Ғылым мен «жасыл экономика» симбиозы

Соңғы 10 жыл ішінде жаһандық климат өзгерістері, экономиканың энергия сыйымдылығының төмендеуі және тұрақты даму сияқты проблемалар жоғарғы деңгейде талқыланып жатыр.
Осылардың нәтижесінде, еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы бойынша 2013 жылғы 30 мамырда «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдама әзірленіп, қол қойылды. Тұжырымдамада, бірінші кезекте, экономиканың белгілі бір салаларын реформалауға бағытталған басым міндеттердің тізімі ұсынылды.
Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдама Қазақстан халқының әл-ауқатын, өмір сүру сапасын арттыру және елдің әлемнің неғұрлым дамыған 30 елінің қатарына кіруі арқылы қоршаған ортаға түсетін жүктеме мен табиғи ресурстардың тозуын барынша азайта отырып, «жасыл экономикаға» көшу мақсатында терең жүйелі жаңартулар үшін негіз қалайды (Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдама, 2013).
Тұжырымдаманы үш кезеңмен: 2013 жылдан бастап 2050 жылға дейін іске асыру жоспарланып отыр. «Жасыл экономикаға» көшу бойынша шаралар Тұжырымдамаға сәйкес мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады: су ресурстарын тұрақты пайдалану, тұрақты және өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығын дамыту, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру, электр энергетикасын дамыту, қалдықтарды басқару жүйесі, ауаның ластануын азайту және экожүйелерді сақтау және тиімді басқару.
Экономиканы «жасылдандырудың» стратегиялық маңыздылығы Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауларында атап көрсетілді. Стратегиялық құжаттар мен Президент жолдауларында қойылған міндеттерді табысты іске асыру үшін «жасыл экономикадағы» ғылымды дамыту маңызды рөл атқарады.
Қазақстанның экономикалық даму жағдайын, сондай-ақ «жасыл экономикаға» көшуге тікелей тартылған өндірістер салаларының жай-күйін ескерсек, іргелі ғылым мен ғылыми қоғамдастықты қолдау – Тұжырымдаманы іске асыру үшін негіз қалаушы рөл атқарады. A.Newton, E.Cantarello «Жасыл экономикаға кіріспе. Ғылым, жүйе және тұрақтылық» (2014) еңбегінде атап өткеніндей, тұрақты даму мен «жасыл экономиканы» енгізудің ғылыми қағидаттары тиімді, жүйелі тәсілдің негізі болып табылады. Авторлар өз кітабында «жасыл экономиканы» табысты және іс жүзінде енгізу жолын жүйелеу барысында экология, география, әлеуметтік ғылымдар, психология, тұрақты даму туралы ғылым, құқық және экономика сияқты іргелі ғылымдардың қағидаттарын атап көрсетеді. Көптеген зерттеуге сай АҚШ-тың ғылымға салған бір доллары нәтижесінде екі доллар болып қайтатыны дәлелденіп отыр. Даму жылдамдығы әртүрлі болғанымен, ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелер (ҒЗТКӘ) барлық бағыттар бойынша экономикалық өсудің маңызды факторы болып табылады.
Демек, «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасында өз алдына өршіл мақсаттар қойған Қазақстан ғылым мен ғылыми қоғамдастыққа көбірек көңіл бөліп, қолдау көрсетуі қажет. UNESCO (2019) статистикалық зерттеулеріне сәйкес Қазақстан ҒЗТКӘ-ге ішкі жалпы өнімнің 0.12% жұмсайды, салыстырып қарасақ, алдыңғы қатарлы елдер бұл рейтингте 3.37% (Швейцария), 4.81% (Корея Республикасы) және 4.95% (Израиль) жұмсайды.
Сонымен қатар Boras I, Khan және Kumar (2019) зерттеулеріне сәйкес, жасыл технологиялардың жаһандық нарығының сыйымдылығы 2019 жылдың соңына қарай 8.49 млрд $ USD құрады, ал 2027 жылға қарай оның 48.36 млрд $ USD дейін өсуі болжануда. Бұл әлемнің ірі экономикалары мен әлемдік корпорациялар осы сектордағы өз орны үшін агрессивті күресіп, инвестицияларды қарқынды түрде жасылдандыратынын білдіреді. Нәтижесінде, бағдарлай алмайтын және осы трендке қарсы тұра алмайтын елдер экономикалық өсу қарқыны бойынша тізімің соңында болулары мүмкін. Бұл болашақта жасыл экономиканы белсенді дамытудың шұғыл қажеттілігін тағы да растайды.
Жергілікті жағдайлар мен ерекшеліктерді ескерсек, біздің еліміз жасыл ғылымды дамыту бағытында табысты да сенімді қадамдар жасап отырғанын байқауға болады. Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығында ҒТД, ҒТК (Ғылыми-техникалық кеңес) және «Жасыл көпір» институты базасында 2019 жылғы 29 қарашада 98-ден астам маманның: корпорация өкілдері, мемлекеттік қайраткерлер және республиканың барлық салаларында «жасыл экономиканы» ілгерілетуге қызығушылық танытқан және осы іске тікелей тартылған ғалымдардың басын қосқан Ғылыми-техникалық кеңес құрылды. Кеңестің төрағасы қызметін Парламент Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов атқарып келеді.
Осы ҒТК сараптау платформасы құрылғалы бері еліміздің жасыл дамуы саласында ұсынылған ғылыми-техникалық және өзге де жобалардың іске асырылуын кешенді бағалау бойынша ауқымды жұмыстарды атқарды; «жасыл экономика» саласындағы ғылыми және индустриялық-инновациялық жобаларға ғылыми сараптамалар мен сараптамалық сүйемелдеу жүргізді; жоспарланған жасыл жобалардың жергілікті жағдайларға бейімделуіне бағалау және тағы басқа жұмысты жүргізді.
Қазіргі уақытта Ғылыми-техникалық кеңес 4 мәжіліс өткізді, онда Қазақстан Президенті Әкімшілігінің, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің сұраулары және депутат сауалдары бойынша маңызды құжаттар және «ХЖТИЖО» КеАҚ-қа еліміздегі ҒЗИ, ЖОО және ғалымдардан келіп түскен жобалар қаралды.
ҒТК-ге келіп түскен жобалардың ішінде ел экономикасын «жасыл» рельстерге бағыттауға негізделген жоба – «Қазақстан Республикасының төмен көміртекті даму стратегиясы: трансформация мақсаттары мен жолдарын» (ТКДС) атап өткен жөн. ҒТК мүшелері ТКДС талқылай келе 24 ескертпе мен 14 ұсыныс берді, олардың негізгілері – ұсынылған деректердің дәлсіздігі және Қазақстанның отын-энергетика секторының өзекті проблемаларының ескерілмеуі болып табылады. Нәтижесінде, ҒТК ТКДС мақсаттарын іске асыруға және Қазақстан Президенті Жолдауларының міндеттерін орындауға баға жетпес үлес қосты, ал ғылыми қоғамдастықты осындай стратегиялық маңызды құжатты әзірлеуге тарту елдің жалпы тұрақты дамуындағы ұлттық ғылымның құндылығын көрсетті.
Сонымен қатар Ғылыми-техникалық кеңес жұмыс барысында қалдықтармен жұмыс істеу, суды тиімді пайдалану, жасыл көлік және тұрақты ауыл шаруашылығы бағыттары бойынша 20 «жасыл» жоба бойынша қорытынды берді.
Бұған қоса, ХЖТИЖО ғылыми-технологиялық даму офисінің базасында «Жасыл Көпір» институтын құру жөнінде бастама көтерілді. Бұл институттың қызметі ел ауқымында «жасыл экономиканы» дамыту бағытында білім беру және ғылыми-зерттеу қызметін жүйелендіруге арналған. «Жасыл Көпір» институтының миссиясы – бір жағынан республиканың ЖОО-лары мен ҒЗИ арасында өңірлік үйлестіруші және байланыстырушы буын болу, екінші жағынан дүниежүзілік қауымдастық, ұйымдар, корпорациялар және ірі халықаралық инвестициялар ұсынып отырған жаһандық «Жасыл» күн тәртібінің рөлін атқару. Институт қызметі жасыл технологиялар мен жасыл экономика саласындағы зерттеулер мен жобалардың ғылыми нәтижелерінің сапалы деңгейіне қол жеткізе отырып, бәсекеге қабілеттілігін арттыруы тиіс. Дәл осы тұста институтқа ХЖТИЖО Ғылыми-техникалық кеңесі баға жетпес көмек береді.
Қорыта келе, адамзаттың жаһандық ілгерілеуіндегі ғылымның рөлі өте маңызды және баға жетпес мүмкіндік пен құндылық. Инновациялық және зерттеу қызметі әрдайым жаңғыру мен дамудың қозғаушы күші екені анық. «Жасыл экономика» деп аталатын қазіргі жаһандық күн тәртібін ескерсек, тұрақты даму да, ғылымды жасылдандыру да түбегейлі мәселеге айналып отыр.