Халқы қазақтілді, билігі орыстілді мемлекеттің ертеңі қалай?
Біз секілді бір мәселесін отыз жыл бойына сүйреткен ел жер бетінде жоқ шығар. Соның ішінде елдің ана тілінің мәселесін күрделендіріп, қиындатып, отыз жыл бойына сүйрету ұлттық намысқа тиер, мемлекеттің ұстанымына сын мәселе.
Жасыратыны жоқ қазақ тілі халықтың жанды жері екенін ұпай жинағыштар да түсініп алған. Халық алдында сүйкімді көрінгісі келгендер қит етсе қазақ тілінің мәселесін көтеріп, жоқ жерден ұпай жинап алып жатады. Тіпті Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тіл мәселесін көтеріп сөйлеген Мұхтар Шаханов, Шерхан Мұртаза, Оразгүл Асанғазы секілді ағаларымыз бен апаларымыздың сөйлеген сөздерінің әлі күнге өзекті болуы-ақ бұл мәселенің қазақтың жанды жері, қалауы, арман тілегі екенін аңғартады. Бірақ...
Тіліміздің көсегесі көгерер емес. Халқы қазақтілді, билігі орыстілді елімізде екі түрлі сөйлеп, екі тілде ойланғандықтан, өзара түсініспей, қоғамындағы қордаланған мәселесі көп мемлекет болып отырмыз.
Осы орайда айта кетер жайт, дәл қазір қаңтардағы қантөгістен соң алаңкөңіл халық елдегі өзгерістен көп үмітті. Президенттің әрбір ісінен, әрбір сөзінен саңылаудай болса да жақсы бетбұрыс, халықтың қамын ойлау, ұлт мүддесіне сай шешім шығаруды іздейді. Бірақ кешегі Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбатын орыс тілінде беруі көп қазақтың наразылығын туғызды.
Өйткені дәл қазір ресми түрде 225 азаматынан айырылған халық мемлекет басшысынан көңіл айту күтіп отыр. Атап айтатын нәрсе қаңғыған оқтан қайтыс болған бейбіт тұрғын көп. Олардың туыстары биліктен қандай да бір түсініктеме күтіп отыр. О баста қаңтардағы наразылықтың басы қымбатшылық болғандықтан, азық-түліктің арзандауына, бағасының тұрақтануына ықпал етер ұсыныс күтіп отырғандар да жетерлік. Себебі азық-түлік бағасы әлі көтерілу үстінде. Ал билік ол мәселенің бәрін ысырып қойып, басты назарды бейбіт көтеріліске шыққандарды жазалауға арнап кеткендей. Ел ішінде сүзгілеу, халықты мазалау, тырнақ астынан кір іздеп тергеуге шақыру әрекеттері ушығып тұр. Мұның барлығы қарапайым халыққа түсініксіз болып, содыры қайсы, бейбіт халықтың талабы қайда деген сұрақтарға жауап таппауда. Жылдар бойына әлеуметтік жағдайы титықтаған халық елдің еңсесін көтерер нақты шаралардан үмітті. Өйткені қыста соғымсыз қарсы алған, күнделікті ас мәзірі нан мен етсіз тамаққа айналған, отағасы жұмыссыз, бала шағасын қалай асырарын білмеген отбасы көп. Тізе берсек қазақ қоғамының күрмеуі қиын мәселесі көп болып тұр. Сондықтан жыл басталмай жатып, отыз жыл бойына сыздаған жарасы жарылған халық үлкен өзгерістерден үмітті, көп нәрсеге түсініктеме, шешім, ұсыныс күтіп отыр. Алайда мемлекет басшысының сұрағы көп қазақ қоғамына емес алғашқы сұхбатын орыс тілінде беріп, алдымен өзгелерге есеп беруі халықтың шамына тиді. Әлеуметтік желіде талай қазақ бір бірінің аузына түкіріп қойғандай «келесі күрес тіл үшін болады, бірақ, оның соңы қиын болады-ау. Бір тілде сөйлеп, бір тілде ұғыныспай мәселеміз шешілмейді» деуі көп нәрсені аңғартады. Үйде отырса тобыр мәселесін айтып, алаңға шықса содыр атанған халық ең болмаса әлеуметтік желі арқылы ойын жеткізгісі келді ме, мемлекет басшысының орыс тіліндегі сұхбатына желі арқылы барынша қарсылық танытуда. Соны аңғарған мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли түсініктеме берген болыпты.
«Бүгін республикалық телеарналардан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбаты көрсетіледі. Осыған байланысты Президент неге мемлекеттік емес, орыс тілінде сұхбат береді деген сауалдар келіп түсіп жатыр. Аталған сұхбат әлемдік аудиторияға арналған. Қазақстанда болып жатқан оқиғаларға әлемдік қоғамдастық қызығушылық тудырып отыр. Сондықтан тақырыптың өзектілігін ескере отырып, сұхбаттың мейлінше кең таралуын көздедік. Қаңтар айында шетелдік (Ресей, Еуропа, АҚШ) ірі бұқаралық ақпарат құралдарынан Мемлекет басшысының атына сұхбат беру жөнінде көп өтініш түсті. Алайда Президенттің жұмыс кестесінің тығыз болуына байланысты біз тек «Хабар 24» телеарнасымен ғана шектелуді жөн көрдік. Отандық БАҚ-да берілетін келесі көлемді сұхбат міндетті түрде қазақ тілінде болады» деп халықты жұбатқансыпты. Бірақ оның бұл жұбатуы халықты тіпті ашындырды. «Халқымен бір тілде сөйлесе алмай отырып әлем туралы айтамыз...», «қашаннан бері орыс тілі әлемдік тілге айналған», «Әлемдік тіл орысты емес. Керек ақпаратты керек мемлекет өз тілінде аударып алады. Қашанғы Қазақ ұлтын қорлайды. Мемлекетті құрайтын ұлт неге екінші сортты ұлт болады?», «Мемлекеттік тілде беріп, аудара салу сонша қиын ба?..», «Еуропа мен АҚШ Президент Тоқаевтың сұхбатын орыс тілінде көреді дегенге сенбеймін. Егер бұл Берік Уәли айтып отырғандай әлемдік аудиторияға арналған сұхбат болса, неге ағылшын тілінде жасалмады?», «Өзгерісті неге өзінен бастамайды?» деген көптеген пікірлер әлеуметтік желі бетін жаулап алды.
«Еститін Үкімет» назар аударса елдің ендігі тілегі ана тіліміз қазақ тілінің мәселесі болып отыр. Тілші ретінде ел тілегін жеткіздік, отыз жылдық халық тілегінің шешімін табатын кезі жеткен шығар. Өйткені халық пен билік екі тілде сөйлеп, ешқашан жаңа заман құра алмайды. Мемлекет құрайтын 80 пайыз қазақтың тілін, тілегін енді естімеу өздеріңіз айтпақшы елдің ертеңін «бұлыңғырлататын» басты мәселе. Айтпақшы, отыз жыл бойына шенеуніктерімізге тіл үйрету үшін бөлінген миллиардтардың сұрауын кімнен сұрасақ болады?
P.S. Көп пікірдің арасында әлеуметтік желі қолданушысы Есбол Нұрахмет «Президент қазақ тілінде еркін сөйлей алмайды. Еркін сұхбат беру үшін өзіне ыңғайлы тілді таңдайды да сосын. Енді 70-ке кеп қалған адамға «тағы бір тілді меңгере қой» деген дұрыс емес шығар, ағайын» депті. Зілі аралас әзіл болғанымен халықтың көкейіндегі бұл да бір сұрағы. Президенттік таққа отырар алдында тапсырған емтиханына орай Мырзатай Жолдасбековтің «Абайдың қара сөздері және поэзиясы туралы тереңнен толғанып жазған. Бір де қате таппадық. Шерхан Мұртазаның «Мыңбұлақ» кітабынан үш бет оқыды. Мәнерлеп, әдемі оқыды. Үшінші еркін тақырып бойынша өзіне жақын «Қазақстанның қазіргі геосаясаты» туралы баяндады. Біздің комиссияның шешімі бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілді толық біледі екен» дегені есте.
Қазақ тіліне қоса, орыс, ағылшын, француз және қытай тілдерін жетік меңгерген мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстанды» орыс тілінде құрғысы келмеген ел тілегін ескерсе деген тілегіміз бар.