Халық табысын қалай арттыруға болады?
Елімізде кедейлер неге көп? Талдау нәтижесі көрсеткендей, соңғы 10 жылда халық табысының үлесі 10 пайыз шамасында төмендеген.
Сарапшылар мұның себебін халықтың едәуір бөлігі өнімділігі, табысы төмен еңбекпен айналысатынымен байланыстырады. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатындағылардың да табысын айлығы шайлығына жетпейтіндердің қатарына қосуға болады. Олар да еліміздегі кедейшіліктің өсуіне «үлесін» қосып отыр. Нақты ақпаратқа жүгінсек, Қазақстанда 2 миллионнан астам адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатында болса, олардың басым көбі айына 100 мың теңгеден де төмен табыс табатындар. Ал шамамен 10 пайызының табысы еліміздегі ең төменгі күнкөріс деңгейінен де төмен. Бұл көрсеткіш кейбір өңірлерде 30 пайызға дейін жетіп отыр.
Осы объективті факторлардың бәрін ескеріп, мемлекет халықтың ақшалай табысын жоғарылатуға байланысты «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» жобасын қолға алғаны белгілі. Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген бұл құжатқа Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Энергетика, Сауда және интеграция, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктері де өздерінің «бес тиындарын» қосып, атсалысты.
«Ұлттық жоба негізгі үш бағыттан тұрады. Бірінші бағыт – шикізаттық емес секторға инвестициялардың өсуі, сондай-ақ құн жасаудың жаһандық және өңірлік тізбектеріне кіру негізінде экономиканы әртараптандыру. Екінші бағыт – өнімділігі жоғары жұмыс орындарын құру арқылы халық табысын өсіру. Үшінші бағыт – төмен көміртекті даму трендін ескере отырып, ЖЭК базасында электр генерацияның озық дамуы.
Осы негізгі бағыттардың ішінде кіші 5 бағыт, 6 негізгі міндет және 13 көрсеткіш қарастырылған. Соның ішінде «Индустриялық-инновациялық даму» бойынша екі негізгі міндет айқындалды. Атап айтқанда, өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарын технологиялық жаңғырту және өндіріс көлемін ұлғайту мен өңдеу өнеркәсібі тауарларының сұранысын арттыру.
Мұнай-газ химиясы кешенін дамыту» бағыты бойынша сыртқы сұранысты қанағаттандыру үшін ірі жоғары технологиялық мұнай-газ химиясы өндірістері енгізілетін болады. 2025 жылға қарай 5 мұнай-газ химия зауытын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл жобалар іске қосылған жағдайда мұнай-газ химиясы өнімдерін өндіру көлемі 360 мыңнан 2 млн тоннаға дейін 5 есеге ұлғайып, экспорт 9 есеге артпақ.
Ал геологиялық барлау саласын дамыту инвестициялық тартымдылықты арттыруға және геологиялық материалдарды сақтау мен өңдеу бойынша қазіргі заманғы инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге бағытталатын болады. Аумақтың геологиялық зерттелуін қамту 683,9 мың шаршы шақырымға ұлғаяды. Бір қор қоймасы, 2 керн қоймасы салынады және 4 керн қоймасы жөнделетін болады», – дейді ұлттық жобаны әзірлеген мамандар.
Ұлттық жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі 15,9 трлн теңгені құрайды. Оның ішінде республикалық бюджеттен 402 млрд теңге қарастырылған. 15,5 трлн теңге жеке инвестициялар тарту көзделіп отыр. Құжатты іске асыру нәтижесінде 2025 жылы 102 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылып, еңбек өнімділігі 20 пайызға өседі деп күтілуде. Өңдеу өнеркәсібі өнімдерін өндіру көлемінің 1,5 есеге ұлғайып, шикізаттық емес экспорттың 41 млрд АҚШ долларына дейін, яғни екі есеге көбейетіні болжанып отыр.
Жасыратыны жоқ, елімізде дүбірмен басталып, күбірмен аяқталған жобалар да аз емес. Дейтұрғанмен «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, бұл жоба басқа жобалардан бөлек болып тұр. Ең бастысы бағдарламаның нәтижесін халық көріп, шарапатын сезінуі тиіс. Елді жұмыспен қамту, кедейшілікті азайту, халықтың табысын арттыруды мақсат еткен жобадан көпшіліктің күтері көп.