Ғылым сапасын арттыру – болашақ үшін маңызды
Ғылым, білім саласы әрқашанда маңызды сала болғандықтан, оған әрдайым көңіл бөлініп келеді.
Әрі мемлекетімізді өркениетті елдердің қатарына қосу үшін ғылымды дамытуға барынша көңіл бөлуді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырған болатын.
Мемлекет басшысы былтыр Қазақстан халқына «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты жаңа жолдауын жариялап, әлемдегі геосаяси жағдайдың ушығып тұрған уқытында еліміздің сыртқы және ішкі саяси тұрақтылығын сақтау маңыздылығына тоқтала келе «Тәуелсіздігімізді сақтап, ұлттық бірегейлігіміздің негізін нығайтып, елімізді жаңғырту жолында ұйысуымыз маңызды. Бұл болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті борышымыз» дейді. Тәуелсіздігімізді сақтап, ұлттық бірегейлікті сақтау үшін әрине, бірінші орында ғылым мен білімнің маңызы зор. Осыған орай, елімізде ғылымды дамытуға қатысты жұмыстарға тоқтала кетсек, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті білім мен ғылым сапасын арттыру мақсатында университет декандары мен кафедра меңгерушілерін жаңартуға қатысты конкурс ұйымдастырған болатын. Бұл туралы университет басшысы Ақылбек Қажығұлұлы «Конкурсқа өз қызметкерлерімізден бөлек, еліміздің басқа өңірлерінің жоғары оқу орындарынан профессор-оқытушылары қатысты. Конкурстың сараптауының нәтижесінде, факультет декандары мен кафедра меңгерушілерінің жетпіс пайызы жаңарды. Конкурстан өткен үміткерлер өз салалары бойынша біліктілігі мен білімін, ғылым мен білім берудегі жинақтаған тәжірибелерінің мол екендігін анық көрсете білді. Конкурстан күткен нәтижеміз де осы еді. Конкурс ашық және әділетті түрде өтті. Сондай-ақ басты назар үміткерлердің білімі мен біліктілігіне аударылды», – дейді.
Сонымен қатар ғылымға көпшіліктің қызығушылығын арттыру мақсатында әрі ғылымда жүрген мамандардың мәртебесін арттыруға байланысты жуырда Ғылым және білім министрі Саясат Нұрбек мемлекеттік ғылыми стипендия иегерлері атанған ғалымдарды, үздік ғылыми қызметкер атанған ғалымдар мен премия иегерлерін құттықтап, төсбелгі мен арнаулы сертификаттарын да табыстады.
Ғалымдарға жасалған бұл марапат үлкен ғылыми шабыт беретіні сөзсіз. Әрі мұндай марапат ғылыми ізденіске сүйрейтіні анық. Жалпы «Жаңа Қазақстанды» құрудағы басты мақсат – еліміздің білімі мен ғылымы бәсекеге қабілетті, заманауи жоғары деңгейде болғаны маңызды. Ал оны жүзеге асырушы білікті кадрлар. Сол себептен де ғылым жолында жүрген мамандар лайықты марапатын алып, еліміздің білімі мен ғылымы жолында әлі де талай еңбектенеді деген сеніміміз мол.