Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 28 Қазан 2021

Ғылымдағы тазалық

None
None

Данышпан Абайды, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовті, Алаш қайраткерлерін «тірілткен» белгілі қаламгер, жазушы, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, публицист, қоғам қайраткері Тұрсын Жұртбай жуырда ғана 70 жасқа толды.

Оның қазақ әдебиетіне, қазақ тарихына қосқан еңбегі ұшан-теңіз. Қос томдық тарихи-танымдық «Дулыға», «Бейуақ», «Бесігіңді түзе!..», «Талқы», «Мұхтар Әуезов», «Құнанбай», «Сүре сөз» еңбектерінің ғылыми құндылығы аса жоғары. «Ұраным – Алаш!» атты үш томдық зерттеуінің өзі ұлт руханиятына қосылған баға жетпес асыл қазына.

Алаштанушы ғалымның жетпіс жасқа толған қуанышына орай, филология ғылымдарының докторы, профессор Күләш Ахметтің  Тұрсын Жұртбай туралы жып-жылы жазбасын жариялап отырмыз.     

Тұрсекеңдер 1997 жылы жетпіске келіп Алматының басы күнде жиын күнде тойға ұласқан тұста күні кеше жетпіске келген Тұрсын Жұртбай небәрі қырық төрт жаста  екен. Алаш азаматтарың құт қадамы егемендікті ілестіре келгенде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған да қазақ ғалымдарының осы поколениесі болатын. Содан бері қанша жаз, қанша күз өткенін еске алып жыл соңынан жылдардың зымырап ағып өтіп жатқаны көңілге қаяу түсіргенмен, самсаған цифрларды саралай бастасаңыз санада сайрап тұрған талай тарихи күндер қуантады… Ол кезде мерейлі жетпіс жасқа абыройлы жеткен ағаныңда, той да жүрседе ойда жүретін інінің де   қатары қарағайдай иін  тірескен тығыз еді...

Зерттеу объектінің қиуы қырық қатпар оқиғаларының тарихи шындығын әркім-ақ шешкісі келгенмен, талант пен білімге әр беретін де, нәр беретін де азаматтық мінез екенін уақыт әркез дәлелдеп-ақ келеді. Соның нақты дәлелі Тұрсын Жұртбай. Тұрсын Жұртбай ғылымындағы мінез десекте, мінезіндегі ғылым десекте негізгі қазығы адалдық, шындық екені айдан анық. Олай болмаған жағдайда Тұрсекең – Тұрсынбек Кәкішев Тұрсын Жұртбайдың жазған, сызғандарын қадағалап, астын сызып, белгі соғып, цитатасын алып, айтқандарын куәлікке тартпаған болар  еді.

Әуезовтанушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай мен Сәкен, Сәбиттанушы Тұрсынбек Кәкішевті «кейбіреулер» барикаданың екі жағына қанша ығыстырғысы келседе ығыстыра алмайтын. Араларында өздері ғана түсінетін, өздері ғана сенетін бір ұқсастықтар болатын. Ол дауданда, жауданда қайтпайтын қайсар мінездерінен көрінетін. Оның бір себебі екеуі де 15-тамызда туылған арыстандар. Тұрсын Жұртбай міндетті түрде телефон шалатын. Сырт қарағанда сөзге сараң Жұртбайдың сол қоңырауы бүкіл үйді қуаныш, шаттыққа көміп тастайтын. Бұл – бір.

Екіншіден,  Тұрсекең көп айтатын ауырдың үсті жеңілдің астымен жүруді ар санайтын адал еңбек,  маңдай  тер. Архив ақтарғанда  екеуіде алдарына жан салмайтын «жанкештілер». Кездесе қалса шүйіркелесе қалатын әңгімелері Тұрсекеңнің анау қайда, мынау қайда деген қаптаған сұрақтан өткендегі уәде қайдаға ауыса бастағанда ыңғайы келсе әзіл-қалжыңға жығып,  басын сауғалап алғанына іні мәз, тағы «алданып» қалғанына аға мәз арқа-жарқа болып қалатын. Тұрсекеңнің тапсырмаларынан тұра қашқандай болып жүретін сол сәттер Жұртбайдың жадынан сағынышты  сағымға айналмаса, өше қойған жоқ шығар… Себебі, құшағын айқара ашатын сәттер Тұрсекең тарапынан екінің біріне жасала бермейтін.

Төртіншіден, ғылымдағы  тазалық. 2010 жылы 25 қазан күні «Сәбит Мұқанов – қазақ әдебиеті тарихын  зерттеуші» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғадым. Кеңес төрағасының: Тұрсеке, Тұрсын Жұртбайдың оппоненттігін өзгертейік, айтыс-тартыстың бізге қажеті канша, дегеніне а, что, айтысса айтыссын, тартысса тартыссын бізге керегі Сәбең туралы шындық, – деп Тұрсекең бой бермеді...

Ғылыми кеңесшім де осындай үрейде болды ма, жоқ басқа бiр себебі бар ма жалғыз докторантының қорғауына катыспады...

Ғылыми кеңесте өзiнiң кезектi сөзiн алған оппонент Тұрсын Жұртбай: «Менiң осы қорғауға арнайы келiп катысуыма үш түрлі себеп бар, -деді. Біріншісі, Сәбеңнiң — Сәбит Мұқановтың Әуезовтің ғана емес бүкіл алаш азаматтарының алдында тазалығына көзiм әбден жеткендіктен келдім. Тіпті Сәбит Мұқановты жақсы көріп кеттім»дегенде екіұдай ойда отырған аудитория дүркірете қол соқты. Кеңес төрағасы қол соғуға болмайтынын ескертті. Бірақ бұл ғылымдағы тазалыққа көрсетілген құрмет едi!

Екіншісі, Тұрсеке, сiз үшiн келдім. Сіз — ғалымсыз. Сіз — ұстазсыз. Сіз- рухани әкемсіз. Сіздің шапағатыңызды көргендер көп, менде көрдім. Бірақ ол сіздің есiңiзде жоқ. Себебі сіз есеп — қисапқа жоқсыз...

Yшiншi себеп диссертация, тақырып, диссертант төңірегінде. Өзім туралы пікірінен гөрі Сәбиттанудан дәріс беріп жүрген мен үшін ең маңыздысы Сәбең жөнiндегi бiрiншi пiкiрi еді. Себебі неге екенін білмеймін сол қорғауда өзіміздің студенттер көп болды. Сырттан келгендерге орын жетпей орындарынан тұруға тура келгенін сылтауратып шығып кетуге де болар еді. Бірақ солар Тұрсын Жұртбайды көруге, тыңдауға ынталы болды ғой деп ойлаймын. Сол ынталарының нәтижелі болғанына қуандым...

Тұрсекең — Тұрсынбек Кәкішев осы мерейтойдың тұсында болғанда көсілтіп мақаласында жазатын еді, атарттырып Астанаға да баратын еді. Ағайын — туысы, қатар — құрбысы, ғылымдағы үзеңгілестері алдында Тұрсын Жұртбайдың мерейін асырып, қадір — қасиетін арттырар еді. Бұл мерейтойлардың тұсында айта беретін көп жәреуке создердің бірі емес.

Шыны солай !

АХМЕТ Күләш Садыққызы

Филология ғылымдарының докторы, профессор

Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті,

Филология факультеті қазақ әдебиеті кафедрасы

Тегтер: