Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:20, 23 Желтоқсан 2022

Халық санағының қорытындысы неге толық жарияланбайды?

None
None

Қазақстан Республикасының президенті Қ.К.Тоқаевтың Жарлығымен 2021 жылдың 1 қыркүйегі мен 30 қазаны аралығында елімізде халық санағы өтті.

Желтоқсан айында газеттерде оның алғашқы нәтижелері туралы премьер-министр А.Маминнің мәлімдемесі жарияланды. Ол Қазақстан халқының жалпы саны 19 169 550 адам болғанын, оның ішінде ерлер мен әйелдер саны, ұлттық құрамы, жасы, еңбекке жарамдылары туралы баяндады.

Бұл деректерді қазақ телеарнасы да қайталап, ұмытпасам, санақтың толық нәтижелері жаңа жылдан кейін болады деді. Жаңа 2022 жыл келмек түгілі өтіп те барады. Алайда халық саны туралы облыстар, қалалар мен аудандар бойынша жарияланған еш мағлұмат жоқ. Біреулер бұл кешігуді жаңа облыстар мен аудандардың құрылуымен байланыстырды.

Қазір олардың да құрылғанына 7 ай болды. Содан бері үш санақ өткізетіндей уақыт өтті. Үкімет те, Ұлттық статистика бюросы да үнсіз. Тек анда-санда ағымдағы халық санын жалпылай жариялап қояды. Ал облыстар мен қалалар бойынша жіктеліп көрсетілген мәлімет жоқ. Әлде халық саны құпия дерек пе? Кеңес заманында, онда қазіргідей дамыған ақпараттық технология да жоқ, 300 миллионға жуық совет халқының санын жіліктеп шағып, ресми органдар газеттерде жариялайтын. Бір айтарлық нәрсе, айғай-шумен өткен 2009 жылғы халық санағының деректерін әйгілеуді сол кездегі К.Мәсімовтің үкіметі де бүйтіп кешіктірмеп еді.

Қазақстан азаматы ретінде біздер өз облысымыз бен ауданымыздағы, тіпті кенттер мен ауылдардағы халық санын, оның ішінде ұлтымыздың санын білгіміз келеді. Біразымыз санаққа да қатыстық, мақалалар жаздық, үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздік. Құдайға шүкір, қаншама қиындыққа  қарамай халқымыздың қарасы өсіп келеді екен. Бұл да дамудың, өркендеудің бір белгісі емес пе? Әрі-беріден соң мақтанышымыз емес пе? Сондықтан халық саны туралы материалдарды кесте түрінде, өткен санақпен салыстыра отырып аймақтар бойынша жариялаудан неге қорқып отырмыз? Қолдарыңызда санақ материалдары болса, тіпті сұратып алсаңыздар да, газет бетінде жария етулеріңізді өтінемін.

Тегтер: