Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:15

Gunvor компаниясы “Лукойл” активтерін сатып алудан бас тартты

1
Фото: Dmitry Rogulin/picture-alliance/dpa/ITAR-TASS

АҚШ Қаржы министрлігі Gunvor-ды “Кремльдің марионеткасы” деп атады.

Халықаралық мұнай саудасымен айналысатын Gunvor компаниясы ресейлік “Лукойлдың” шетелдегі активтерін сатып алу жөніндегі ұсынысын қайтарып алды. Бұл шешім АҚШ Қаржы министрлігі компанияны “Кремльдің марионеткасы” деп атап, оған Украинадағы соғыс аяқталғанша бизнес жүргізуге лицензия беруден бас тартқаннан кейін қабылданды.

Gunvor өз шешімін 6 қараша күні әлеуметтік желідегі (X платформасындағы) ресми парақшасында жариялады. Компания АҚШ қаржы ведомствосының мәлімдемесінен бір сағаттан кейін мәміледен бас тартатынын хабарлады.

«Президент Трамп соғыстың дереу тоқтауы керек екенін нақты айтты. Путин бейбіт тұрғындарды өлтіруін жалғастырып жатқанда, Кремльдің марионеткасы саналатын Gunvor ешқашан лицензия алып, пайда таба алмайды», — делінген АҚШ Қаржы министрлігінің хабарламасында.

Gunvor өзіне тағылған айыпты “жалған” деп атады

Компания өкілдері АҚШ билігінің айыптауын “жалған” деп мәлімдеді.

«Gunvor әрқашан өз иелері мен қызметі туралы ашық болған. Соңғы он жылдан бері Ресейден алшақтап, санкция талаптарын орындап, ресейлік активтерін сатты және Украинадағы соғысты жария түрде айыптады», — делінген компанияның ресми хабарламасында.

Сонымен қатар, Gunvor өкілдері “бұл түсініспеушілікті түзетуге мүмкіндік алғанына қуанышты екенін” айта отырып, «Лукойлдың» шетелдік активтерін сатып алу ұсынысын кері қайтарғандарын растады.

Мәміле неге күдік тудырды

Gunvor “Лукойлдың” шетел активтерін сатып алуға негізгі үміткер болған. Ресейлік тарап 30 қазанда Gunvor-мен мәміле жасауға дайын екенін мәлімдеп, басқа әлеуетті сатып алушылармен келіссөз жүргізбеуге уәде берген еді.

Алайда сарапшылар бұл мәмілені санкцияларды айналып өту талпынысы ретінде қарастырды. Себебі Gunvor 2000 жылы ресейлік миллиардер Геннадий Тимченко мен швед кәсіпкері Торбьорн Торнквист негізін қалаған компания.

2014 жылы Қырым аннексиясынан кейін Тимченко өз үлесін әріптесіне сатқан, ал компания кейін Ресейдегі активтерін сатып, елден кеткен болатын.

АҚШ Қаржы министрлігінің Сыртқы активтерді бақылау басқармасы (OFAC) 22 қазанда Ресейге қарсы жаңа санкциялар пакетін жариялады. Себеп ретінде Мәскеудің “бейбіт процеске шынайы ниет білдірмеуі” көрсетілді.

Жаңа шектеулер тек “Лукойл” мен “Роснефтьке” ғана емес, олардың 34 еншілес компаниясына да қатысты. Санкциялар бұл компаниялар үлесі 50 пайыздан асатын кез келген ұйымдарға да тарайды.

Бұған дейін Ұлыбритания да Ресейдің ірі мұнай компанияларына қарсы активтерді бұғаттау және тасымалдау операцияларын шектеу шараларын енгізген болатын. Лондон “Лукойл” мен “Роснефть” Мәскеудің энергетикалық саясатындағы негізгі құралдарының бірі деп атады.

Тегтер: