Халық үніне құлақ асатын кез жетті
Бар болғаны Үкіметіне сеніп, алаңға шығып, елдегі қымбатшылықтың әлеуметтік жағдайына айтарлықтай, әсер етіп жатқанын айтам деп, қазақтың басы бәлеге қалғанына 40 күннен асты.
Жаңа жыл басталмай жатып, қара жамылған қаншама отбасы әлі күнге есін жия алар емес. Ит екеш иттің де сұрауы бар елімізде, қаза тапқан 200-ден астам адамның аты-жөні әлі ресми жарияланбады. 4 жасар қызымыздан бастап, 70 жастаға қарияға дейін, көптеген өрімдей жастарымыздан, барлығы – 227 азаматымыздан айырылдық. Бұл белгілісі ғана, ал содыр атанудан қорқып, жақынын үндемей көме салып, тұншыға жоқтап отырғандары қаншама? Әлі күнге қаншама ер-азаматтарымыз азаптаудың құрбаны болып, сағы сынуда.
«Датың болса, айт» дейтін елдің ұрпағы едік. Алайда кейбір қалалардың әкімдері халықтың алдына шығып, талап-тілегін тыңдауға да жарамады. Нәтижесінде, диалогқа шығар біреуді күтіп, бірнеше күнге созылған шеруді ниеті бұзық басқалар пайдаланып кетті. Егер жергілікті әкім қараларымыз халықпен тіл табыса алатын, айналасындағы халқын тыңдата алатын тұлғалар болғанда, мәселе бұлай ушықпас еді. Бірақ халықтың бәрібір аштан қатып, көштен қалып жатқаннан гөрі, талап-тілегін білдіріп, өліп бара жатса да датын айтып өлуге тырысатыны байқалуда. Өткен аптада Алматыда «Қазақтелеком» жұмысшылары жалақыны көтеруді талап етіп, ереуілге шықса, одан соң, «Air Astana» әуе компаниясының қызметкерлері төмен жалақыға наразылықтарын білдірді. Яғни, ұжымдық ереуілдер көбейіп барады. Ал кешегі жексенбіде қаңтар қантөгісінде қайтыс болғандарға қырық күн толуына орай, алматылықтар орталық алаңға жиналды. Демек, халықпен диалогқа келмей, шерулерді тоқтата алмаймыз.
Осы орайда, саясаттанушы Дос Көшім: – «Өркениетті елдерде полиция жиынға шыққан адамдарды қорғайды. Біздің полиция, керісінше, жиынға шыққан адамдардан басқаларды қорғаймыз дейді. Өкінішке қарай, біздің органдар шеруге шыққан адамдарды жау есебінде көреді. Бұл – кеңестік кезден қалып қойған психология. Одан арылмай, алға баса алмасымыз анық. Бұл тұрғыдағы сауатымызды һәм көзқарасымызды дұрыс жолға қоймасақ, полиция мен халық бір-біріне өшіге береді. Кеңестің кезінен санамызға сең болып қатқан көзқарастарды өзгертпей, осындай нәзік мәселелерді сауатты деңгейге көтермей, қоғам тыныштығына кепіл болу қиын. Құқықтық құрылымдарды қарумен қамту, санын көбейту, оқытудан бұрын мамандардың ішкі психологиясын өзгерту керек. Өкінішке қарай, бізде осы менталитет өзгермей тұр», – дейді.
Атап өтер жайт, қанды қырған болғаннан кейін интернет көзі шектеліп, адамдар арасында барлық ақпарат алмасу түрлері тоқтатылды. Украиндық ақпараттық портал «Қазақстан интернетті бұғаттауға – 189 млн доллар қаражат жұмсады», – деп ақпарат таратыпты. Алдағы уақытта – 189 млн долларды ғаламторды бұғаттап, уақытша халықтың үнін өшіруге пайдаланғаннан гөрі, халықтың әлеуметтік мәселелерін дер кезінде шешуге жұмсасақ, ел ішіндегі шиеленісті жағдайлар әлдеқайда азайып, мәселенің шешімі оңай шешілер ме еді.