Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:21, 17 Тамыз 2022

Халық ашықты, азық-түлік қауіпсіздігі шошытты...

None
None

Ақиқаты осы. Бүгінде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі сарапшыларды абдыратып отыр.

Себебі, нақ осы салада жүйелі жұмыс жоқ.  «Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспары толыққанды орындалды», деп айта алмаймыз. Қымбатшылық қатты дендеп, халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобы қазірде, тіпті, ашыға бастады. Орташа жалақыға күнелтетіндердің өзі тапқан таянғандарын бір жалақыдан екінші жалақыға әрең жеткізе бастаған.

Қымбатшылыққа қатысты ресми деректерге сүйенсек, жыл басынан бері азық-түлік бағасы 17,9 пайызға қымбаттаған. Бейресми деректер бұл көрсеткішті екі есеге дейін өсіреді.

   Жалпы, елде қымбатшылық басталғалы бері Ұлттық банк, министрліктер,  «Азық-түлік келісімшарт» корпорациясы бірлесіп үкіметке түрлі тұжырымдамалар, жоспарлар, бағдарламалар, бағыттарды ұсынып-ақ жатыр. Бірақ неге екені белгісіз, соның барлығы нәтижесін берер емес. Керісінше, базардағы баға халықтың көңіл күйін бұзып, ішер тамақ та, киер киім де, өзге тұтынатын бұйым да  қатты қымбаттап кетті. Ал енді қарапайым халыққа қайтпек керек?!  Біздегі бұқара қауымның басым бөлігі министрлер тәрізді миллионнан асырып табыс таппайды, корпорацияның басқарма төрағалары секілді миллион теңге табыс+бонус алмайды. Қарашаның «бонусы» маңдай термен тапқан адал асы.  Ендігі кезекте, осы адал асты да тойып ішу елге мұң болатындай. 

   Мәселен, сарапшылар келер күзде қымбатшылық тағы да дендеп, доллар қымбаттап, «тіпті, үкімет жаңа девальвацияға дайындала бастайды», деп болжам жасайды. Мұндайда сол үкіметте отырғандардың қылшығы да қисаймасы анық. Әрине, салмақ тағы сол қарапайым халыққа түседі.

 Экономист-сарапшы Дәурен Арынның айтуынша, инфляция мен девальвация кезінде қарапайым жұртшылыққа салмақ түспеуі үшін, ең алдымен, азық-түлік қауіпсіздігін нықтап алуымыз керек болған. Бұл ретте, «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» үкіметке түрлі-түрлі ұсыныстар ұсынуы қажет еді. Мысалы, ауыл шаруашылық өнімдерін көршілес елдерден форвардтық келісім арқылы сатып алу,  астық өңдеу кәсіпорындарына арзан бағада шикізат жеткізу,  ауыл шаруашылық өнімдерін кәсіпорындарға делдалдарсыз тікелей жеткізу, жоғары сапалы тұқыммен қамтамасыз ету дейсіз бе, толып жатқан осындай шараларды аталмыш корпорация ұйымдастыруы тиіс-тін. Аталған жұмыстар сауатты, әрі сапалы істелгенде, нақ қазір «халық ашықты, қымбатшылық қамыты қысып барады», деп отырмайтын едік.  Әттеген-айы, біз тізбелеген бұл шаралар «салақтың салғырт ескенін арқанындай болып», басы басталғанымен аяғы сұйылып, жемісін бере қоймады.

Ойлап қарасақ, болашақта да қолға алынған шаралардың жемісін беруі неғайбыл. Себебі, біздегі әр саланың басында білікті мамандардың отырғанына  күмән көп. Мысалы, елдегі азық-түлік қауіпсіздігін бірден-бір қамтамасыз етуі тиіс «Азық-түлік келісімшарт корпорациясын» бізде кім басқарады? Бұл саланы кезінде депутат та болған, есеп комитетінде де отырған, министр де болған Сапархан Омаров басқарып отыр.  Омаров кезінде ауыл шаруашылығы министрлігі лауазымынан жұмысты атқара алмағы үшін «қуылған» адам. Оның тұсындағы былтырғы мал қырылған жұтты халық әлі ұмыта қойған жоқ. Бұдан бөлек, картоп пен сәбіздің бағасын шарықтатып алып, оны «жұрт свежий өнім жегісі келіп, сауданы өзі қыздырады», деп бар кінәні елге жапқан Омаровтың отставкасын халық әлі жыр қылып айтады.  Ал енді осындай адам азық-түлік қауіпсіздігін қалай үйлестіре алады?! Нақ қазір азық-түлік қауіпсіздігін мықтап жолға қою маңызды екенін алға тартқан сала мамандары «Омаров азық-түлік корпорациясын ширатып жатқан жоқ, керісінше, қиратып жатыр» деседі.

Тақырыпқа тұздық:

«Бөлінген қаражат қомғайлардың құлқынына кетіп қалады»

Бұған қатысты ауыл шаруашылығы ғылымының докторы Серік Еңсебаев былай дейді:

Азық-түлік қауіпсіздігі деген бізде бар ма өзі? Өркениетті елдердің басым бөлігі азық-түлік өнімдерінің 16 пайызын ғана сырт мемлекеттерден тасымалдайтын болса, «мемлекеттік қауіпсіздігімізге нұқсан келмей ме» деген ой төңірегінде бас қатырады. Ал біздің елге енетін азық-түлік импорты 70 пайызды құрайды. Бұған қоса, 1990 жылдары жалпы ішкі  өнімнің 34 пайызын ауыл шаруашылығы саласы құраған болса, соңғы жылдары бұл көрсеткіш 12 пайызды құрап отыр. Халықтың қалай тамақтанып отырғанын осыдан-ақ білуге болады. Қалай десек те, қазір азық-түлікке қатысты шама-шарқымыз анағұрлым қарқынды емес. Сондықтан өз басым Омаров саланы «ширатып жатыр» деп, айта алмаймын, «қиратып жатыр-ау» деп қорқамын.  Кең байтақ жеріміз бар. Бірақ оны пайдалана алмай, «қант қымбаттады, ұнның бағасы өседі, нан қымбат, азық-түлік шарықтады», деп еңірейміз. Егер біздің шенеуніктер халықты ойлағанда, әлемдік қымбатшылық болып жатса да ел қиналмайтын еді. Өкініштісі, бізде жоба жасалады, бағдарламалар жарияланады. Бірақ бөлінген қаражат  қомағайлардың құлқынына кетіп қалады. Болашақта басшылар мен шенеуніктер осы дағдысынан арылмаса, халық ашыға береді, азық-түлік қауіпсіздігіміз де, басқа қауіпсіздігіміз де шошыта береді.

    Осылайша, сала мамандарының пайымдауынша, халық ашығудан тоқмейілсуге жету үшін, алдымен, үкіметтегі шенеуніктер қомағайлықтарын тыю керек. Бірақ қазақ «қомағай құрсақтың қуысы толмайды», дегенді де бекер айтпаған ғой. Бұған қарап, «осы уақытқа дейін жеп үйренген құлқын бірден ол әдетінен арыла қояр ма екен», деп тағы ойланасың…

Тегтер: