Халық өмірін жалмаған ашаршылық
Бір ғасыр бұрын қазақтың бетке ұстар азаматтары Алаш арыстары қуғындалып, саяси репрессияға ұшыраған болатын.
Бұл тек сол Алаш арыстары үшін ғана емес, бүкіл қазақтың қайғысына арналған үлкен тарихи оқиға.
Алаш арыстарын жылда 31 мамыр күні еске алатынымыз анық. Бірақ биылғы жылдың басында мемлекеттік тапсырыспен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып қана қоймай, «Ашаршылық» туралы көптомдық кітап жарық көрді. Кітапқа саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның материалдары енгізілді. Құнды кітаппен мемлекет басшысы танысып, жақсы бағасын берген болатын.
Енді тарихқа көз жүгіртсек, 1921-1922 жылдары қазақ мемлекеті мен халқы үшін ұлттық, саяси-экономикалық мәселелердің шиеленісе түскен тұсы болатын. Сонда Алашорда қайраткерлері ұлттың саулығы мен бостандығы үшін өздерінің жандарын қиды. Өздері тұтқынға түссе де халық алдындағы парыздарын орындап кетті. Алаш қайраткерлерінің ықпалымен 1921 жылы ВЦИК-нің жанынан «Аштарға көмек» комиссиясы құрылып, республиканың барлық өңірінде ашылды. Өкінішке қарай, аталмыш комиссия өзіміздің қазақтарға емес, еуропадағы аштыққа ұшырағандарға азық-түлік жөнелтумен айналысқан көрінеді. Бұл туралы жазушы Тұрсын Жұртбай: «Бір жарым миллион халықтың өмірін үзген ашаршылыққа назар аудармастан, Аралдың балығы Поволжьеге жөнелтіліп отырды. Ал Павлодарда жиналған еттер еуропалықтарға жетпей, жарты жолда сасып кетті. Бірақ Торғай өңірінің қазақтары аштан қырылып, без теріп кетті» дейді.
Кейінірек Ахмет Байтұрсынұлының ұсынысымен «Аштарға көмек» комиссиясы қайта құрылады. Бірақ бұл кезде аталмыш комиссияның халықтың сенімінен айрылған уақыты еді. Кейіннен бұл комиссияға тосқауыл қойылады. Бірақ ашаршылық елде одан әрмен ушығып, халық аштықтан қырылып, көмусіз, әр жерде қалады. Бұл мәселені Мұхтар Әуезов қайта қолға алып, аштарға көмек комиссиясын қайта құрады. Бірақ өкініштісі, халықтың жағдайын ойлаған қайраткерлер кейіннен саяси қуғын-сүргінге ұшырайды. Осылайша, артынша ұлтымыздың тең жартысы жойылды десек өтірік емес. Бірақ әзірге дейін қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау жұмыстары жалғасып келеді. Енді бертіндегі жағдайларға келсек, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні жылда әр өңірде аталып өтеді. Мәселен, Сыр өңірінде «Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін: Сыр өңіріндегі нәубет жылдар шежіресі» тақырыбында облыстық ғылыми танымдық конференциясы өткен болатын. Конференция барысында тоталитарлық саясаттың салдарынан облыс бойынша 4 мың 38 отбасы қуғынға ұшырап, 1 мың бір жүз елу үш адам атылғаны жөнінде ақпарат анықталды. Ал жалпы елімізде ашаршылықтан қырылған халықтың саны екі миллион үш жүз мыңды құраса, этнос өкілдерінен 2 жүз мың адам опат болған. Бұл оқиғалар халық жадынан еш ұмытылмақ емес. Соған орай, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөнінде арнайы комиссия да құрылып, тиісінше жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен, Әлихан Бөкейхан атындағы университетте арнайы комиссия отырысы өткізіліп, 2023 жылға арналған жұмыс жоспары талқыланды. Комиссия құрамына жергілікті атқарушы билік органдары, ғалымдар, өлкетанушылар мен өңірдегі қоғамдық-саяси өмірге белсене қатысатын азаматтардан 21 адам енгізілген. Сондай-ақ комиссия отырысында архив көздері мен басқа материалдарды жинау, зерделеу, қорытындылар дайындау жөніндегі тоғыз адамнан тұратын үш жұмыс тобы құрылған болатын. Бұл жөнінде қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Сарыбаев: «Былтырғы жылдан бастап саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жетінші отырысындағы хаттамаға сәйкес, берілген тапсырмаларды орындау барысында «Абай облысында кеңестік қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның «Абай облысында кеңестік қуғын сүргін зобалаңы» тақырыбы бойынша жинақ әзірленіп, мемлекеттік комиссияның жобалық кеңсесіне жолданды. Президентке таныстырылған отыз үш томның 21-ші томы біздің облысқа тиесілі» дейді.
Сондай-ақ енді еліміздің барлық өңіріндегі комиссия жұмыстарында «Алаш» қоғамдық-саяси, ұлт-азаттық қозғалысына арналған жинақты дайындау шеңберінде құжаттарды анықтау жұмыстары басталып кетті