Халық әртісі болу үшін Затаевич болу міндетті емес, Кәрімов болсаң жетеді

Апта басында өнерпаздар ұлттық мәдениетті дамытуға және насихаттауға қосқан айрықша үлесі, мәдениет саласындағы аса үздік жетістіктері және елімізге сіңірген еңбегі үшін марапатталды.
Бірақ осы марапатты қазақ қоғамы әдеттегідей наразы кейіпте қабылдады. «Саяси есеппен, науқанмен атақ беру үрдісі әлі де жойылмапты» деген баға берді.
Әнші Әлішер Кәрімовтің «Қазақстанның халық әртісі» атағын алуы – отқа май құйған жағдай болды деуге болады. Тіпті негізгі себебі де сол болғандай бір күй. Қоғамның пікірінше, оған атақты биылғы ассамблеяның 30 жылдығына байланысты белден басып алып берген.
Халық әртісі демекші, бұл атақты алғаш рет қазақ даласының әні мен өлеңін қағазға түсірген Александр Затаевич алған. Оған 1923 жылы «Қазақ КСР-інің халық әртісі» атағы берілген. Сөйтіп, ұлты басқа өнерпаз қазақ өнерінің алғашқы халық әртісі атанған. Бұл – тарихи факт және Затаевич оған лайықты да еді. Ал Кәрімовтің «Қазақстанның халық әртісі» атағын алуын халықтың өзі түсінбей отырған сыңайлы. Әлеуметтік желілерде де, өнер иелері арасында да наразылық басым. Осыған байланысты «Жас Алаш» бірнеше өнер қайраткерлерінің пікірін сұрады.

Рамазан Стамғазиев, Халық әртісі: Еңбегі сіңген, атағы жоқ әншілер көп
Атақты бергені дұрыс па, дұрыс емес пе – оны халықтың пікірі шешеді. Мен білетін Әлішер кішкентайынан қазақша ән айтып, «Бозторғай» дейтін халықаралық байқауда орын алған, қазақтың туын көтеріп, шет елдердің үлкен сахналарында ән салып, қазір де үлкен сахналарда өнер көрсетіп, айтулы байқауларда Қазақстан атынан қатысып жүрген жігіттердің бірі. Оның қасында өзі қазақ бола тұра қазақша бір сөз білмейтін, қазақша ән айта алмайтындар да құшақ-құшақ атағын жинап жүр. Соларға қарағанда өзі жас болса да біраз жерге барып, тер төгіп жүргені рас.
Дегенмен, мәселеге екінші қырынан да қарауға болады. Мысалы, біздерде жасы келген, өмірін өнерге арнаған, қолында қара домбырасы бар, алты ай қыс далада жүргендер, сонымен бірге, мәдениеттің үлкен сахнасында қазақтың дәстүрлі әндерін орындап, дәстүрдің көшін жетелеп жүрген жастар да бар. Соларға да ретімен, жөнімен беру керек еді. Өйткені олардың орны, еңбегі бар.
Мысалы, кенжелеп қалған сыбызғы дейтін аспап бар. Соны тірілтіп, үлкен мектептер ашып, оқулық құралдар, хрестоматия жазып, «Мәңгілік сарын» дейтін антология жазып жүрген мықты ұстаздар бар. Одан бөлек, әрбір өлкенің әншілік мектебінің көшін сүйреп жүрген жастар бар. Халық біледі, бірақ біреуінің де атағы жоқ. Соларға беру керек еді. Енді халық беру керек дегенімен, арнайы министрлік отыр, солардың бағалаған дүниесі. Оған «сенікі дұрыс емес» деген күннің өзінде дегенін істейді.

Ерлан Төлеутай, дәстүрлі әнші: Атақ – теңге сияқты құнсызданып барады
Әлішерді кінәламаймын. Бірақ өнерді қазір саясиландырып жатыр. Ассамблея қашан қазақтың ұлттық өнеріне үлесін қосып еді? Біздің жалпы мәдени салада қаншама әділетсіздік болып жатыр. Өнерпаздар қуғынға ұшырайды. Тұрсыновтар қысымға шыдамай шетел асты. Мен Тұрсыновты түсінемін, оған жасалған қысымдар шектен шықты. Боттардың шабуылы күшейіп кетті. Оған «қой» дейтін кісі жоқ. Ал Әлішерге келетін болсақ, ол жап-жақсы өнерпаз. Бірақ жас қой. Ассамблея алып бергісі келіп жатса, бізде басқа ұлттардың қаншама театрлары бар. Еңбегі сіңген өнер иелері бар. Сондай ардагерлерге беретін жөні еді. Кәрімов халық әртісі атағын алатындай деңгейге жеткен жоқ. Басқа ұлтқа беремін десе, Кәрімовтің әкесіндей өнерпаздар жетеді. Қартайып, өнерге еңбегі сіңіп отырған адамдарға неге бермейді! «Түйенің танығаны – жапырақ» дегендей, бір өнерпаз алу керек деп Кәрімовке беріп жіберген сияқты. Әлеуметтік желіні қарап отырсаң, бұған қатысты «Кәрімов осылардың мерекелерінде жүреді екен, министрдің тойында ән айтады екен. Солардың сүйіктісі болып, жеке танығандықтан беріп жіберді» деп жазып жатыр. Бірақ жол деген, жөн деген болады. Баяғыда Шәмші ағамыз халық әртісі атағын бергенде «менің алдымда жолы да, жөні де үлкен Әбілахат Есбаев ағамыз тұр» деп алмай қойған екен. Себебі бұл атақ жасы мен өнеріне, сіңірген еңбегіне сай болуы керек. Бұрын мұның бәрі ескерілетін. Баяғының министрлері қадағалайтын. Біреудің алдын орап кетпейтін. Енді ассамблея келеді де атақты беріп жібереді. Бұл жерде атақ алған өнерпазды емес, бергендерді, оның ішінде ассамблеяны кінәлауымыз керек. Ассамблея ешқашан ұлттық өнерге үн қатпаған. Төтеден қосылып, алып бере салады. Наразылықтың басы осында болып тұр. Биыл ассамблеяның 30 жылдығы екен. Өзінше тартулары болу керек. Бірақ оған халық көнбейді ғой. Халықтың да көңіліне қарау керек.
Оның үстіне қазіргі эстрада өкілдері көбіне фонограммамен айтады. Бір сөзбен айтқанда – фанерщиктер. Оларға бергенде абай болу қажет. Қазір халық тобырлық әншілер мен қоғамның миын ашытқан молдаларды жек көреді. Өнер мәселесіне келсек, бұл күшке салатын нәрсе емес. Оның жоғарыда айтып өткенімдей, жолын білу қажет. Қазір біздің мәдениетті жүйесіздік жайлады. Киногерлердің айқайы қаншадан бері шығып жатыр. Бұл оңай шешілетін мәселе еді. Бірақ соның өзін шешпей отыр. Тек күшке сала береді. Бір жағына бұл саботаж деп те ойлаймын. Жаңа Қазақстанды жек көрінішті етіп көрсету ме деп те қаласың.
Біздің теңге қаншалықты девальвацияға ұшыраса, мемлекеттің беретін атақтары да сондай, құнсызданып барады. Мереке сайын орден, медаль дегендер жаңбырша жауады. Лайық па, лайық емес пе – қарамайды. Кім билікке пысықтық танытады, сол маңайда ойқастайды, солардың «бешіріне» барып ән айтады, күй тартып, өнер көрсетеді – солар «өнерпаз» атанады. Қазір телеведение мен радио «фанерщиктерді» насихаттайтын болды. Ұлттық өнер адыра қалды. Бұл дұрыс емес. Бірінші кезекте ұлттық өнерпаздар тұруы керек деп есептеймін. Он жылдан бері Қайрат Байбосыновқа Еңбек ері атағын сұраған еді. Әйтеуір, беріпті. Оған қуануымыз керек. Бірақ әділет бәріне бірдей болуы қажет.
Биліктегілерге тойда селтеңдеп жүргендер өнерпаз болып көрінеді. Әйтпесе, Кәрімовтің әкесіндей, атасындай өнерпаздар отыр. Бірақ оны шенеуніктер танымайды. Әр нәрсенің шегі болады ғой. Бұлар сол шекті білмейді.