Гуманизм деп асқақтатқан амнистия да алалайды

Қазақстанда түрмеде жазасын өтеп жатқандарға рақымшылық жасалады деген ақпарат талайдың көңілін желпіндіріп отырғаны анық.
Жыл басында тек әйелдерге қатысты жасайық деген мәселе көтерілгенімен, артынан ауқымы кеңейіп кетті. Сөйтіп, мемлекеттің мейірім-шапағаты сотталғандардың барлығына қолданылатын болды. Тек талапқа сай келсе болғаны. Ата заңымыздың 30 жылдығының құрметіне орайластырылған осынау науқан енді заңмен реттеліп жатыр. Әне-міне дегенше төменгі палатаның оқылымына шыққалы тұр.
Тек осындайда қалтарыста қала беретін бір қауым бар. Азаматтық ұстанымын ашық білдірген жандар аяқасты «экстремист» болып шыға келді де, олар қазір сот үкімімен қамауда жатыр. Сот оларды саяси белсенділігі үшін емес, «экстремизмді қаржыландырғаны», «тыйым салынған ұйым қызметіне қатысқаны» үшін жазықты қылып шығарған. Ең қызығы, жемқорлық дерегі дәлелденгендер жазасын жеңілдетуге мүмкіндік алып жатқанда, «экстремизм» сынды «ауыр қылмыс» жасағандарға еш шапағат жоқ.
Әбден бастап, басқалары қостап...
Мәжіліс қабырғасында рақымшылық туралы сөз алғаш қаңтарда айтылды. Депутат Қарақат Әбден түрмеде отырған әйелдерге кешіріммен қарау қажет екенін ерекше мәселе етіп көтерген. «Әйел ол біріншіден – ана» деген сарындағы толғауынан соң мәліметтерін де тізіп өтті. Қазір елімізде 2 336 әйел бас бостандығынан айырылған. Олардың тең жартысы – аналар. Оның ішінде 250-і көпбалалы. Осы жағдайдың кесірінен 1 500-ден астам бала аналарының құшағына зар болып отыр. Жүзге жуық сәби балалар үйіне жіберілген. Соған байланысты зорлық-зомбылықсыз қылмыс жасағандарға, жүкті немесе балалы әйелдерге, көпбалалы аналарға, алғаш рет сотталғандар мен 60 жастан асқан әйелдерге амнистия шарапатын көрсетуді сұраған. Ол сөзіне Қырғызстан мен Ресейдің мысалдарын келтіріп жатты.
Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің осыдан тура бір жыл бұрын таратқан ресми мәліметі бойынша бүгінде еліміздегі 78 түзеу мекемесінде 37 мыңнан астам адам мерзімін өтеп жатыр. Солардың қатарында 3 мыңға жуық әйел мен 50-ге жуық жасөспірім бар. Жаза арқалағандардың 93%-ы ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған. Ал 45%-ы бұрын да қасақана қылмыс жасағандар екен.
Артынан мәжіліс депутаттары біраз талқы өткізіп, біртіндеп кімдердің осы науқанға ілігері мәлім бола бастады. Жалпы бұл шара қамауда жатқан 11 мың адамның тағдырына өзгеріс енгізетін болды. Оның ішінде 4 100 адам бостандыққа шығуы ықтимал. Оның 632-сі – түрмеде, 3 500-і – пробациялық бақылауда жатқандар. Бұған қоса, 5 400 адам мен пробациядағы 5 500 адамның жазасы қысқарады. Тағдырына өзгеріс енетіндердің арасында 833 әйел бар. Оның 109-ы толық босатылатын болса, 724-інің жаза мерзімі азаймақ.
Жемқорлыққа жетіскеннен барған жоқ
Бір қарағанда құлаққа жағымды естілетін осы жаңалық ел ішін кезіп кеткен соң сала мамандары да үн қосып, білгендерін айтып бақты. Сөйтсек, жағдай біз ойлағандай аса керемет емес екен. Әсіресе осы саланың бел ортасында жүрген адвокаттар бірден заң жобасының кем-кетігін айтып, толықтыратын жерлері ретінде ұсыныстарын бере бастады. Өз ұстанымын білдірген Қазақстан адвокаттар алқасы заң жобасы гуманизм аулынан алыс жатқанын айтады. Әңгіме заң жобасының 4-бабына қатысты болып тұр.
Адвокаттардың пайымынша, бұл шектеулер рақымшылықтың ізгілік сипатын әлсіретіп, формалды шараға айналдырып жіберуі мүмкін. Сол үшін абайсызда жасалған қылмыстарды жеке қарастыру қажет екенін, сол себепті кешірім берілетін қылмыстардың шектеулі тізімін қайта қарауды ұсынған. Өйткені науқанға кірмей қалған қылмыстардың арасында абайсызда жасалған түрлері де жүр. Ал мұндай деңгейдегі қылмыс жасағандарға арнайы көзқарас болу керек. Әу баста арам пиғылы болмаған жандарды әдейі, қасақана бұра тартқандармен бір қатарға қою гуманизмнің белгісі емес деп санайды.
Алматы қаласы адвокаттар алқасының мүшесі Данияр Қанафин де осы тектес ой білдірді. Ол да қазіргі жүйеде коррупциялық қылмыс жасағандардың жағдайын назарға алуды ұсынады. Оның сөзінше, бұл санаттағы азаматтардың көбі кедейліктің, әлеуметтік әділетсіздіктің, жүйелік кемшіліктердің құрбаны болған. Олар көбіне өз еркімен емес, тығырықтан жол таппай, амалсыздан қылмысқа барған.
«Түрмеде отырғандардың басым бөлігі — қарапайым халық. Пара беруге де, адвокат жалдауға да шамасы жетпегендер. Олар түзеліп, өкінген, қоғамға қайта қосылуға үмітпен қарайтын жандар. Оларды босатса мемлекет те ұтылмайды», – дейді адвокат.
Билікке наразылық білдіргендерге кешірім жоқ
Амнистия дегенде кісі өлтіріп, бас жарып, қол сындырып жатқандар болмаса, былайғы жеңіл қылмысқа барғандардың бәрі үміттенетін сияқты. Бірақ қоғам арасында «саяси тұтқын» саналатын азаматтардың тағдыры осындайда неге қаперге ілінбей қалатыны түсініксіз. Дәл сондай сипатымен танылған Марат Жыланбаев, Думан Мұхаметкәрім, Әйгерім Тілеужан сынды азаматтар қазір қамауда жатыр. Біреудің ақысын жемесе де, денсаулығына зиян келтірмесе де оларға мұндай кең пейіл жетпей қалыпты.
Айта кетейік, әңгіме болып отырған Марат Жыланбаев 2023 жылдың қарашасында экстремистік ұйымға қатысу және экстремизмді қаржыландыру сынды айыптармен 7 жыл арқалаған еді. Одан әрі 3 жылдық саяси-әлеуметтік шектеулері және бар. Кейін апелляция беріп көргенімен қатаң сот алдыңғы шешімді өзгертпеді. Қоғам арасында біраз сөз болып, халықаралық ұйымдар талап етіп жатса да міз бақпаған біздің сот жүйесі ақыры «экстремизм» айыбын қолданып соттады. Бір кездері әлем назарында жүрген, бүгінде саяси қайраткерлігімен танылған даңқты спортшы біздің құзырлы органдардың айыптауымен экстремист болып шыға келді.
Журналист Думан Мұхаммедкәрім де 2024 жылғы 2 тамызда Қонаев қаласының сотымен 7 жылға бас бостандығынан айырылды, сөйтсек ол да «экстремизмді қаржыландырған» екен. Әйгерім Тілеужан да Қаңтар оқиғасынан кейін 2023 жылы ақыры 4 жылға сотталып тынды. Ал экстремистерге ешқандай кешірім жоқ. Бұл жолғы амнистияда жазасын жеңілдететін еш мүмкіндік қарастырылмаған.
Мәжілісте осы заң жобасы бойынша жұмыс істеп жатқан заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің жетекшісі Снежанна Имашева бұл жағдайға қатысты басқаша көзқараста екен. Оның айтуынша, өзін саяси тұтқын санайтын азаматтар түрлі баппен сотталған.
«Мен шындықты айттым, саяси тұтқынмын» дей береді. Бірақ бізде «саяси құқықбұзушылық» деген ұғым жоқ. Түрлі бап қана бар. Егер азамат ауырлығы орташа немесе төмен баппен сотталса, ол рақымшылықпен босатылуы немесе жазасы қысқартылуы мүмкін. Бірақ ол жерде қай іс саяси немесе саяси емес деп бөлінбейді. Сондықтан бабына қарау керек. Егер ауыр немесе аса ауыр қылмыс болса, онда рақымшылыққа ілікпейді. Ал экстремизм, терроризммен сотталса, ондай баппен отырғандар мүлде шығарылмайды», – дейді депутат.
Имашеваның айтуынша, бүгінде жұмыс тобы бірнеше отырыс өткізіп, бұл заң жобасын жасап болған. Енді оқылымға шығаруға дайын отыр. Жалпы комитет отырысына біршама ұсыныс түсіп, түгел қаралған. Кейбірі түзету ретінде енгізілген. Дегенмен әуелде 11 мың адамның ілігетіні туралы айтылған болса, сол цифр қатты өзгермеген. Коррупция бойынша да көп талқы болған. Жалпы жемқорлыққа қатысты бүкіл заң қатаңдатылып жатқанда олардың амнистияға ұшырағаны дұрыс емес деген ойда. Сондықтан олар рақымшылыққа кірмей қалған. Тағы бір мысал. Ұрып-соғу мен денсаулыққа жеңіл зиян келтіру бұрын әкімшілік кодекспен қаралып келсе, қазір Қылмыстық кодекске көшті. Амнистияға бұл баптар да жатпайды. Себебі бір қолмен жауапкершілікті қатайтып, екінші қолмен кешірім беріп жатса, қоғам оны да дұрыс түсінбей қалуы мүмкін.
«Депутаттар дәл қазір бұл мәселені талқылауға дайын емес»
Республикалық адвокаттар коллегиясы президиум мүшесі Нұрлан Жолболовтың ұстанымы депутаттың пікіріне қайшы келеді. Оның сөзінше, бұл мәселенің қайдан туындап отырғаны түсінікті. Өйткені мемлекеттің белсенді азаматтық ұстанымы бар адамдарға қалай қарайтынына жұрт алаңдаулы.
Жалпы, Қазақстан заңнамасында «саяси тұтқын» ұғымы құқықтық деңгейде жоқ. Бізде нақты қылмыс құрамдары мен нақты сот үкімдері бар. Сот шешімді адамның көзқарасына емес, Қылмыстық кодексте белгіленген нормалар мен анықталған фактілерге сүйеніп шығарады. Дегенмен қоғамда біреудің өз көзқарасы үшін, тіпті өткір пікір айтқаны үшін жазаланғаны туралы тұрақты пікір қалыптасса, бұл сигналды елеусіз қалдыра алмайтынын айтады. Бұл адамның кінәлі не кінәсіздігіне емес, процестің әділдігіне деген сенімнің белгісі. Ал сенім – әділеттіліктің іргетасы.
«Абайсызда жасалған қылмыстарға деген көзқарасымды атап өттіңіз. Сондай-ақ жемқорлық заңын аттап өткен мемлекеттік қызметкер емес, қарапайым азаматтарға, әсіресе әйелдерге қатысты да ойымды білдірдім. Әлбетте, мен мұндай жайттарға келгенде барынша ізгілік қағидасын ұстануға шақырам. Бірақ бұл ойым тек осы азаматтарға ғана қатысты айтылды деген сөз емес. Қоғамның пайымынша, азаматтық ұстанымы, әсіресе сөз бостандығы мен бейбіт наразылығы үшін қудалауға ұшыраған істер де ерекше назар аударуға лайық. Егер адам зорлыққа шақырмаған, басқа адамдардың қауіпсіздігіне қол сұқпаған, тек билікті сынға алған болса, тіпті өткір сын айтса да ол қылмыстық қудалаудан қорықпауы тиіс. Конституция пікір білдіру еркіндігіне кепілдік береді. Бұл қағида тек таңдаулы жандарға емес, жалпы дәйекті әрі әділетті түрде қолданылуы керек», – деп санайды ол.
Сондықтан адвокаттың ойынша, қоғамдық белсенді азаматтарға қатысты істерде құқық қолдану тәжірибесінде және сот жүйесінде дәлелдер мен ашықтық жоғары деңгейде болғаны өте маңызды. Өйткені ол саясат емес, құқық, қоғам мен мемлекет арасындағы сенім мәселесі. Дегенмен қазіргі жағдайда мәжіліс депутаттары бұл мәселені осы айтылған деңгейде талқылауға дайын емес дейді.
Ербол Тұрымбет
Астана