Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:45, 14 Наурыз 2026

Халықаралық құқық қорғаушылар үкім қарсаңында «Атажұрт» белсенділеріне тағылған айыптарды алып тастауды талап етті

шыңжаң
Фото: скриншот

Халықаралық құқық қорғау ұйымы International Partnership for Human Rights (IPHR) және Қазақстандағы Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюро Қазақстан билігін «Атажұрт» қозғалысының 19 белсендісіне тағылған айыптарды алып тастап, оларды босатуға шақырды. Тиісті мәлімдеме сот процесінің аяқталуына жақын қалған тұста жарияланды.

IPHR ұйымының директоры Брижит Дюфурдың айтуынша:

"Атажұрт” қозғалысының 19 белсендісін қылмыстық қудалау пікір еркіндігін шектеудің кеңірек үрдісінің бір бөлігі болып отыр және “алауыздық қоздыру” туралы көмескі баптың теріс қолданылып жатқанын көрсетеді. Қазіргі жағдайда дұрыс шешім – айыптарды алып тастап, белсенділерді босату", — деді ол.

Келесі сот отырысы 2026 жылдың 19 наурызына белгіленген. Сол күні сот үкім шығаруы мүмкін. Егер айыпталушылар кінәлі деп танылса, оларға 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы ықтимал.

Белсенділерге Қылмыстық кодекстің 174-бабы ("ұлттық алауыздықты қоздыру") бойынша айып тағылған. Бұл іс 2025 жылдың қарашасында өткен бейбіт наразылық акциясымен байланысты. Акция барысында қатысушылар Қытайдың Шыңжаң аймағындағы этникалық қазақтардың қудалануы туралы айтып, Қытай билігінің қолында отырған Әлімнұр Тұрғанбайды босатуды талап еткен.

Әлімнұр Тұрғанбай
Фото: Әлімнұр Тұрғанбайдың жеке архиві

Алғашында акцияға қатысушылар "ұсақ бұзақылық" бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Кейіннен билік бұл іске қатысты қылмыстық іс қозғаған.

Құқық қорғаушылардың мәліметінше, 13 белсенді қамауда отыр, ал тағы алтауы үйқамақта. Сонымен қатар ұйымдар кейбір айыпталушылардың денсаулығына алаңдаушылық білдіріп, оларға психологиялық қысым көрсетілгені туралы хабарларға назар аударған.

IPHR мен КМБПЧ бұл қылмыстық қудалауды Шыңжаңдағы этникалық қазақтар мен басқа да түркі халықтарын қорғауға бағытталған белсенділердің қызметіне жауап ретінде жасалған әрекет деп бағалайды. Ұйымдар Қазақстанның халықаралық серіктестерін бұл істі жіті бақылауға алып, белсенділердің босатылуына ықпал етуге шақырды.