Халық тағы да тоналуда
Жақында еліміздің Ішкі істер министрлігі халқымыздың өткен жылы қанша көлемде айыппұл төлегенін мәлім етті.
Деректерге сүйенсек, былтыр Ішкі істер органдары жалпы сомасы 80 миллиард 309 миллион теңгеге айыппұл салу туралы 6,8 миллион қаулы шығарып, бюджетке 61 миллиард 291 миллион теңгеден аса қаражат өндірілген көрінеді. Халықты тәртіпке шақыру мақсатында айыппұл салу дұрыс та шығар, бірақ миллиардтаған айыппұл халықтың қалтасына салмақ екенін де ұмытпаған жөн. Оның үстіне, дәл қазіргідей қымбатшылық кезеңінде ішпей жемей айыппұл төлеу оңай емес.
Осы орайда еске ала кетсек, бұрын көше тәртібін жол сақшылары қадағалайтын кезде «Жол полициясының негізгі міндеті жазалау емес, алдымен ескерту» деп, мүмкіндігінше алдымен жол сілтеп, дұрысын көрсетуді сұрай алатынбыз. Ал қазір «Сергекке» ештеңе деп ренжи де алмайсың. Мемлекет те халықты бас салып жазалағанға, қалтасын қағып тонағанға машықтанып алғандай. Себебі биылғы жылдың басынан бастап көшелерде орнатылатын бейнекамералар саны тіпті арта түсті. Мәселен, бір ғана Алматы қаласының өзінде биылғы жылдың басынан бастап тағы 575 «Сергек» орнатылған. Тек Түркісіб ауданына 152 «Сергек» камерасы орнатылыпты.Демек халық қалтасын одан сайын қағып, еріксіз тонау өрши түспек.
Айыппұлдың басым бөлігі жол қозғалысы саласындағы құқықбұзушылықтар үшін салынған екен. Жол қозғалысы саласындағы құқықбұзушылықтар үшін жалпы сомасы 68 миллиард 660 миллион теңгеге айыппұл салу туралы 6,2 миллион қаулы шығарылған. Олардың ішінде ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 592-бабы бойынша белгіленген қозғалыс жылдамдығынан асып кеткені үшін 34,3 миллиард теңге сомасына 2,9 миллион қаулы шығарылған. Ал жол белгілері немесе жолдың жүру бөлігі талаптарын сақтамағаны үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 601-бабы бойынша 8,6 миллиард теңгеге 1,5 миллион қаулы шығарылыпты. Сондай ақ ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 440-бабы бойынша ішімдік ішкені немесе қоғамдық орындарда мас күйде жүргені үшін 2,3 миллиард теңге сомасына 173 мың қаулы шығарылса, ортақ пайдаланатын орындарды ластағаны үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабы бойынша 1,7 миллиард теңгеге 124 мың қаулы шығарылған. «Еш ескертпестен, қалаған жеріне қаптатып «Сергек» орнатып жатқандардың тірлігі қастықтан кем емес» дейді алматылық көлік жүргізушілері.
Солардың бірі – Асхат Оралов: «Бір жұмыс күнкөріске жетпеген соң амал жоқ арасында адам тасып, тіршілік көзін арттыруға тырысам. Кеше ғана Алматының «Алтын орда» базары маңына адам апардым. Кешке ұялы телефоныма айыппұлдың хабарламасы келіп тұр. Осыған дейін ол маңда бейнебақылау қондырғылары жоқ еді. Қазір бірден оншақтысы пайда болыпты. Мәселен, осыған дейін еш тәртіп бұзушылық саналмаған жүрісім үшін бүгін бес мың теңгеден астам айыппұл төледім. Оны тез төлемесем бір апта ішінде екі еселенеді. Амал жоқ күнұзақ бала шағамның несібесі үшін қаланың бір шетінен екінші шетіне қаңғып жүріп адам тасыған еңбегімді кеше айыппұл ретінде аудардым. Ең болмаса алдын ала қай жерлерге, қандай тәртіп талабы үшін айыппұл орнатылатыны алдын ала хабарланса еш ренжімес едім. Не хабарлама жібермейді. Бұрынғы жүрген талаппен жүресің. Бірақ айыппұл арқалап шыға келесің. Басқан ізіңді аңдып, қит етсе айыппұл салу халықты қинау! Алдымен халыққа жағдай жасап алмай жатып, түрлі талап қою қаншалықты дұрыс? Мәселен, жолдар әрқашан халық талабына сай емес», – дейді наразылық танытып.
Расында да осыған дейін де көлік жүргізушілері ақылы жол үшін ақша төлегенмен, қыс бойына қары тазаланбайтыны талай рет айтылған болатын. Сол секілді қалада автотұрақтар жеткіліксіз болса да, халық көлік тұрағын кез келген жерге қалдырса айыппұл арқалап шыға келеді. Алайда халық қалтасын қаққыштарға мұны түсіндіру оңай болмай тұр.
2023 жылдың бірінші тоқсанында орнатылған 575 «Сергектің» 493-і, жол бойында, 82-сін қиылыстарда қойылған көрінеді. Жалпы осыған дейін қалада 766 «Сергек» кешені жұмыс істеп тұрса, олардың 383-і – жол бойында, тағы 383-і көше қиылыстарында орналасқан екен. Атап өтер жайт, қалаларда тәулік бойы жұмыс істейтін бейнебақылау камераларының болғанына қарамастан, еліміздегі қылмыстық ахуал азаймай тұр. Өткен жылдың аяғында мәжілісмен Әбілфас Хамедов те осы мәселені арқау етіп ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжановқа депутаттық сауал да жолдаған еді. «Көптеген азамат үшін авто тек көлік құралы ғана емес, сонымен бірге бүтіндей бір отбасын асырап отырған табыс көзі. Ал жалпы алғанда, кез келген адам үшін көлігін ұрлатып алу үлкен шығын екені белгілі. Мәселен, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі ұсынған мәліметтерге сәйкес, 2018-2021 жылдар аралығында 6379 автокөлік ұрланған, оның тек 2776-сы табылып, иелеріне қайтарылған, оның ішінде: 2018 жылы – 1910 ұрлықтың 1083-і анықталды; 2019 жылы – 1493 ұрлықтың 814-і анықталды; 2020 жылы – 2122 ұрлық тіркелсе, 525 табылды және Гарант-24, Estate Lombard, Profitable Credit сияқты қаржылық пирамидалар мен алаяқтық істер бойынша 1162 көлік тіркелген; 2021 жылы – 854 ұрлық тіркеліп, 354 көлік табылды. Осы оқиғалар салдарынан 3603 көліктің қайда кеткені белгісіз. Ел азаматтарына 18 млрд теңгеге жуық шығын келтірілді. Статистикадан көріп отырғанымыздай, табылған көліктер саны жылдан жылға азайып келеді. Ал бұл ұрланған 10 көліктің тек 3-і ғана иесіне қайтарылады деген сөз, қалғандары белгісіз. Бұл қалаларда тәуліктің кез келген уақытында қарапайым бейнебақылаудан бастап жүргізушілердің тәртіп бұзушылықтарын жоюға дейін камералардың тұтас желісі жұмыс істейтініне қарамастан орын алып отыр. Осыншама бақылау камераларының өзі көмектеспей ме сонда?», – деп депутат мәселені төтесінен қойған болатын.
Расында да осыдан соң көңілде күдік туады, халық қауіпсіздігін қамтамасыз етпейтін, тек қалтасын қағып жазалап, айыппұл салуды көздейтін камералар сонда кімнің мүддесі үшін қойылып отыр?!