Халықаралық қылмыстық сот Талибан жетекшілерін тұтқынға алу туралы ордер берді

Халықаралық қылмыстық соттың (ХҚС) Алдын ала тергеу палатасы II «Талибан» қозғалысының жоғарғы көшбасшысы Хайбатулла Ахунзада мен Талибан Жоғарғы сотының төрағасы Абдул Хаким Хакканиге қатысты тұтқынға алу туралы ордер шығарды.
Бұл туралы ХҚС-тың сейсенбі күні жарияланған мәлімдемесінде айтылды
Құжатта көрсетілгендей, сот өкілдерінің қолында Ахунзада мен Хакканидің адамзатқа қарсы қылмыстарға қатысы бар екендігі туралы жеткілікті негіздер бар. Атап айтқанда, олар жыныстық белгісі бойынша, әсіресе қыздар мен әйелдерге, сондай-ақ Талибанның жыныстық саясатымен, гендерлік сәйкестікпен және өзін-өзі білдіру нормаларымен келіспейтін өзге де адамдарға қарсы қудалау қылмыстарын бұйрық беру, арандату немесе итермелеу арқылы жүзеге асырған деп күдікке ілінді. Сонымен қатар саяси ұстанымына байланысты қыз-келіншектерді қолдайтын тұлғаларға да қысым жасалған.
Аталған қылмыстар Рим статутының 7-бабы, 1-тармағы, h-тармақшасына сәйкес адамзатқа қарсы қылмыс ретінде қарастырылады. Бұл әрекеттер Ауғанстанда 2021 жылғы 15 тамыздан бастап, яғни Талибан билікке келгеннен кейін, 2025 жылғы 20 қаңтарға дейін жасалған деп есептеледі.
Палата «Талибанның» жүйелі түрде азаматтық халықтың негізгі құқықтары мен бостандықтарын шектеген мемлекеттік саясат жүргізгенін атап өтті. Шектеулердің бір бөлігі бүкіл халыққа қатысты болғанымен, әйелдер мен қыздарға жыныстық белгі бойынша ерекше қысым жасалған, олар негізгі құқықтарынан жүйелі түрде айырылған. Атап айтқанда, Талибан жарлықтар мен шешімдер арқылы қыз-келіншектердің білім алу, жеке және отбасылық өмірге қол сұқпау, еркін жүріп-тұру, пікір білдіру, ой, ар-ождан және дін бостандығы құқықтарын шектеген.
БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында БҰҰ бас хатшысының баспасөз хатшысы Стефан Дюжаррик:
«Халықаралық қылмыстық сот – тәуелсіз орган. Біз оның қызметіне құрметпен қараймыз және барлық мемлекеттерді оның жұмысын құрметтеуге шақырамыз», - деді.
Сонымен қатар ол Ауғанстандағы жағдайға қатысты БҰҰ әйелдер мен қыздардың құқықтары мен бостандықтарын үнемі қолдайтынын атап өтті.
Айта кетейік, қаңтар айында Халықаралық қылмыстық сот Талибан басшыларына тұтқынға алу ордерін беру туралы сұрау салған болатын.