Халық аш құрсақ, Үкіметтен үміт аз...
![None](/static/img/image.jpg)
Бүгінгі күннің ақиқаты осы… Біздің үкіметтің «азық-түлік қауіпсіздігін реттейміз, өнім бағасын тұрақтандырамыз, қымбатшылықты ауыздықтаймыз» деген жоспарының бірде-бірі әзірше, ұтымды нәтиже көрсете қоймады.
Қаңтардағы қырғыннан кейін «Жаңа Қазақстан» құрамыз деген үкіметтің екпіні қатты еді. Қазір сол екпін құрғақ уәде, құр тапсырма берумен шектеліп қалғандай. Әдеттегідей үкіметбасы Смайылов тапсырма береді, оны үкімет мүшелері жүрдім-бардым құлықсыз орындайды.
Құлықсыздық демей не дейміз, тек қана сәуір айында елдегі инфляцияның өсімі 13,10 пайыз болды. Қайсыбір азық-түлік тауарлары өткен айда18 пайызға дейін қымбаттады. Қазір де қымбатшылыққа қатысты ресми деректерге ел сенбейтін болды. Өйткені шын мәнінде қымбатшылық үкіметтің есебінен де асып, азық-түлік бағасы ай сайын емес, күн сайын қымбаттауда. Халық айлығын шайлығына жеткізе алмай жыларман күй кешуде. «Тапқан таянғанымыз не киім-кешекке, не азық-түлікке жетпей дал болудамыз. Үкімет неге бір шара қарастырмайды? Аш құрсақ болып шаршадық» деген қарашаның қарасы көп.
Сөзіміздің дәлелі ретінде келтірсек, өткен аптада мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов инфляциялық өсімді болдырмас үшін министрліктер атқарып жатқан жобалардың тиімсіз екенін айтты. Бұған қатысты депутат:
– Қазір халық бірінші кезекте азық-түлік бағасының жаппай қымбаттап жатқанын айтады. Халық қымбатшылықты пайызбен емес, еселеп есептейді. Сол үшін инфляцияны есептейтін тәсілді өзгерту керек. Сауда және интеграция министрлігі қажетті азық-түлік бағасын анықтайтын жоба ашқанын жарияға жар салды. Соңында оның еш пайдасын көрмедік, – деді.
Депутаттың сөзінше, бағаның қымбаттауына қатысты үкіметтің «инфляцияға сыртқы факторлар әсер етті» деген сылтауы бар.
– Қазір Украинадағы жағдай біздің шенеуніктерге жақсы болды. Ең алдымен елдегі ішкі жағдайды, проблеманы анықтау керек. Ұлттық экономика министрлігі қымбатшылықпен күрес үшін 67 шара ұйымдастырылғанын айтты. Соған қарамастан баға өсуін тоқтатқан жоқ. Мүмкін олар басқа бағыттағы шараларды ұйымдастырып жүрген шығар. Министрлер аузын толтырып есеп бергеннен халық оның шарапатын сезінбейді. Инфляцияға нақты қандай тауарлардың қымбаттауы әсер еткенін анықтап, сараптап жатқан да пенде жоқ. Ауыл шаруашылығы министрлігі картоп, нан, қант және көкөніс өнімінің өндірісі артатынын айтты. Біздің халық одан басқа тамақ жемей ме? Ал ет бағасының қымбаттап жатқаны, өсімдік майы, сүт өнімдерінің жайы не болмақ? – дейді депутат Аманжан Жамалов.
Рас-ау, біздегі министрлер де, өзге үкімет мүшелері де, тіпті үкіметбасы Әлихан Смайыловтың өзі де бағаның өсуін әлемдік ахуалмен байланыстыруға бейіл. Бірақ есептесек одан бөлек бағаны тұрақтандыру мақсатында бюджеттен қаншама қаражат бөлінеді емес пе?! Мысалы, сауда және интеграция министрлігінің бағаны тұрақтандыруға қатысты ұсынған айналым жүйесінің тиімділігіне бюджеттен 18 млрд теңге және бұған қоса салық төлеушілердің ақшасына азық-түлікті тұрақтандыру қорына 16,8 млрд теңге бөлінген. Бұдан бөлек әлеуметтік өнімдердің бағасын өсірмеуге қатысты бірқатар бағдарламаның бабы мен бағын келістіру мәселесі жиі-жиі талқыға түседі. Бір қарағанда, елдегі инфляцияны икемге келтіру үшін де бірқатар шаралар атқарылған болып көрінеді. Әйтсе де, қымбатшылық қамыты халықты қысуын қояр емес. Бұған тағы бір дәлел – жуырда ғана Қазақстанда кедейшілік деңгейі өсіп, табысы төмен халықтың үлесі 5,7 пайызға дейін артқаны белгілі болды. Осыған орай, отандық сарапшылардың дені «үкімет болашақта шұғыл түрде бейбіт күнде халықты ашықтырып алмау үшін жаңаша тетіктерді қарастыру керек. Болмаса халық әбден кедейленіп кетті» деседі.
Бұл ретте, «Жас Алашқа» пікір білдірген әлеуметтанушы маман Серік Нұртаза:
– Смайылов үкіметі болашақта мынаны ескеруі тиіс. Біздің елде тапқан табысы мен күнкөріс деңгейі қабыспайтындардың қарасы көбейген. Үкімет «халықтың ең көп тұтынатын тауары нан, сүт, еттің бағасы күн сайын өсірмейміз» деді. Бірақ ол да өсім берді. Болашақта халық тұтынатын азық-түлік бағасының төмен түсетініне ешкім кепілдік бере алмайды. Керісінше, баға әлі де өседі. Қазір біз әлеуметтік аз қамтылған топқа салмақ түсіріп отырмыз. Әлеуметтік жағдайы төмен, мемлекеттен әлеуметтік көмек алатындарға қатысты айтарым, олардың да мемлекеттік төлемдеріне үстеме косылуы тиіс. Сонда ғана халықтың күнкөрісі жеңілдеп, иығындағы жүк түседі, – дейді.
Алайда маман осылай дегенмен, біздің үкімет әлеуметтік аз қамтылған топтарға үстеме қосуға асықпайды. Мұны біз бұған дейін де «Жас Алаштың» өткен сандарында «Қалтырауық үкімет, мұқтаждарды тағы жарытпады» деп ашып та жаздық. Бұған қатысты үкімет «мемлекеттен жәрдемақы, зейнетақы алатындардың қаражатына 4 пайыз үстеме қосамыз» деп алды да сол уәдесін әлі күнге орындай алмай отыр. Ал бұдан кейін амалсыз «халыққа келгенде сараң, елдің мәселесін естуге келген керең үкімет оңа ма» деп амалсыз күйінесің.
Тақырыпқа тұздық:
Елді қашанғы емексітеміз?
Тақырыпқа орай, «Жас Алашқа» пікір білдірген қаржыгер Арман Мусин былай деді:
– Халықтың аш құрсақ екенін үкіметке мойындау керек. Мәселен, қаншама жылдан бері коммуналды төлемдер бағасы өсім беруде. Зейнеткерлерге, тіптен қиын. Біздің қоғамда 40 мың теңгеге жетер-жетпес жәрдемақы, зейнетақы алатын зейнеткерлер де баршылық. Олар осы қаражатқа ас-ауқат ала ма, болмаса дәрі-дәрмегін ала ма, шарықтап кеткен коммуналды төлемді төлей ме, болмаса басқа қажетін өтей ме? Қайсыбір министрлер мен шенділер осындай қаражатқа таңғы ас ішеді ғой. Халықтың зейнетақысы мен жәрдемақысына 4 пайыз қосылады. Өздері миллиондап, миллиардтап қылғытады. Қашанғы елді емексітеміз?!
Смайылов үкіметі халықты құрғақ уәдемен алдарқатқанды қою керек. Нақты-нақты істерді қолға алып, нәтижесін көрсек қана сенетін болдық. Үкіметтің алдында талай жұмыстар тұр емес пе?! Атқарсын, нәтижесін көрсетсін сол кезде сенім орнайды. Қазір халықтың неге сенерін, кімге сенерін білмей абдырап отырғаны тағы ақиқат...