Halyk Bank басқарма басшылығына Ресей азаматы тағайындалды
«Халық банкінің» (Halyk Bank) басқарма төрағасының орынбасары – басқарма мүшесі қызметіне Михаил Хасин тағайындалды.
Бұл туралы Rbc.ru хабарлады.
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 12 қаңтар күні Михаил Хасиннің Halyk Bank басқарма төрағасының орынбасары лауазымына кандидатурасын мақұлдағанын мәлімдеген. Реттеуші органның ақпаратында Хасин банк ішінде тек ақпараттық технологиялар бағытына жауапты болатыны көрсетілген.
Кейіннен оның аты-жөні мен фотосуреті банктің ресми сайтындағы «Басшылық» бөлімінде жарияланды. Ал 27 қаңтар кешке бұл тағайындау туралы мәлімет Қаржылық есептілік депозитарийінде орналастырылды. Құжатта Михаил Хасиннің Қазақстан Республикасының резиденті емес екені және оны тағайындау туралы шешімді банктің директорлар кеңесі 19 қаңтарда қабылдағаны жазылған. Бұл жөнінде exclusive.kz те хабарлады.

Ашық дереккөздерге сүйенсек, Михаил Хасин 1975 жылы Донецк қаласында дүниеге келген. Ол Мәскеу физика-техникалық институтын «қолданбалы математика және физика» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2001 жылы физика-математика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғап, 2007 жылы Ресей Федерациясы президенті жанындағы Халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясында MBA дәрежесін алған.
Хасиннің банк технологиялары саласындағы еңбек жолы 1990-жылдардың ортасында «Диасофт» компаниясында басталған. 2001–2011 жылдары Deutsche Bank құрылымында жұмыс істеп, бағалы қағаздармен операцияларға арналған бағдарламалық өнімдерді әзірлеу бойынша Ресейдегі орталықты басқарған.
2011 жылы ол «Сбербанк-Технологии» компаниясына ауысып, бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу департаментінің директоры, бас директордың орынбасары және компания басқармасының мүшесі қызметтерін атқарды. 2015 жылдан бастап Сбербанкте «Технологиялар» блогының аға басқарушы директоры болып, негізгі IT-бағыттардың дамуына жауап берген.
2020 жылы Михаил Хасин ВТБ банкіне ауысып, ақпараттық технологиялар департаменті директорының орынбасары қызметін атқарған.