Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:55, 25 Маусым 2024

«Халық заңгері» акциясы халыққа не береді?

1
Фото: ашық дереккөз

Заң – өркениетті қоғамның ажырамас бөлігі.

Адамзат баласы жаңа дәуірге аяқ басқаннан бері әлемді бірқалыпта ұстап тұрған да – осы заң. Заңы кемелді, құқықтық мәдениет қалыптасқан елде ғана нағыз демократия орнайды.

Қазақстан – заң үстемдік құратын құқықтық мемлекет деп жүрміз. Ендеше, елдің әрбір азаматы заңды толық түсініп, құқықтық сауат қалыптастыруы қажет. Сонда ғана халық өзінің заңды құқығы мен заңды жауапкершілігін біліп, заң аясында жұмыс істейді.

Әрбір азамат заңды білу құқық қорғау органдары мен заңгерлердің ғана шаруасы емес екенін білуі қажет. Барша жұрт заң талаптарын білсе, азаматтық қоғам қалыптасып, елде заң үстемдігі орнайды. Сонда ғана демократиялы және құқықтық мемлекет құруға мүмкіндік туады.

Осы мақсатта бірнеше жылдан бері еліміздің әр өңірінде «Халық заңгері» республикалық акциясы өтіп келеді. Акцияның негізгі мақсаты – халықтың құқықтық сауатын жоғарылату, көпшілікке құқықтық көмек көрсету, тегін заң кеңестерін беру. Мамандар мұндай шара өз жемісін бергенін айтып жүр. Кейінгі жылдары жұрттың заңдық сауаты біршама артты. «Халық заңгері» акциясына құқық қорғау органдарының заңгерлері қатысып, тұрғындардың түрлі сауалына заң тұрғысынан кеңестер береді.

Сондай акцияның бірі жақында Шымкент қаласында өтті. Акция Қазақстан Республикасы үкіметінің қолдауымен өтті. Шара ұйымдастырушылары – ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, ҚР әділет министрлігі, Шымкент қаласы әкімдігі, «Параграф» ақпараттық жүйесі, республикалық адвокаттар алқасы, мемлекеттік билік органдары, Қазақстанның үздік заңгерлері мен адвокаттары.

Акция Шымкент қаласындағы Арбатта (Бейбітшілік көшесі 4-6) өтті. Шара мегаполис тұрғындарының құқықтық сауатын арттырып, заңдық көмек көрсетуді көздейді. Акция аясында кез келген азамат заң қоғамдастығындағы ең үздік өкілдерден тегін құқықтық консультация ала алады. Кеңесшілер арасында белгілі адвокаттар, нотариустар, прокурорлар, тергеушілер, сот орындаушылары, мемлекеттік органдардың басшылары бар.

Қазақстанда «Халық заңгері» акциясын ұйымдастыру жыл сайынғы дәстүрге айналды. Сарапшылар бұл жоба шын мәнінде жұрт үшін пайдалы болғанын айтады. 2016 жылдан 2023 жылға дейін аталған акцияға сегіз мыңнан астам үздік сарапшы және мемлекеттік органдардың шешім қабылдай алатын құзыретке ие өкілдері қатысты. Мұндай шараларға 165 мың азамат қатысып, құқықтық көмекке жүгінді.

ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен бұған дейін де бірнеше рет халыққа заңгерлік көмек көрсету бойынша әлеуметтік акция өткен. Адвокаттар, заңгерлер, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысқан шараларда тұрғындар жер қатынастары, білім беру, тұрғын үй, жұмыспен қамту салаларындағы құқықтық мәселелерін шешуге мүмкіндік алады.

Қуан Өмірхан

Шымкент қаласы