Гватемаладағы үш түрмеде бүлік шығып, 46 қызметкер кепілге алынды
Гватемалада сенбі күні бір мезетте үш түзеу мекемесінде жаппай тәртіпсіздік болды. Бүлік кезінде сотталғандар кемінде 46 адамды кепілге алған. Олардың басым бөлігі – түрме күзетшілері, сондай-ақ кепілге алынғандардың арасында психолог та бар.
Елдің ішкі істер министрі Марко Антонио Вильеда баспасөз мәслихатында қазіргі уақытта кепілге алынғандар арасында қаза тапқандар немесе жараланғандар туралы ақпарат жоқ екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, жағдай күрделі болғанымен, билік ахуалды бақылауда ұстап отыр.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, тәртіпсіздіктерді елдегі ең ықпалды қылмыстық топтардың бірі саналатын Barrio 18 ұйымдастырған. Министрдің сөзінше, бүліктің негізгі мақсаты – осы топтың жетекшісін жағдайы жеңілірек, артықшылықтары бар басқа түзеу мекемесіне ауыстыруға қол жеткізу.
Құқық қорғау органдары түрмелердегі қауіпсіздік шараларын күшейтіп, жағдайды тұрақтандыру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Билік өкілдері қауіпсіздікке нұқсан келтіретін және қауіпті үлгі қалыптастыратын талаптарға көнбейтінін атап өтті.