Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:20, 14 Ақпан 2023

Халық табысын арттыру басты міндет

None
None

Елімізде қымбатшылық сезілген сайын халық табысын арттыру мәселесі жиі қозғалады.

Өйткені қымбатшылық ушыққан сайын халықтың әлеуметтік жағдайына кері әсер етуде. Сондықтан билік үшін дәл қазір халық табысын арттыруға барынша көңіл бөлу маңызды болып отыр. Бұл тұрғыда ел үкіметі қол қусырып та отырған жоқ. Мемлекет басшысы былтыр үкіметке тез арада дағдарысқа қарсы шаралар пакетін әзірлеуді тапсырып, нәтижесінде «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» әзірленген болатын.

          Бұл дер кезінде қабылданған шешім болды. Өйткені ресми статистикаға сенсек, халықтың табысы 2019 жылы 6,4 пайыздан 2021 жылы 3,1 пайызға дейін құлдыраған көрінеді. Екі есе төмендеген бұл көрсеткішті халық анық сезініп отыр. Халық табысының төмендеуіне ең алдымен пандемия әсер етсе, екіншіден инфляциялық қысым күшейген. Мұның бәрі ең алдымен халықтың әлеуметтік жағдайына, тұрмысына әсер етіп, тұрмысы нашар отбасылар санын арттыруда. Сондықтан былтырдан бастап еліміз халық табысын арттыруға баса көңіл бөлуде. Бағдарлама аясында бюджет қызметкерлерінің жалақысын көтеру, халықты жұмыспен қамту үшін жұмыс көздерін көбейту секілді мақсаттар қойылған. Нақты міндеттер жүктеген бұл бағдарламаның халық үшін маңызы зор болып отыр. Бағдарлама аясында халықтың қаржылық сауатын арттыру жұмыстары да қолға алынбақ. Арнайы бейнероликтер мен фильмдер түсіру арқылы халықтың қолда барын ұқсату да көзделген. Алдағы уақытта қолға алынған бұл шаралар өзінің жемісін береріне сенім мол. Халықпен жан-жақты, кешенді түрде жүргізілген шаралар алдағы уақытта тұрмысының жақсарып, табысының үнемделіп, көбеюіне жол ашса мақсаттың орындалғаны.

          Бағдарлама аясында уәде етілген екі миллионнан астам жұмыс орны ашылса расында да бұл талай жанның қуанышына сеп болар еді. Өйткені бүгінгі күні елімізде 73,3 мың жас жұмыссыз жүрген көрінеді. Бұл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми деректері. Ал ресми деректен сырт қалған қаншама жас бар. Диплом алса да ел игілігі жолында еңбек ете алмай отырған жастардың күші мен біліктілігін қолданудың пайдасы зор болар еді. «Екі қолға бір күрек таба алмаған» немесе еткен еңбегінің төлену ақысына көңілі толмаған қаншама жас шекара асып кеткенін ескерсек, жұмыс көздерінің ашылуы көңіл қуантады.

Бағаның күрт өсуі несиесі бар ағайынның күнкөрісін де қиындатып отыр. Тағы да дерекке көз салсақ бүгінде алты миллионнан астам адам банкке қарыз екен. Күнкөрісі қиындаған жандар несиесін төлей алмай жатқаны ескеріліп, банкроттық туралы заң да қолға алынуда. Яғни халықтың әлеуметтік күрделенген мәселелерін шешу үшін жан-жақты жұмыстар жасалуда. Бұл ретте банктердің проблемалық қарыздарының көлемі бір  триллион теңгеден асқаны да көп нәрсені аңғартады. Сондықтан халықтың осы күйін аңғарған үкімет жан-жақты шаралар жасап, бағдарлама мен заңдар қабылдауда.

 Әлеуметтанушы Нұрболат Айекешов: «Егер көздеген мақсатына жетсе бағдарламадан күтер үміт зор. «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» негізі жан-жақты бағыттан тұрады. Кең ауқымды жұмыспен қамту арқылы халықтың табысын арттыру; нарықтағы бағаны қадағалау, кәсіпорындар ашу, еңбек өнімділігін көтеру міндеттері тұр. Қазір халық үлкен үміт күтіп отырған бағдарлама көздеген мақсатына жетсін деп тілейік», – дейді.

Тегтер: