Халық несие алуға мәжбүр, Қошанов мұны білмейді
Қазақстан тұрғындарының 84 пайызында, яғни 8,4 миллионға жуық азаматта несие бар. Кейінгі бір жарым жылда бұл көрсеткіш 27 пайызға артқан. Ең қиыны екі миллионға жуық қазақстандық қарызын уақытылы төлей алмай жүр. Олар түрлі несие беретін ұйымдарға шамамен 1,4 трлн теңге қарыз.
Несиеге байланысты, әсіресе қайтарылмай жатқан қарыздарға қатысты осы уақытқа шейін аз айтылған жоқ. Бірақ мұның нақты шешімі болмап еді, жақында мәжіліс төрағасы Е.Қошанов несие алушыларға шүйлікті. «Халықтың шамадан тыс несие алуын азайту және қаржылық сауаттылықты арттыру туралы» парламенттік тыңдауда Е.Қошанов несие беретін ұйымдардан шектеусіз кредит алып, қарызға батып жатқандардың саны аз емес екенін айта келе: «Жасыратыны жоқ, көптеген азамат өзінің қаржылық құқығын біле бермейді. Қазір банктерден шектеусіз несие алып, қарызға белшесінен батып отырған азаматтарымыз көп. «Халық несие қамытын киіп отыр» десе де болады. Адамдардың несиеге тәуелділігі мен қаржылық сауатының төмендігі үлкен әлеуметтік проблемаға айналды», – деді. Мәжіліс төрағасы мұнымен шектелген жоқ. Халық жөн-жосықсыз несие алады, қаржылық сауаты әлсіз деген сыңайда да сөз айтты. Алайда экономист сарапшылар Е.Қошановтың бұл уәжімен келіспейді. Мұндағы басты кілтипан қымбатшылықтың етек алуы, адамдардың айлығының күнделікті қажеттілікке жетпеуінен деп есептейді. Экономист Сапарбай Жұбаев: «Адамдар көп жағдайда несиені қаржылық сауатсыздығынан емес, мәжбүрлігінен, мұқтаждығынан алады. Мысалы, баласын мектепке дайындайды, оны киіндіреді, бұған ақша керек, қолында болмаған соң несие алады. Шынын айтқанда, несиеге телефон сияқты дүниелер алатын адамдар тым аз. Бірақ біздің биліктегілер, әсіресе депутаттарымыз осы мәселені айтқанда бұның байыбына бармай: «халықтың қаржылық сауаты жоқ» деп байбалам салады. Жоқ. Қазақ қаржылық сауатсыз емес, олар ипотеканы біледі. Соған сүйеніп, үй алып жатыр. Ал ипотеканы білетін адамдар үшін тұтыну несиесі дегеніңіз өте оңай дүние. Қазір бір миллионнан артық адам несиесін қайтармады деп айтылып жатыр. Демек, олар мұқтаж жандар. Ең әуелі осы мәселені үкімет шешуі тиіс», – деді.
Несие мәселесін шешу үшін үкімет бұған дейін «Қазақстан азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» деп аталатын заң қабылдаған еді. Осыған сәйкес азаматтар өтініш жазып, банкроттығын дәлелдесе, азаматтардың несиесі кешіріледі. Осыған дейін 70 мыңдай адам бұған өтініш беріп, 6 мыңдай азаматтың несиесі кешірілген. Алайда С.Жұбаев мұны «екі жақты әсер етеді» дейді. Себебін былай түсіндірді. «Бұл заң ең алдымен несие беретін ұйымдардың жауапкершілігін арттырады. Себебі мұндай ұйымдар азаматтарға несие беріп, оны алушы қайтара алмай қалса, сосын оны «банкрот» жарияласа оның ақшасын ешкім қайтарып бермейді. Сондықтан бұл заңнан кейін несие беретін ұйымдар өз жауапкершілігін түсініп, несиені қайтара алатын азаматтарға ғана беруге тырысады. Сондай-ақ несие алатын адамның да жауапкершілігі арта түседі. Себебі несиесін қайтара алмаған азаматтар бірден банкрот деп жариялана салмайды, оның өз ереже, тәртібі бар. Сіз несие алып, оны қайтармай қойып, ақырында банкроттық арқылы бұдан құтылып кете алмайсыз. Екіншіден, банкроттық жарияланғаннан кейін сіз бес жылға дейін несие ала алмайсыз. Үш жылға шейін сіздің табысыңызды бақылап отырады. Әрине, бұлай болғаны дұрыс, дегенмен мұндай әдіс те нақты шығар жол емес. Ең дұрысы – мемлекет мұқтаж адамдардың санын анықтап, оларға өздері жәрдем беруі керек. Қажеттілігі бар азаматтар алдымен қаржы ұйымдарына жүгірмей, үкіметке жүгінулері керек. Осындай азаматтардың қажеттілігін шешу үшін мұны бюджеттен қаржыландыру мәселесін үкімет қолына алуы қажет. Әрине, бұл тарапта да жұмыстар істеліп жатыр. Бірақ бөлінген қаржы нақты зәру, қажет адамдарға жетуі тиіс, жол ортада біреулердің қалтасына түсіп кетпеуін қадағалау қажет».
Ерлан Жақанұлы басқарған үкімет отырысында несиеге қатысты мәселе біраз талқыланды. Тиісті министрліктер әртүрлі ұсыныс жоспарларын ортаға салғанда, халықтың несие алуға мәжбүр боп отырғанын да ескерсе дейсің.
Жақсылық Қазымұратұлы