Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
05:29, 15 Сәуір 2022

Халық күтіп отыр. Үкімет үнсіз...

None
None

Жақында Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті Тоқаев пен билік басындағы біраз тұлғамызды тарс еткізіп, атып тастайын деп жүрген халықаралық әмбебап агентті ұстағанын хабарлады.

Оның жанында атақты агент Джеймс Бондтың өзі «ойнамай» қалады екен. Бірақ. Бірақ бұл ертегіге кім сенеді? Бір қолымен атып, екінші қолымен қалтасындағы ақшасын санап, сол аяғының саусақтарымен әлеуметтік желіде русофобиялық үндеу жаза салатын кім ол? Ондай бесаспап маманды қай арнайы мектепте даярлайды екен?

«Бұл енді біздің еліміздің барлық саласы мен барлық органдарындағы жүйелі біліксіздіктің жемісі. Ондаған жылдар бойғы деградациямыздың көрінісі. Білім беру саласына, денсаулық сақтау саласына қараңыз, былығып жатыр. Арнайы қызметтеріміздің одан қай жері кем? Онда да былық», деген екен саясаткер, Жалпыхалықтық социал-демократия партиясы төрағасының орынбасары Айдар Әлібаев ZonaKZ интернет-газетіне берген сұхбатында.

Рас, Қазақстан деген алып ағзаның өзі сау болмаса, оның қай органы сау болушы еді?

– Сондықтан кешегі агент туралы ақпаратқа өз басым сенбеймін. Оны русофобияны қоздырушы десе, бұл көрші елдердегі пропаганданың сұмдығымен байланысты. Олар әне, ақты қара, қараны ақ, деп көрсете беретін болды. Мәселен, күні кеше Тоқаевтың мақаласы шыққан америкалық National Interest журналы – АҚШ медианарығында Ресейдің пропагандасын жүргізумен айналысатын басылым. Қалай десек те, Қазақстанда қазір толыққанды саяси-экономикалық, әлеуметтік реформа жүріп жатқан жоқ. Жарым-жартылай өзгерістер ғана жасалуда. Қаралы қаңтардан бері үш ай өтті, экономика саласында пәлендей, батыл қадамдар көріп отырған жоқпын.

Экономиканың істерімен президент Тоқаев айналыспауы керек, онымен премьер бастаған министрлер кабинеті айналысуы тиіс. Бірақ премьер-министр тарапынан жүйелі бағдарламалар, тың ұсыныстар мен өзгерістер жоқ. Халық күтіп отыр. Тоқаевтың жолдауында экономика туралы нақты ештеңе айтылмады. Премьер-министр бірдеңе ұсына ма десек, ол да жоқ. Теңгені ауыздықтың күшімен әрең ұстап отыр, теңгеміз қазір еркін емес. Бағалар 50-60 пайызға секірді. Қазақстан халқының өмір сүру деңгейі түсіп барады, халықтың табысы индекстелмейді. Негізі, бұл жағдайда министрлер кабинеті күндіз-түні экраннан түспей, ұсыныстарын айтып, оны іске асырып, халыққа көмектесуі керек қой? Олар тып-тыныш отыр. Дәл бұлай отыра беруі ұзаққа созыла алмайды. Қаралы қаңтардан кейін жаңа үкіметке халықтың аванс ретінде берген уақыты немесе сенім кредиті таусыла салуы мүмкін. Өйткені халықтың өмірі қиындап барады, Ресейге салынған санкциялардың салқыны бізге де тиеді. Бұл жағдайда үкімет қалайша, түк істемей отыра бермек? Мемлекет ертеңгі күнімізге арналған, нақты жүзеге асыруға болатын бағдарламалар ұсынуы тиіс. Бірақ Тоқаев Жолдауын оқығанда, залда баяғыдай, Қазақстанның осы сорақы жағдайға жетуіне тікелей кінәлілер отырды, жиналып алып. Қолынан түк келмейтінін әбден көрсеткен ескі кадрлардан құтылуы керек еді. Жаңа адамдар болмаса, үкіметке жаңа идея, жаңа құлшыныс қайдан келеді? Баяғыда әкім болып жүрген біреулер әлі әкім болып жүр.

Отыз жыл бойы бізде экономиканың нақты бір моделі жасалған жоқ. Біз шикізат сатудан түскен табысқа ғана қарап отырдық, өзімізге қажеттінің бәрін сырттан сатып ала береміз деп. Отыз жыл бойы өзімізде ештеңені дамытқан жоқпыз. Қазақстан 2030, 2050 дегендей, жалған ұрандар тек бюджеттен ақша опыру мақсатында, жалған өндірістер ашу үшін пайдаланылған екен. Бар экономикалық моделіміз тек миллиардтарды ұрлау ғана болып шықты. Қазір сол ұрыларымыз емін-еркін елде жүр, қымбат сарайларын сатуға шығарып қойып. Сарайларын сатқан соң, бар ақшасын алып, шетелге тайып тұруын күтіп отырмыз ба? Олардың Қазақстандағы байлықтарын сатуға алдымен тыйым сал. Сосын, оны қалай алды, заңды жолмен ба, қандай заңсыздығы барын тексерсін. Дұрыс жолы солай еді. Бірақ бұл бағытта ештеңе жасалмай жатқанын халық көріп отыр ғой? «Қазақстан халқына» деп құрылған қордың да әзірге, халыққа, елдің мұң-мұқтажына беті бұрылғанын көріп тұрғанымыз жоқ. Олигархтар сол қорға аударарын аударып тастап, «енді маған тимен» дегендей, парасын беріп, құтылып кетпек сияқты көрінеді. Логика солай дейді. Бұл – дұрыс емес, мүлдем. Халықтың әлі де аздаған сенімі бар биліккесол сенімнен айырылмағаны жөн, деген екен сарапшы.

Тегтер: