революциялық жолмен емес. Дискуссия кезінде дәлел, дәйегімізбен. Партияларды тіркеуді жеңілдетумен жұмыс тоқтап қалмайды. Сайлаудың әділ өтуі қамтамасыз етілуі тиіс. Егер сайлау әділ өтпесе, дауыс беруге ынтасыз жастар алаңға шығады.
— Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде мүше болған кейбір әріптестеріңіз мемлекеттік қызметке кетті. Мәселен, Расул Жұмалы елші, Берік Әбдіғали облыс әкімі, Айдос Сарым мен Мұрат Әбенов депутат дегендей. Сізге қызмет ұсынбады ма?
— Жоқ. Себебі бармайтынымды біледі. Бұған дейін ұсынған. Маған өз салам ұнайды.
— Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде студенттерге дәріс оқисыз. Бүгінгі жастар қандай? Олардан не үйренесіз?
Жастар бір-бірімен араласпайды
— Курсым аяқталар кезде студенттерге «не үйрендіңіздер, нені үйрете алмадым, маған қандай ескертпелеріңіз бар, соны жазып беріңіздер» деймін. Бұл мен үшін маңызды. Ұстаз ретінде өзімді дамыту үшін. Әрине, студенттердің оқытушысы жайлы пікірі ескерілуі тиіс. Студенттерім менің сабағымда визуализация жоқтығын айтады. Оларға бейне көрнекілікті сұрайды. Смартфонға жақын жастар тыңдағаннан гөрі көзбен көргенді ұнатады. Тыңдағанды, пікір алмасқанды қаламайды. Презентация жасағанымды қалайды. Бірақ маған ол әдіс ұнамайды. Өйткені кейін оны өшіріп тастайды.
Қазір жастар бір-бірінен саяқ жүреді. Жақында бізге екі жас маман жұмысқа орналасты. Олар бір факультетте оқыған. Біздің мекемеде танысты. Студенттеріме бірігіп мақала жазыңдар деп тапсырма беремін. Қиналады. Тапсырманы тексергенде бірігіп жазбағандарын білемін. Әрқайсысын тұрғызып, өздері жазған мақаланың мазмұнын сұрасам білмейді. Араларында біреу жазған. Қалғандары өз аты-жөндерін жазып шыққан. Бір топта оқып жүріп, бір-бірінің телефон нөмірін білмейді. Біздің кезімізде топтың старостасы бәрінен хабардар болатын. Қазір олай емес. Бұлардың әрқайсысы индивид деген сөз емес. Бұның бәрі – смартфон мен әлеуметтік желілердің әсері. Және қоғамда атомизация процессі жүріп жатыр. Адамдар бір-біріне сенбейді.
— Сұхбатыңызға рахмет!