Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:52, 31 Тамыз 2021

Гүлшарат Жұбаева: Өкініп, түңіліп кеткен кездерім де болды

None
None

Қазіргі таңда танымал актриса Гүлшарат Жұбаева өнермен қатар, кәсіпкерліктің де көрігін қыздырып жүрген бірегей жандардың бірі.

Бастапқыда кәсібін шағын тігін шеберханадан бастаған ол бүгінде «Шабыт» атты той агенттігін, оқу орталығы, би киімдер салоны мен сән салонын ашып, кәсібін одан әрі дамыту үстінде. Бүгінгі әңгімеміз сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесімен болып  отыр.

Бастапқыда кәсібін шағын тігін шеберханадан бастаған ол бүгінде «Шабыт» атты той агенттігін, оқу орталығы, би киімдер салоны мен сән салонын ашып, кәсібін одан әрі дамыту үстінде. Бүгінгі әңгімеміз сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесімен болып  отыр.

-  Гүлшарат ханым, сізді көпшілік актриса ретінде таниды. Бірақ кейінгі кездері кино саласынан жырақ кеткендейсіз...

— Соңғы кездері киноға түспей жүрмін. Оның бірінші себебі – алдыңғы жылдары декреттік демалыста болдым. Балам әлі кішкентай. Оның үстіне «сақтықта қорлық жоқ» демекші, пандемия кезінде көпшілік ортада жүргім  келмейді. Анам індеттің кесірінен дүниеден озды, соған байланысты көңіл күйім де болмады. Екіншіден, кинофильмдерге түсу үшін күні-түні съемкада жүруге тура келеді. Сондай-ақ жеке кәсібімді де жүргізу керек. Жалпы айтқанда, себептер өте көп. Ең бастысы, қазір кәсібімді ретке келтіріп, карантин уақытында жұмысшыларымның айлығын уақтылы беруде басшының әжептәуір күші керек. Сондықтан қиын кезде жұмысшыларымды тастап кете алмаймын. Бар уақытым мен көңілімді әзірге кәсіптеріме бөліп жатырмын.

– Өзіңіз түскен фильмдердің ішінде жүрегіңізге, табиғи болмысыңызға жақын рөл қандай?

Актер адам үшін рөлдердің барлығының айырмашылығы жоқ сияқты. Әр адам аз да болса өзін сомдайды деп ойлаймын. Кейбіреулер ішіндегі болмысын рөліне қосып жатады. Сол сияқты өзіме рөлдердің бірі жақын, кейбірі таңсық болып келеді. Таңсық дегеннің өзінде, ол рөлді бәрібір өзіме жақын етіп алатын кездер болады. Бастысы, рөлді бөліп-жармау керек. Мәселен, әрбір ана мынау үлкен балам, мынау кіші балам деп айтқанымен, ешқайсын бөліп-жармайды. Рөлдер де солай үлкен-кішісі жоқ, әрқайсының өзіне тән табиғаты, айтар ойы бар. Бірақ арасында жаныма жақын емес рөлдер де болды. Артист болғаннан кейін әр кейіпкерді сомдап, түсіне алу қажет деген бағытты ұстанамын.

– Актриса ретінде қазақ киносына беретін бағаңыз қандай? Қазақ киноларына көңіліңіз толмайтын жерлер бар ма?

Қазақ киносы соңғы жылдары қарқынды дамыды деп айта аламын. Өйткені өзім 2007 жылдан бастап түрлі киноларға түсіп жүрмін. Одан бері 10 жыл өтті. 2007 жылдардағы кино мен қазіргі қазақфильмдегі киноларды салыстыруға келмейді. Бұрын кино түсіргенде айлап, жылдап созылып кететін. Сол уақыттарда ұйымдастырушылық жағынан кемшіліктер болып, таңғы бестен жиналып, түсірілім жұмыстары түс қайта басталатын кездер болушы еді. Ал қазір уақытты бағалап, барлығын жылдам түсіретіндей деңгейге жетіп қалды. Оған әлі де көп жұмыс жасау керек. Ол үшін ең бірінші кезекте әркім өз жұмысына жауапкершілікпен қараса, жақсы нәтиже көрсетуге болады.

– Жас кезіңізде көп қиындық көрген екенсіз. Қиыншылықтарды қалай жеңіп шықтыңыз?

– Карантин басталғалы көп адам күйзеліске түсіп, тіршілік жасау қиын болып кетті. Көбінде «бізде бәрі жаман, ақша жетпейді,  оған әкімдік кінәлі, үкімет кінәлі» деген секілді ой қалыптасып кеткен. Әкімдіктің де кінәсі бар. Дей тұрғанмен әр адам өз өміріне өзі ғана жауапты екендерін, өмірінің өзінен басқа ешкімге керек емес екенін сезінбей келе жатқан секілді. Тіпті өмір сүруі міндет болып кеткен адамдар да көбейіп кетті. Мемлекетті кінәлаулары да дұрыс, бірақ бір мемлекетке сене бермей, өздері де әрекет жасағандары  жақсы. Осыған орай, мен көп адамға мотивация болсын деп басымнан өткен қиындықтарды қалай жеңіп шыққаным жайлы әлеуметтік парақшаларымда жаза бастадым. Бүгінгі жетістігіме қалай жеткенімді, жеңіл ғана еңбекпен келмегенін де жаздым. Әйтпегенде көбісінің «кәсіпкер әйел» дегенде пікірлері өзгеше келеді. Яғни біреудің көңілдесі, нақсүйері не болмаса жоғарыда көкелері бар деп ойлайды. Ештеңе таппағанның өзінде, күйеуі қалталы азамат, соның арқасында бұл да кәсіп ашып, шалқып жүр деп ойлаулары да мүмкін.

Бізде әйел адам өз күшімен жете алмайды деген менталитет те қалыптасқан. Әрі оралмандар Қазақстанда жағдай жақсарғанда «дайын асқа тік қасық» болып, көшіп келіп жатыр деген де сөздер айтылып жүр. Бірақ оралмандардың көбісі елдегі жағдайға байланысты емес, өз Отанына оралуды мақсат етіп келеді. Олардың арасында жеке шаруашылықтары мен мал-мүлкін тастап, бұл жақта пәтер жалдап қиналып жүргендері де қаншама. Қанша жерден үйреншікті жерден елге көшіп келу де оңай емес. Бірақ солардың көбісі еңбектеніп, өз орындарын тауып жатыр. Өз елінде, өз жерінде жүріп, әлі де орындарын таппай жатқандар көп. Мұның барлығын туған жерінде жүріп, көп адам түрлі мүмкіндіктерге жете алатынын сезінуіне ой тастау мақсатында жаздым. Жалпы адамда мақсат болса, кез келген жерден өзін алып шыға алады. Мақсат болмаса, уақыт босқа өте береді. Яғни, көптің бірі болып жүре бересің.

Мені де жетістікке жеткізген алға қойған мақсатым деп білемін. Және анамның талапшылдығының да үлесі бар. Негізі қатал ата-анадан мықты көшбасшы балалар өсіп-шығады. Сол себепті анамның талапшылдығы, бізді отқа да, суға да тастап, өз бетімізше күн көруімізге итермелегенін де болар деп ойлаймын. Бірақ көбіне біз балаларымызды ауыр жұмысқа салмай, аяп, қиындық көрмесе екен дейміз. Бұл дұрыс емес. Қиындық көру керек негізі. Сол кезде бала өзі шешім қабылдап, жолын тауып үйренеді.

– Соңғы уақыттарда жарыңыз Жандос Жұбағұлов та көптеген фильмдерге түсіп жүр. Ол кісінің кино саласына келуіне сіздің ықпалыңыз бар ма?

Негізінде,күйеуімді актер болып кетеді деп ойлаған жоқпын. Оған бір себеп болатын. Әйелін жолдасы қызғануы әр ер адамның табиғатында бар нәрсе. Тұрмыс құрғаннан кейін ол мені қызғанғаны рас. Сол себептен көптеген фильмдерге де түсе алмадым. Өйткені жолдасым бұл сфераның емес, құрылыс саласының адамы. Әрі тез арада танысып, бірден отау құрғанымыздан бір-бірімізді жақсы тани да алмағанымыз рас. Сол уақыттарда мені өнер саласына жібергісі келмейтін. Уақыт өте келе, менің көңілімді жыққысы келмей, өнерден қол үзбеуімді қалап, өзі де менімен бірге кастингтерге барып жүрді. Жолдасымның мені қызғанып тұрғанын байқаған режиссерлар да жолдасымды съемкаларға қатыстыра бастады. Өзінің де түр-әлпеті типаж болғандықтан, бастапқыда эпизодтық рөлдерде ойнап жүрді. Фильмдерге бірге түскен уақыттарда, үйде бірге дайындалып, бәрін бірге жасаймыз, рөлді талқылаймыз. Сосын түсірілім алаңының атмосферасы да қызық болғандықтан, өзі де фильмдерге түсуге қызыға бастады. Сондықтан режиссерлер қызығып шақырып отырғандықтан, оған мен де жоқ деп айта алмадым. Оның үстіне қазір киноларға түсіп жүргендердің көбісі кәсіби актерлар емес, бұл да дәлелденіп жүрген мәселе. Кәсіби емес актерлардың фильмге таңдалынып жүргені де мүмкін табиғи ойнай алатындығынан, мүмкін бабы шапқанынан болар деп түсінемін. Қазіргі таңда режиссерлер де оның жақсы ойнай алатынын сезген болар, киноларға мені емес, Жандосты шақырып жатады. Оған қуанамын. Халық та оның өнеріне өз бағасын беріп жатар. Жолдасым болғандықтан, мен оған баға бере алмаймын.

– Әлеуметтік желідегі парақшаларыңызға қарасам, күнде бір тыным таппайсыз.  Оның үстіне түрлі өнеріңіз де бар. Бұның барлығына қалай үлгересіз? Жалпы, өмірде мотивацияны қайдан аласыз?

Үнемі тіршілік, үнемі қарбалас адамды бір қалыпқа келтіреді екен. Күнделікті қарбаласпен жүріп, адам өзі де соған әдеттеніп кетеді. Яғни бір орында отырмай, әрдайым еңбектеніп жүруге дағдыланасың. Ал мотивацияға келсек, маған күш-қуат, талпыныс беретін – балаларым. Тұрмыс құрмаған кезімде мен мынаған жетемін, анаған жетемін деп алдыма мақсат қоятынмын. Үнемі армандап, үнемі алдыма мақсат қойып, соған ұмытылып отыратынмын. Ал қазіргі кезде балаларымның болашағы үшін, әрі қаржылық тәуелділік пен сүйікті жұмысымды ары қарай дамыту үшін өзімді жан-жақты сынап, алға жылжып келемін.

Қазіргі таңда бір өзіңіз бірнеше тігін шеберханасы, той агенттігі, сән салоны секілді бірнеше кәсіпті ашқан екенсіз. Бірнеше кәсіпті қалай аштыңыз?

— Көбісі бірнеше кәсіпті бір уақытта ашып тастаған деп ойлайды. Олай емес. Ең бірінші кәсіп ашарда бір кәсіптің ғана фундаментін құйып аламын. Яғни фундамент ретінде тігін шеберханасын ашып бастадым. шеберханадағы есеп жүргізу, клиенттермен байланыс секілді жұмыстардың барлығын өзім атқардым. Содан ол кәсіпті екінші бір адамға сеніп тапсыратындай кезеңге жеткізіп, екінші кәсіпті ашуға кірістім. «Көп балық аулғың келсе, көп қармақ сал» деген ұстаныммен жүремін. Әртүрлі кәсіпті жалғыз өзім басқаратыным да содан. Карантин кезінде оның көптеген тиімді жақтарын көрдім. Мәселен, карантинде сән салоным жабылған кезде, оқу орталығымыз жұмыс істеп тұрды. Оқу орталығымыз мемлекетпен жұмыс жасайды. Сол уақытта көптеген жұмыссыздарды жұмыспен қамтыдық. Осылайша, бір бизнесім жабылып, екінші бизнесіме көп уақыт жұмсауға мүмкіндік туды. Сол сияқты қай уақытта болсын кәсібім тоқтап қалады деп қорықпаймын. Екінші кәсібімді дөңгелетіп кете беремін. Пандемия тоқтап, ел тынышталған уақытта барлық кәсібім де жұмыс жасай алатын уақытқа да жетерміз деп сенемін. Заманның қаншалықты өзгеретінін білмейміз. Заман ағымына қарай кәсіп түрі де өзгеруі мүмкін. Оқу орталығына келсек, қазіргі карантин жағдайында үйде отырған білімдерін дамыту мақсатында ашылған. Соған орай, «Шабыт» журналын аштық. «Шабыт» журналы мемлекеттік грантты ұтып алды. Жалпы жобамыз да жақсы жұмыс жасап, жанданып жатыр десек те болады.

                                                                                                 

– Ел алдында жүрген соң түрлі сындар айтылып жатады. Жалпы, сынды қалай қабылдайсыз?

— Сынды өте жақсы қабылдаймын. Маған байланысты көп сын айтылғанынан өздеріңіз де хабардарсыздар. Кезінде сынды қабылдай алмай, көп қиналатынмын. Көп сөз естіп, сары басылымдар тынымсыз жариялап, жазылуы маған қатты әсер етті. Оған өкініп, түңіліп кеткен кездерім де болды. Ал қазір барлығына оң көзбен қараймын. Әлі де әлеуметтік желілерде де сындар жазылып жатады, бірақ сол сынның жеке басқа өтіп кетпеуін қадағалаймын. Яғни жұмысыма қатысты сын болса, оның үстіне орынды сын болса ғана қабылдаймын. Ал егер жеке басыма, азаматтық құқығыма қол салып жатса, блогқа жіберемін. Ондай адамдардың сөзін естіп, шаршағым келмейді. Сол үшін сынның аражігін айырып алу керек.

– Өмірде қатты сүрінген кезіңіз болды ма?

— Пенде болғаннан кейін қателік жасау әр адамда болатын қалыпты жағдай. Ештеңе жасамайтын адам ғана қателеспейді. Сондықтан жастықпен жасаған қателіктерім де болды. Бірақ оған қатты өкініп, түңілген  жоқпын. Тек алға қарай жылжып, өз қателігімнен тәжірибе жинаймын. Уақыт өте, жас келген сайын өз-өзіңе есеп бере де бастайды екенсің.

– Балаларыңызға қандай ақылды жиі айтасыз?

— Бала айтқанды емес, жасағаныңды істейді. Сол себепті баланы тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле деген ұстаныммен жүремін. Бәрібір бала ананы істе, мынаны істе дегеніңді жасай қоймайды. Оны жұмсау үшін алдымен сол жұмысты өзің жасап, көрсету керексің. Сол сияқты ақыл айту үшін де сол ақылға сай болу қажет. Яғни бала губка секілді жақсы не жаман нәрсе болсын өзіне сіңіріп алады. Әзірге балаларым кішкентай. Әлі де өсе келе көре жатармыз. Анамның тәрбиесі бойынша балаларыммен ересек адамдарша сөйлесемін.

– Алдағы уақытта тағы қандай жоспарларыңыз бар?

Жоспар көп. Бірақ қайсысы іске асады, қайсысы іске аспайды – бір Аллаға аян. Барлығын уақыт көрсетеді. Балам өскен соң, фильмдерге түсуді жалғастырамын. Бір жағынан, індет аяқталып, карантиннің біткенін де күтіп жүрмін. Жалпы, шектеулер көп жоспарларға тосқауыл болады екен. Сол кезде көре жатармыз, қай жұмыс іске асатын-аспайтынын...

–Әңгімелескеніңізге рақмет.

Тегтер: