Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
05:50, 01 Сәуір 2022

Халық жекешелендірудің игілігін қашан көреді?

None
None

Таяуда Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың «Алматы қала жарық» компаниясын сатуға қатысты өткізген тендерін заңсыз деп тапты.

2021 жылдың желтоқсан айының соңында Алматы қаласы әкімдігінің қаулысымен тендер арқылы «Алматы қала жарық» ШЖҚ МКК сатылды. Тендерді «ABM Group.com» ЖШС жеңіп алған. Мәміле 4,6 млрд теңгені құрады, болжамды құны – 14,8 млрд теңге. Бұл компанияның бір күндік табысының өзі 5 млрд теңге болады. Айта кетерлігі «ABM Group.com» ЖШС компаниясының иесі – Азамат Молдақасымов атты кәсіпкер. Ең қызығы, ол Бақытжан Сағынтаевтың тұсында қаланың бас санитар дәрігері болған және бірнеше резонансты істен кейін жұмысынан босаған Айзат Молдақасымованың туған ағасы болып шықты. Бұл жекешелендіруде таныс-тамырлықпен бармақ басты, көз қысты әрекеттің орын алатындығының бір ғана мысалы.

Осындай жағдайлардан кейін Қазақстанда экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссия құрылды. Олардың мақсаты – үкіметке негізсіз жекешелендірілген нысандарды мемлекет меншігіне беру тетіктері бойынша ұсыныстар енгізу.

Finprom.kz мәліметі бойынша Қазақстанда жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың шамамен 10%-ы ішінара немесе толық мемлекеттік. 2018 жылы ірі кәсіпорындар арасында мемлекеттің қатысу үлесі 46% болды. Оған дейін де бұл сегменттегі көрсеткіш 40%-дан төмен болған жоқ. Ең аз көрсеткіш 2007 жылы тіркелген, 41,7%. Бұл елдегі кәсіпкерлік сала нарықтық бәсекеге қабілетсіз, мемлекеттің мойнына асылып отыр дегенді білдіреді.

Алғаш рет Қазақстанда 2014 жылы экономикада мемлекеттің қатысу үлесін азайту қажеттігі туралы айтылды. Тіпті бұл шаманы ЖІӨ-нің 15%-на дейін төмендету керек деген «орасан зор» жоспар құрылды. Бірақ KPMG мәліметі бойынша 2019 жылы бұл көрсеткіш 60%-ды маңайлады.

Мәжіліс депутат Ғазиз Құлахметовтың айтуынша, еліміз соңғы 30 жылда неолибералдық экономика моделіне қатты еліктеп кетті. Экономикалық көрсеткіштердің (өндірістің) өсімін қамтамасыз етеміз деген негізгі ой іс жүзінде әлеуметтік теңсіздіктің ұлғаюына әкеп соқты.

«Мемлекет басшысы халықаралық сарапшылардың (KPMG) мәліметіне сүйеніп, экономиканың өзекті салалары мен негізгі дәулеттің жартысына жуығы небәрі 162 адамның уысында деген ақпарат бергені де бар. Яғни, дәулетті адамдардың (плутократия) билігі жүрген заманда өмір сүріп келгеніміз ресми түрде мойындалды. Теңсіздікті (бай мен кедейдің табысы) табыс мөлшерімен өлшейтін болсақ, есеп нәтижесін айтудың өзі ұят, әрі қиянат. Кедейлер саны ұлғайып, «жұмыс істейтін кедейлік», «мұрагерлік кедейлік» деген терминдер пайда болды. Менің пікірімше, қаңтар оқиғасының басы классикалық үлгідегі таптық шиеленістің көрінісі деп айтар едім», – дейді депутат. Оның айтуынша, активтердің заңды не заңсыз меншікке өткенін анықтау үшін квазимемлекеттік сектордағы компаниялардың бәріне алдымен толық аудит жүргізу қажет.

«Бүгінгі қоғамда жаппай жекешелендіру жүргізу – экономиканың дамуына серпін беріп, халық әлеуетін көтеруге жол ашады деген тұрақты пікір қалыптасқан. Мен бұл оймен көп жағдайда келіспеймін. Ұлыбритания, Скандинавия елдерінің тәжірибесіне үңіліп, ізденген жөн. 90-шы жылдары еліміздегі жекешелендірудің қажеттілігі жайлы қоғамдық риториканы қолдау үшін үкімет баспананы меншікке өткізуге рұқсат берді. Бір қарағанда бұқараның көңілінен шыққан бастама болғандай боп көрінуі мүмкін. Алайда, тұрғын-үй нарығындағы бүгінгі бей-берекетсіздік, көптің баспанаға қол жеткізе алмауына себеп болған бірден-бір шешім екенін де біле жүрген дұрыс. Бұл мысалға қарсы мысал ретінде Австрияны келтірер едім. Олар тұрғын-үй нарығын жекешелендіруге осы кезге дейін шектеу қойып келеді. Себебі Австрия үкіметі әлеуметтік әділдікті толық қамтамасыз ете алмайтындарын жақсы түсінеді. Яғни, жекешелендірудің қайырын әрбір азамат сезінбесе, ол бастама іске аспауы тиіс деген қоғамдық келісім бар. Сондықтан жекешелендірудің қажеттілігіне күмәнмен қарап, оны тиімділігіне толықтай көз жеткізіп үйренетін мезгіл келді», – дейді депутат.

    Қазақстандағы жекешелендіру үдерістеріне әлі күнге дейін әртүрлі баға беріліп келеді. Десе де, бұл бағытта алғашқы қадамдар жасалғанын көруге болады. Оның бірі квазимемлекеттік секторды жекенің игілігіне өткізу. 2011 жылы жекешелендірудің жаңа кезеңі басталды. «Халықтық IPO» бағдарламасы қабылданды. Ол бойынша қазақстандықтарға мемлекеттік компаниялардың акцияларын сатып алу ұсынылды, олардың алғашқысы KEGOC электр энергиясы жүйесі және «ҚазТрансОйл» магистральдық мұнай құбырларының операторы болды. Оған барлығы 76 мың жеке тұлға қатысты. Кейінірек, 2015 жылдың соңында Қазақстан Үкіметі жаңа «жекешелендірудің кешенді жоспарын» қабылдады. Бұл тізімге көптеген ірі мемлекеттік компаниялар енді: «Қазақстан теміржолы», «ҚазМұнайГаз», «Қазатомөнеркәсіп» атом компаниясы, «Самұрық-Энерго» энергетикалық компаниясы, «Тау-Кен Самұрық» тау-кен компаниясы, «Қазпошта», «Эйр Астана» авиакомпаниясы және басқалары.

Экономика ғылымының кандидаты Сапарбай Жобаевтың айтуынша, 90 жылдары үлкен кәсіпорындарды жекешелендіру кезінде таныс білістік орын алды. «Егер жаңа экономикалық саясат жүргізетін болсақ, кезінде заңсыз кеткен кәсіпорындарды сотта дәлелдеп, мемлекетке қайтару керек. Ірі кәсіпорындарды қайтадан жекешелендіруге Халық ІРО арқылы шығарып, халыққа қолжетімді бағада сату немесе бірлескен кәсіпорындар құрып шетелдік инвесторларды шақыру қажет. Өркениетті мемлекеттерде жекеменшіктің экономикадағы үлесі ЖІӨ-де 15% деңгейінде сақтап отыр. Бізде мемлекеттің экономикаға қатысу көрсеткіші 55%-дан асып кетті. 2016 жылы жекеменшік сектордың экономикадағы үлесі 52% болатын. Меніңше, мемлекеттік меншіктің артып кеткені экономика үшін жақсы емес. Бұл біздің экономикамыздың тиімділігіне кері әсер етеді, яғни жемқорлық фактілер орын алады», – дейді сарапшы. Оның айтуынша, сонымен қатар ауылды жерлерде жерді әкімдердің жақындары мен туыстары тиімді пайдаланып отыр. Тіпті кейбір ауылдарда шабындық жерлердің жоқтығы да осының салдарынан. Сондықтан жерді түпкілікті реформа жасап, дихандарға меншік етіп беру керек. Елді мекендердегі жер мемлекеттің меншігінде деген сөз әкімдердің еншісінде дегенді білдіреді. Бұл дегеніміз ауылды жерде жемқорлық ешқашан тоқтамайды деген сөз.

Айта кетерлігі, Қазақстанда жекешелендірудің екінші толқыны кезінде 503 нысан сатылды. Оның ішінде республикалық меншіктен 64,8 млрд теңгеге 53 нысан, коммуналдық меншіктен 63,8 млрд теңгеге 251 нысан, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың меншігінен 398,2 млрд теңгеге 103 нысан. Сөйтіп Қаржы министрлігі 2016-2020 жылдарға арналған жекешелендіру жоспары 96,8%-ға орындалды деп мәлімдеме жасады.

Ескеретіні, егер объект үш рет сатылымға қойылса, бірақ сатып алушылар оған қызығушылық танытпаса, ол қайта ұйымдастыруға немесе таратуға жіберіледі. 2016 жылдан 2020 жылға дейін мұндай тағдырды 220 компания мен кәсіпорын бастан өткерген. Инвесторлар да өз салған қаражатынан пайда көруді көздейтінін білеміз. Сондықтан жекешелендіруге сатылымға шыққан нысанның «арғы-бергі тарихы», табысы, шығыны, әрине, қарызы да айтарлықтай рөл ойнайды.

Тегтер: