Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 10:00

Халықпен ашық диалог әділдікке апарар жол

1

Астана қаласы Алматы ауданының прокуратурасы «Заң мен тәртіп» қағидасын жүйелі жүзеге асыру мақсатында халықпен ашық диалог орнатуға бағытталған ауқымды шаралар легін жалғастырып келеді.

 Сол бастамалардың бірі – «Халық заңгері» акциясы. Қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыруды көздеген бұл жоба тұрғындардың өзекті мәселелерін жедел әрі кәсіби деңгейде шешуге мүмкіндік беретін тиімді алаңға айналды.

2025 жылғы 4 желтоқсан күні сағат 16:00-де Астана қаласының Алматы ауданына қарасты Теміржолшылар тұрғын алабындағы №29 орта мектеп ғимаратында кезекті қабылдау өтті. Бұл жолғы акцияға уәкілетті мемлекеттік құрылымдардың қызметкерлері, тәжірибелі заңгерлер, құқық қорғау органдарының өкілдері және елдегі білікті адвокаттар қатысты. Мұндай кең ауқымды қатысу – тұрғындар үшін құқықтық қолдаудың қолжетімді болуын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам. Акцияның басты мақсаты – халыққа тегін құқықтық көмек көрсету, азаматтардың құқықтық сауатын көтеру және олардың күнделікті өмірде жиі кездесетін заңдық мәселелерін дұрыс бағытта шешуге жәрдемдесу. Тұрғындар көбіне түсінуге қиын немесе рәсімдеуі күрделі құқықтық процестерде қателікке жол беріп жатады. Бұл өз кезегінде уақыт жоғалтуға, қосымша шығындарға немесе құқықтарының шектелуіне әкелуі мүмкін. «Халық заңгері» акциясы дәл осы олқылықтардың орнын толтыру үшін ұйымдастырылады.

Қабылдау барысында жиналған азаматтар сан алуан сауалдар қойды. Көпшілігі кредиттік берешектерді реттеу жолдары, банк алдындағы міндеттемелерді орындау тәртібі, қиын жағдайдан шығудың заңды механизмдері туралы кеңес алды. Сондай-ақ алимент өндіру мәселелері, ата-аналық міндеттерді орындау, балалар құқығын қорғау бойынша нақты ұсыныстар берілді. Жер және тұрғын үй даулары, пәтер жекешелендіру, жер телімдеріне қатысты түсініксіз жағдайлар бойынша да кең көлемде ақпарат ұсынылды. Мұрагерлікті рәсімдеу, өсиет қалдыру тәртібі, мұрагерлер арасындағы дау-дамайды шешу жолдары сияқты сұрақтар да жиі қойылды.

Жалпы қабылдауға 50-ден астам тұрғын қатысып, кәсіби мамандардан нақты құқықтық кеңестер алды. 20-дан аса мемлекеттік орган және мамандандырылған мекемелер өз құзыреттері шегінде түсініктеме беріп, кейбір күрделі сұрақтар бойынша қосымша тексерістер жүргізуге уәде етті. Бұл мемлекеттік органдардың азаматтармен өзара байланысының ашық әрі ынтымақтастыққа негізделген жаңа форматы қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Акция тек сұрақ-жауап форматымен шектелмей, профилактикалық түсіндіру жұмыстары да қатар жүргізілді. Қатысушыларға кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, интернет-алаяқтықтан сақтану, қаржылық пирамидалардан қорғану, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу жөніндегі мазмұнды жадынамалар мен ақпараттық буклеттер таратылды. Мұндай материалдар құқықтық мәдениетті арттырумен қатар, азаматтардың әлеуметтік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

«Халық заңгері» акциясының маңызы халықпен кері байланыс орнату арқылы прокуратура мен мемлекеттік органдардың жұмысына деген сенімді нығайтуында жатыр. Бұл жолғы акция барысында әрбір өтініш жеке қаралып, кейбір мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берілді. Тұрғындар тарапынан көтерілген жүйелі проблемалар тиісті мекемелерге жолданып, олардың шешімін табу бойынша практикалық шаралар қолға алынды. Бұл іс-шаралар тұрақты түрде өткізілетіндіктен, құқықтық ағарту жұмыстарының тұрақты жүйеге айналып келе жатқаны байқалады. Прокуратураның бастамалары қоғамдағы әділдік пен заң үстемдігін қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтық жауапкершілігін арттыруға және мемлекеттік органдардың ашықтығын күшейтуге бағытталған ұзақ мерзімді жұмыстың бір бөлігіне айналып отыр.

Қорытындылай айтқанда, «Халық заңгері» – мемлекеттік органдар мен тұрғындардың арасында сенім көпірін қалыптастыратын кешенді жоба. Ол қоғамдағы құқықтық мәдениетті жетілдіруге, азаматтардың өз құқықтары мен міндеттерін терең түсінуіне септеседі, ең бастысы, күнделікті өмірде туындайтын күрделі жағдайларда дұрыс шешім қабылдауына мүмкіндік береді.

Сәруар БАҚБЕРГЕН

Астана қаласы