Халық грамдап жейді, шенеуніктер құнарлап жейді
Еліміздегі сарапшылар «Қазақстандағы күнкөріс себетін ең төменгі жалақымен емес, орташа жалақы мөлшерімен есептеген жөн» дейді.
Мамандардың пайымдауынша, қазіргідей қымбатшылықта күнкөріс себетін қайта қарау қажет. Бүгінгі таңда еліміздегі күнкөріс себеті 34 302 теңгені құрайды. Бұл соманың 18 700 теңгесі азық-түлікке, 15 602 теңгесі тұрмысқа қажетті заттарға тиесілі. Үкіметтің есебінше, 34 302 теңге бір адамға бір айға күн көруге жетеді.
Ал қаржыгер Дәурен Арынның айтуынша, біз сауатты күнкөріс себетін қалыптастыра алмай отырған елдердің біріміз.
– Қазір қымбатшылық қысып, халықтың күнделікті тұтынатын ет, сүт, нан өнімдері бірнеше есе қымбаттап кетті. Биылғы алты айдағы деректерге жүгінсек, ет бағасы – 42, сүт 28 пайызға қымбаттаған. Қазір бір адамның ай сайын сапалы тамақтануына 60-70 мың теңге кетеді. «18 700 теңге бір адамға бір айға азық-түлікке, ал қалған 15 мыңы басқа қажеттілікке жетеді» деу күлкілі әрі қисынсыз, – дейді қаржыгер.
Жалпы, деректер біздегі күнкөріс себетіне енетін азық-түліктердің құрамы да, грамы да аз екенін көрсетіп отыр. Мысалы, күніне 250 грамм нан, 50 грамм макарон немесе жарма, 260 грамм картоп, 100-150 грамм ет, екі күнде бір жұмыртқа тұтынуымыз керек болса, бізден экономикасы кемшін бірқатар елдерде күнкөріс себетіне енетін азық-түліктердің грамы әлдеқайда ауқымды екен. Бұған қатысты қаржыгер Дәурен Арын:
– Украина, Беларусь, Армения елдерінде күнкөріс себетіне енетін азық-түліктердің грамы бізден әлдеқайда артық. Бұл енді осы аталған елдердің сауатты тамақтану жүйесін меңгергенін көрсетеді. Біз салауатты өмір сүру, адам капиталы туралы жиі айтамыз, бірақ адам капиталын дамытуға қатысты бірінші мәселе азық-түлік сапасы екеніне аса мән бермейміз. Сондықтан болашақта экономикасы дамыған, адам капиталы артқан ел болуымыз үшін де осы мәселелерге мән бергеніміз абзал, – дейді.
Ең қызығы, «бізде күнкөріс себетіне 43 түрлі тағам енген» деп есеп беріледі. Біз осы 43 түрлі тағамды «тізімге енгіздік» деп місе тұтсақ, күнкөріс себетіне 300 түрлі тағам түрін енгізген елдер де бар екен. Мысалы, Германияда себетке 475 өнім түрі кіреді. Француздардың күнкөріс себетіне ақ қайнарға дейін енсе, АҚШ-та күнкөріс себетінен кока-кола сусыны, лимонадтарға дейін байқауға болады. Украинада күнкөріс себетіне қарапайым халықтың алатын киім-кешегіне дейін енген. Ал біз тіпті сол санаулы 43 түрлі тағамды да толық тұтынбайды екенбіз. Бұл ретте, экономист-сарапшы Марал Төртенова:
– Өз басым себетте көрсетілген 43 түрлі тағамды халық молынан тұтынып отыр деп айта алмаймын. Әр тоқсан сайын азық-түлік бағасының қымбаттап отырғанын ескеріп күнкөріс себетін қайта қарап шығу керек. Күнкөріс себетін ең төменгі жалақымен емес, орташа жалақы мөлшерімен есептеген жөн. Сонда адамдардың салауатты өмір сүруіне мүмкіндік ашылар еді, – дейді.
Негізінде, Еуропа елдерін қойып, ТМД елдерімен салыстырар болсақ, іргеміздегі өзбек ағайындардың өзі былтыр қазақтардан етті көбірек тұтыныпты. Сол тәрізді қырғыздар да құрт, қатық, айран, сүт дегенді біздің елден көбірек тұтынған. Тәжіктердің де азық-түлік себеті біздікіне қарағанда молырақ.
– ТМД елдері арасында соңғы үш жылда Өзбекстан халқының әрбіріне шаққанда олар 120 келідей ет тұтынған. Ал біздің Қазақстан халқы бір жылда шамамен әр адамға шаққанда 72 келі етті місе тұтыпты. Сол тәрізді қырғыздарда бір адам ай сайын 20 литрдей сүт тұтынса, бізде бұл көрсеткіш 9-11 литр. Тіпті халық арасында мүлде сүт тұтынбайтын, етті алуға әлеуметтік жағдайы көтермейтін отбасылар көбірек кездескен. Қазір не еңбекақысын ала алмай, алған күнде оны қайда жеткізерін білмей жүрген қауымның қарасы баршылық. Демек, бізге болашақта нақ осы азық-түлік себетін тұтынуға қатысты оң өзгерістер енгізу қажет, – дейді сарапшы Марал Төртенова.
Мамандар алға тартып отырғандай, біздің үкімет халықты ашқұрсақ етіп «диетаға» отырғызып қойды. Тіпті қарапайым бұқараның арасында бір ғана ет және ет өнімдерінің шарықтаған бағасын көріп, «ендігі ет жеуден де қалатын шығармыз» деп жүргендер жетерлік. Қазіргідей инфляция дендеп тұрған кезеңде адамдар киім алатын кезде тамағынан тартады. Тамақ алатын кезде киім кимей-ақ жүруге мәжбүр. Мұның арты халықтың күйзелісін арттыратыны тағы даусыз.
Әттеген-айы, халық азық-түлікті грамдап, үнемдеп жеп жүрсе де, біздің шенеуніктер елдің жайын аса түсіне бермейді. Бүгінде шенеуніктердің масайрағаны сонша – тіпті халықтың жағдайын көзге іле бермейді. Мысалы, биылғы жазда картоп пен сәбіздің бағасы 500-700 теңгеге дейін көтеріліп, қымбатшылық ерекше дендегенде жағдайды бақылауы тиіс кейбір әкімдер «біз қай өнімнің бағасы қанша екенін білмейміз, себебі үйімізден тамақ ішпейміз, нан жемейміз» дегенді де айтты. Қымбатшылықты ауыздықтауы тиіс министрлер «бұған халықтың өзі кінәлі, олар былтырдан қалған ескі картопты жегісі келмей, бағасы қымбат «свежий» картопты тұтынғысы келеді, осыдан барып сұраныс болған соң баға өседі» деп те айды аспанға бір-ақ шығарды.
Міне, біздің шенеуніктердің халыққа жанашырлығы осындай. Рас, уыс-уыс ақша ұстап, үйлерінен тамақ ішпейтін, тек сән-салтанаты жарасқан мейрамханалардан түстеніп, кешкі ас ішетін шенеуніктер үшін өмір тамаша шығар. Біздің шенділер сондай жақсы өмірге әбден дағдыланып алған ғой. Бірақ олар бір сәт халықтың ашқұрсақ жүргенін сезініп, 34 302 теңгенің бір адамның бір айлық күнкөрісіне жетпейтінін мойындаса етті. Егер үкіметтегі шенеуніктердің әрбіріне «бір ай 34 300 теңгемен күніңді көресің» десе, мұндай кедейшіліктен олар әлдеқашан безіп кетер еді-ау. Негізінде, біздің халықтың көнбістігі, қанағатшылдығы көп жағдайда үкіметті құтқарып-ақ тұр.