Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:46, 06 Мамыр 2021

Гүлшара Әбдіқалықова кімді алдап отыр?

None
None

     Сырдариядан бақ  тайғалы  қашан.  Баяғыда  атан  түйе  жалдап  өте алмайтын, арналы,  ашулы дарияны   бүгінде  жаяу  адам кешіп  өте  береді.

  Балығы  тайдай  тулаған,  бақасы  қойдай  шулаған  дарияның табанында  бүгінде  жылымшы  ғана  су  ағып  жатқан  жайы  бар. Содан  болар,  бұл  өлкенің  экологиясы да   бұзылған.  Табиғат  жұтаң  тартқан. Бұл  жағдай  осы  өңірде  өмір сүріп  жатқан  халықтың да хал-ахуалына кері  әсер  бергені  анық. Осы проблемалар түбегейлі  шешімін табу үшін мемлекет деңгейінде нақты іс-шаралар жасалуы тиіс екені  бесенеден  белгілі. Өкініштісі,  бұл  өлкеде  соған  сай  жұмыс  жасалып  жатыр  ма? Жоқ!    

       Әңгіме  көп, әрекет  жоқ.  Нақты айтсақ, халық ақиқатты бетке айтса, үкімет  ұнатпайды, аузын жабуға тырысады.  Неге?  Әлде  билікке өңірдің   қиын  жағдайы  бәрібір  ме?  Ақиқатын  айтсақ,   Сырдарияның  мәселесі   мемлекеттік деңгейде  шешілуі  тиіс.  Өйткені  дария трансшекаралық  өзенге  жатады.  Сырдариядағы  судың  татымсыздығы  Аралға  әсер етті.  Арал жойылды.  Бұл тек  Қазақстанның  ғана басына  төнген  трагедия  емес.  Әлемдік  трагедия. Десек те, Арал  теңізінің  солтүстік   бөлігін  сақтап  қалу  үшін  30  жылда талай  бағдарлама жасалды. Бірақ нәтиже  берген ешқайсысы  жоқ.  Миллиардтаған  қаржы  да  бөлінді. Бірақ  ол  кімнің  жемсауына  түсіп кеткені  белгісіз.  Амал  нешік, Арал мен  Сырдарияның  мәселесі  үлкен  дақпыртпен көтеріліп,  соңы  үнемі сиырқұйымшақтанып  бітіп отырды.

      Жақында Сыр  өңірі  жөнінде  тілге  тиек еткен облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова: «Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, өткен жылы қазан айында экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі және балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы бірлесіп, балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасын республика бо­йынша алғашқы болып бекіттік», – деп  жар  салды. Жөн-ақ. Бірақ  қазір Сыр  өңірі балық  шаруашылығын  дамытатындай  әлеуеті  бар  ма? Ең  бастысы, су  қайда? Дегенмен  «құрғақ  қасық ауыз  жыртадының» керін келтірмейік. Барды  бар  дейік.

       Рас, бүгінде аймақта қуаттылығы 12,5 мың тонна болатын тоғыз балық өңдеу зауыты бар. Олардың өндірістік қуаты саланы дамытуға және өндіріс көлемін екі есе арттыруға мүмкіндік береді. Айта кетейік, үкіметтің балық шаруашылығын дамыту бағдарламасында балық өсіру көлемін 270 мың тоннаға дейін жеткізу көзделген. Оның 16 мың тоннасы Қызылорда облысына тиесілі. Облыс аумағында Кіші Арал теңізі, Сырдария өзені және жергілікті маңызды 207 көл бар. Балық қорын сақтау және оларды жасанды жолмен көбейту мақсатында министрлікке қа­расты Қамыстыбас балық питом­нигінде жыл сайын 15 млн дана балық шабағы өсіріліп, көлдер мен Кіші Аралға жіберілуде.  Балық шаруашылығы бағдарла­ма­сын жүзеге асыруға 29 млрд теңге қаржы тартылады. Осыған сәйкес, 2030 жылға қарай облыстың балық экспортын – екі, тауарлы балық өндіру көлемін 111 есе арттырып, 500-ден астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Нәтижесінде 16 шарбақтық, 12 тауарлы балық өсіретін тоған шаруашылығы құрылмақшы. Бұған  қоса, үш тұйық жүйелі сумен қамтамасыз ету құрылғысы іске қосылып,  су айдындарының саны 55-ке жет­кізілмек.

      Осы бағытта құны 6 млрд теңге болатын тоғыз инвестициялық жоба іске асырыла бастайды. Оның ішінде жалпы құны 900 млн теңгеге жылдық қуаттылығы 7000 тоннаға жететін үш балық өңдеу зауыты салынып, балықты терең өңдеу кешені кеңейтіледі. Өңірлік бағдарламаға сәйкес, 16 мың тонна балықтың 5950 тоннасы (37 пайызы) Қамыстыбас көлінің үлесіне тимек. Иә,  бұл  айтқанға  жақсы, көңіл   шалқитын-ақ  әңгіме. Мәселе  осы  жобалар  іске  аса  ма? Әлде құмға  сіңген   судай  жоқ бола  ма?

       Білуімізше,  Қызылорда облысында  биыл күріш алқабы 5000 гектарға қысқартылмақ.  Неге? Басты  мәселе – су  тапшы. Демек,  қаншама  адам жұмыссыз  қалады  деген сөз. Өткен жылы диқандар егінге су жеткізе алмай, шығынға белшелерінен батқан еді. Сыр елінің жағдайы осындай мүшкіл халде.  Мамандардың айтуынша, Сыр өңірінде ірілі-ұсақты 500-ден аса күріш егетін  шаруашылық бар.  Олар Сырдария суының 60-70 пайызын бұрып алады. Судың 25 пайызы егінге барғанша  жоғалады, қалғаны жазда буға  айналады. Ал күзде су далаға жіберіледі.  Міне, осының салдарынан жер сорланып, тұзға айналып жатыр.

      Әйтсе де таңғалып отырғанымыз, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова кімді алдап жүр деген ой келеді. Сырдың суы тартылып, кешіп өтетін жағдайға келдік. Судың аздығынан мыңдаған  гектарға   күріш  егілмей  қалды. Ал  егілген  жерге  шаруалар су жеткізе алмай отыр. Ал әкім  «балық  шаруашылығын  өркендетейік»  дейді.  Ұран  тастайды.  Несімен? «Балыққа осынша ақша бөлінеді» деп, экология, геология және табиғи ресурстар министріМағзұм Мырзағалиев   ол  есіп  отыр. Сонда деймін-ау, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова  министрді, министр президентті алдап отырған жоқ па? Су тартылып жатқанда шабақтарды суға емес, құмға жібере ме? Бұлардың ақылға  сыймайтын әңгімені айтқаны несі?!

Тегтер: