Халық қоғамдық көлікте қалтырап жүр, шенеуніктер шімірікпейді
Кеншілер шаhарында кешелі бері қызылшұнақ аяз күшейіп тұр. Арқа атырабында сынап бағанасы 36-41 градус аязды көрсетуде.
Қалада көлік қыздырудың әлегіне түскендер, қырда мал ықтырған қараша көп. Сақылдаған суық мамандар айтқандай, оттегіне бай болғанмен, қоғамдық көлікті пайдаланатын жолаушыларға қиямет болып тұр.
– Аялдамада автобусты ұзақ күтеміз. Сағат тілі 8-ден 15 минөт кетті. №33 автобусты 20 минут күтіп тұрмын. Далада 30 градус аяз. Абырой болғанда, мектепте оқитын баламның сабағын онлайнға көшірді. Ашық аспан астындағы аялдамада мелшиіп тұрып қатып қалуың ғажап емес. Зарығып күтетін көліктің іші азынап тұр. Шыдас беру қиын. Діттеген жеріңе тікеңнен тік тұрып баруға тура келеді. Автобусқа кірген соң, тізеңді бүгіп отырайын десең, орындықтары мұздай суық. Одан бетер қалтырайсың. Бір мезетте бірнеше ауруды жамап аласың. Бірақ мінбеске амал жоқ. Қараша мен биліктің айырмашылығы жер мен көктей. Көлікпен жүретін, күн ұзақ жылы кабинеттен шықпайтын шенеуніктер қарапайым халықтың мұң-мұқтажын қайдан білсін? – дейді Степной-2 ықшамауданының тұрғыны Мираш Базарбаева.
– Мұндай аязда үйден аттап шығудың өзі қауіпті. Қызметке еріксіз күнкөріс үшін барасың. Кешке көшеде автобустар сирек жүреді. Үйге сілең қатып әрең жетесің. Қыста автобустың салондары мүлдем жылытылмайды. Тым болмаса, қақаған аязда тасымалдаушыларды аяса етті! Автобус жырын қанша жылдан бері айтқанымызбен, монополист Манукянға бұқараның сөзі өтпей қойды. Қала түгілі, бірде-бір облыс әкімінің шамасы келмеді. Шамасы, президенттің ғана пәрменен күтіп отыр-ау, -деп күйінді қала тұрғыны Ақпейіл Аманжан.
Монополистке талап қатайтудан неге тайсақтайды?
Қарағандыдағы жолаушылар тасымалдау саласындағы түйткілді қаузасақ, таяқтың ұшы №3 автопаркке келіп тиеді. Қаладағы қоғамдық көліктің 90 пайызға жуығы осы акционерлік қоғамның меншігінде. Алайда тасымалдау қызметі үшін мемлекеттен қыруар қаржы алып отырған қомағай кәсіпорын қамыққан халықтың жанайқайын шыбын шаққан құрлы көрмей келеді.
– Барлық гәп қала әкімдігінің автопаркке тым жұмсақ пиғыл танытуынан. Екіншіден, Манукянға қарсы бірде-бір бәсекелестің болмауы проблеманы ушықтырып тұр. Әкімдік тасымал қызметі үшін автопаркке жылда қыруар қаржы төлейді. Сүйте тұра, мемлекеттен дотация мен субсидия алып келе жатқан монополист орасан зор мүмкіндікті естен шығарғандай. Ол аз десе, тасымалдаушылардан тәулік сайын миллиондаған қаржы түсіп жатыр. Акционерлік қоғам қанша жерден жекеменшік субъекті болса да, тапсырыс берушінің талабын мінсіз атқару керек емес пе? Оған көнбесе, заң алдында жауап берсін! Аталған автопаркке тиесілі автобустарының пеші неге жылдап жұмыс істемей келеді? Істен шықса, не себепті қалыпқа келтірмейді? Миллиардтаған ақша қайда кетіп жатыр? Демек, солярка жеткіліксіз беріледі, яки оны жүргізушілер жымқырады. Жауабы жоқ, салдары ашылмай тұрған түйткілді тапсырыс беруші орган – әкімдік зерттеу керек. Атқарушы билік өкілдері сөзін өткізе алмаса, түйткілді шешуге депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелерін жұмылдыру қажет, деген пікірін ашық айтқан қоғам белсендісі Аманжол Оразалинов.
Тұрғындардың шағымына орай, біз қалалық коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан мынадай жауап алдық:
– Мамандар қыстың алғашқы аязды күндері қаладағы қоғамдық көліктердің жылыту жабдықтарын тексеру үшін арнайы рейд ұйымдастырды. Комиссия мүшелері аялдамалардағы автобустарды бақылау барысында, жылыту пештері жұмыс істейтіндігі бірқатар көліктерді анықтады. Сараптама қорытындысына орай, тасымалдаушыларға ақауы бар маршруттарды сапарға шығармау және сынған пешпен жүрген көлік иелеріне жедел арада жөндеу жөнінде нұсқау берілді, – деп баяндаған басқарма біздің жадымызға мына ескертпені жолдағанды жөн көрген секілді: «Автобустар қыс мезгілінде аялдамадан әр 10-15 минут сайын жолаушы алады, ал келесі аялдамаға әр 3-4 минутта тоқтайтындықтан, салон ішін талапқа сай температурамен қамтамасыз ету мүмкін емес» депті.
Сонда, қала әкімдігіндегі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы кімнің мүддесін қызғыштай қорғап отыр? Анығында, тасымалдау саласындағы кез келген кедергіні жоюмен түпкілікті айналысатын бірегей құзыретті орган- осы бөлімнің шенеуніктері екенін еске салғымыз келеді. Алайда, мұндағы жауаптылар суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын батпан құйрықтың тап өзі дерсіз! Әкімдерге жалған дерек пен жүйесіз цифр беріп иландыруға дағдыланған жолаушылар тасымалы басқармасының жұмысына реформа жасайтын уақыт келер ме екен?