Халық өзінің сәби көңілін осылай жұбатып отыр

«Қайраттың» жетістігіне жұрт жаппай қызығып жатыр. Әрине, бұл солай болуы тиіс заңды құбылыс. Таңғалуға болмайды.
Оның үстіне біз секілді жаңа мемлекет құрған, жаңа мемлекет құру жолында қателігі көп, жеңісі аз жұрттар үшін мұндай жетістік көп талқыланады, көп үлгі етіледі. Сәби халық ретінде біз соны өзіміз қызықтап, риза боламыз. Спорттық тұрғыда қарағанда «Қайрат» футбол клубының чемпиондар лигасына шығуы – белгілі бір кезеңнен өту ғана. Яғни іріктеу кезеңінен енді өтіп жатырмыз. Әрине, «Қайрат» үлкен жетістікке әлі жете қойған жоқ, бірақ осындай кезеңнен өтудің өзі біздің халық үшін ұлы жеңіс. Белгілі бір дәрежеде халық өзінің сәби көңілін солай жұбатып жатса, мұны олқы қылық деп көруге болмайды. Яғни, халық өзін осылай, «біздің ұлы жеңістеріміз алда» деп жұбатады. Сондықтан футболшыларға кәсіпкерлер сыйлық беріп, көлік мінгізіп жатса, оған «қой» деп ешкім айта алмасы анық. Бұл да белгілі бір дәрежеде адамның өзінің пиары, белгілі бір дәрежеде өз кәсібін жылжытудың амалы және ең әуелі ақ ниет қана. Қанша жоққа шығарғымыз келсе, біреудің ниетін біреу дөп басып айта алмасы анық. Мұндай серпіліспен халықты тек уақытша ғана қызықтырмай, тұрақты табыс жасағанымыз абзал. Есі дұрыс мемлекет әдетте солай істейді. Мысалы, «Реал Мадрид» командасы чемпиондар лигасын он бес мәрте жеңіп алды. Мұндай атаққа ешкім жеткен жоқ. Жетістікті тұрақты ете алды. Ал біз 2015 жылы «Астана», арада он жыл өткен соң 2025 жылы «Қайрат» командалары іріктеуден өткенінің өзін үлкен жеңіс көріп отырмыз. Демек, бізде тұрақтылық жоқ. Яғни, жеңіс заңдылыққа айналу үшін тұрақтылықты қамтамасыз етуіміз керек. Елде футбол академияларын ашып, футбол инфрақұрылымын дамыту керек. Анда-санда Алматыға «Реал» келді деп шабылып қалмай, соны тұрақты етсек, жасампаз ұлтқа айналамыз. Біздің балаларымыз бен немерелеріміздің дәуірінде Қазақстанның мұнайға не басқа да шикізатқа сүйенген рөлі жойылып, керісінше, ақылмен, оймен не спортпен танылатын ел болатын күнге жетеміз деп ойлаймын. Қазір сол кезеңнің алғышарты жасалып жатыр, біз сәби көңілмен соны тамашалап отырмыз.
Ал «Реал Мадрид» келгенде жұрттың билет таппай, «Пафос» келерде билеттердің өтпеуі қоғамның ұлы нәрсеге қатысы бар болуына ұмтылысы деп ойлаймын. Себебі «Реал Мадрид» – спорт әлеміндегі ұлы құбылыс. Испанияның корольдік клубы болғанымен, әлемдік деңгейдегі бренд. Сол брендті әркім көзімен көргісі келеді. Келесі буынға естелік айтқысы келеді. Мұның ішінде өзіңіз айтқандай, бір сәттік қана жанкүйерлер болуы мүмкін. Ол шынайы жанкүйер болса, өткендегі ойындағыдай стадион үнсіз отырмас еді. Яғни, жанын салып, жігіттер шабуылға шыққан сайын дем беріп, қолдап отыруға тиіс еді. Ал стадионның жартысы үнсіз отырды дейді. Бұл жерде кездейсоқ адамдар көп болған. Ал «Пафос» – бренд емес, құрылғанына көп болмаған, енді ғана қалыптасып келе жатқан команда. Демек мұндай командаға шын жанкүйерлер ғана барғысы келеді. Ал билет бағасы шын жанкүйерлер көтеретіндей емес. «Қайраттың» менеджементі немесе билет сатуды басқарып отырған адамдар «Реалдың» даңқымен «Пафосқа» арналған билет өтіп кетеді деп ойласа керек. Бірақ шын жанкүйерлер «Пафостың» қандай команда екенін біледі. Былтыр «Астанамен» ойнағанда 87-минутта ғана гол соғып, жеңіске жеткен. Көп адам мұндай команданың матчын телевизордан көре салғанды дұрыс деп біледі. Міне, осындай екіұдай жағдай туындап отыр. Шын жанкүйер кім екенін, өтірік жанкүйер қандай болатынын осы екі ойын көрсетіп берді. «Қайраттың» шын жанкүйерлері бар, алдағы матчқа солар барады. Бірақ билет бағасын түсірмесе, алдағы ойында Орталық стадион толмай қалады. «Реал» келді екен деп барлық матчқа мұндай баға қою қате шешім деп есептеймін. Бұл шын жанкүйерді матчтан шет қалдыратын шешім. Сондықтан клубтың басшылары болсын, қала басшылары болсын, билетке жауапты адамдар бәрін ақыл таразысына салып, өлшеу керек деп есептеймін. Қазақстанда шын жанкүйер бар, бірақ олар әр матчқа 30-250 мың теңге төлейтін деңгейде емес. Сондықтан «Қайрат» оларды қинамағаны жөн.
Есей Жеңісұлы,
спорт журналисі