Халыққа су жеткізу міндеті қапысыз орындалуы тиіс
Кеген ауданының орталығы Кеген ауылының халық саны жылдан жылға артып келе жатыр. Әрине, сонымен бірге тұрғын үй мен коммуналдық шаруашылыққа байланысты атқарылуы керек істер де мол.
Соның ішінде таза ауыз су, кәріз желілерінің қолайлылығы, жылыту маусымындағы жылу беру жағы, жол мен жарық мәселелері жоғары маңызға ие. Ауданда тағы дренажды құбырлар проблемасы бар. Дренажды құбырлар терең дренаждық жүйенің негізі болып табылады, аумақты құрғату үшін қажетті суды қабылдау және ағызу қызметін атқарады. Дренаж – жерастындағы су деңгейін немесе пайдалы қазындылар кен орындарындағы, яғни массивтердегі су деңгейін төмендетуді қамтамасыз ететін әртүрлі қазбалар жүргізу арқылы құрғату тәсілі. Бұл тәсіл шахты мен карьерді салу кезінде және кен орнын қазып алу барысында қолданылады.
Коллекторлы-дренажды құбырлардың құрылыс монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Себебі ауылдағы Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің, төрт қабатты 32 пәтерлі тұрғын үйдің және Кеген орталық ауруханасы ғимараттарының жертөлесіне жерасты техникалық кермек суының толып кетуіне байланысты мәселе туындап, ауыл тұрғындары наразылықтарын білдірген. Осыдан соң 2022 жылы тиісті жұмыстарға кірісу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзерленді. Биыл мемлекеттік сатып алу порталы арқылы «Іргетас Құрылыс-2» ЖШС бас мердігер болып анықталды. Жалпы құбырдың ұзындығы – 5,5 шақырым. Мемлекеттік сараптама бойынша құрылыс монтаждау жұмыстарының аяқталу мерзімі – 90 күн. Құрылыс жұмысы жыл соңына дейін аяқталып, ел игілігіне беріледі деп күтілуде. Ал жұмыс сапасы қатаң бақылауда көрінеді. Бұл туралы Кеген аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі былай дейді:
«Жалпы құбырдың ұзындығы 5,5 км, оның ішінде орнатылатын құдық саны – 131. 104-інің диаметрі – 1500 мм, 26-сы 1000 мм, тек біреуі 2000 мм. Ал магистральді құдықтың арақашықтығы 50 метрді құрайды, ауыл ішінде салынатын құдықтардың арақашықтығы 25-35 м, қазылатын траншея тереңдігі – 1,5 м бастап 3,5 м дейін. Бұл жұмыстардың бәрі сапалы жасалғаны және өз мерзімінде аяқталуы маңызды. Сондықтан бұл процесс аудан әкімдігінің тікелей қадағалауында. Соның ішінде Кеген ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі жобаны бақылап отыр. Жалпы құрылыс-монтаждау жұмыстары үш айда аяқталуы тиіс. Қазір мердігер жоспар бойынша уақытылы жұмыс істеп жатыр».
Кеген ауданы Кеген ауылының кәріз жүйесінің құрылысын салу жұмыстары бойынша Кеген аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі ММ-і арқылы жобалық-сметалық құжаттамалары жасалуда. Жобалаушы мердігер – Ғылыми-зерттеу және өндірістік компания, «Каздориновация» ЖШС. Жобалық-сметалық құжаттамасы 2024 жылы аяқталып, мемлекеттік сараптамадан өткізу жоспарланып отыр.
Ақжол Мейірбек
Алматы облысы