Халықаралық жастар күні маңызды
12 тамызда Қазақстан Халықаралық жастар күнін атап өтті. 1999 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 12 тамызды Халықаралық жастар күні деп жариялау туралы Жастар істері жөніндегі министрлердің Дүниежүзілік конференциясының ұсынысын қолдағаннан кейін Халықаралық жастар күні Қазақстанда 2000 жылдан бері тойланып келеді.
Республика бойынша жастарды қолдауға және оларды мемлекеттің қоғамдық өміріне тартуға бағытталған 250-ден астам іс-шара өткізіліп жатыр. Сондай шаралардың бірі – «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар ісі комитетімен бірлесіп ұйымдастырған Халықаралық жастар күніне арналған республикалық дөңгелек үстел. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, жастар ресурстық орталықтарының, ҮЕҰ өкілдері мен жас зерттеушілер қатысқан дөңгелек үстелде еліміздегі жастар саясатын одан әрі жүзеге асырудың өзекті мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, әдістемелік аспектіні жетілдіру мақсатында Жастар даму индексінің жобасы жалпы талқылауға ұсынылды.
Сонымен қатар жастар ресурстық орталықтарының қазіргі жағдайы мен олардың қызметін жаңғырту бойынша пилоттық жобаның жалпы үлгісі таныстырылды. Бүгінде елімізде 227 жастар ресурстық орталықтары жұмыс істейді. Жастарға көрсетілетін қызметтерді кеңейту, сондай-ақ қызмет көрсету сапасын арттыру аясында аутсорсинг арқылы пилоттық режимде жаңа үлгідегі ЖРО ашылады.
Дөңгелек үстелде талқыланған тағы бір маңызды тақырып Жастар кеңестерінің қызметін жетілдіру бойынша ұсыныстар болды. Бүгінде мұндай консультативтік-кеңесші органдар жергілікті атқарушы органдардың жанынан жұмыс істейді. Осылайша, мемлекет пен жас азаматтардың өзара іс-қимылын жақсарту мақсатында Жастар ісі жөніндегі кеңестердің қызметін жетілдіру бойынша ұсыныстар қаралды. Айта кетейік, бұл ұсыныстар Жастар ғылыми орталығының Gov2Jastar сайтындағы сараптамалық пікірталас нәтижесінде әзірленген.
Іс-шаралар аясында барлығы 900 мыңнан астам жасты қамту жоспарлануда. Барлық облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда жастардың өзекті мәселелерін талқылауға арналған пікірталас алаңдарын, қайырымдылық акцияларын, волонтерлердің қатысуымен экологиялық шараларды өткізу жоспары қолға алынды.
Жастар күнін мерекелеу 1995 жылы БҰҰ қабылдаған және 2007 жылы кеңейтілген Жастар іс-әрекетінің дүниежүзілік іргелі бағдарламасы туралы білімді таратуға ықпал етеді. Қазіргі уақытта бағдарлама жастарды дамытуда басты рөл атқарады.
Жыл сайын Жастар күніне арналған іс-шаралар (оның ішінде әртүрлі концерттер, көрмелер, конференциялар, семинарлар, флешмобтар) белгілі бір ұранмен өткізіледі. Мәселен, әр жылдардағы тақырыптар: «Бүгінгі күн және болашақ үшін: тұрақты дамудағы жастар қызметі», «Ұрпақтар арасындағы өзара әрекеттестікке негізделген қоғамдағы жастар», «Кедейшілікпен ортақ күрес: жастар және кедейшілікті жою», «Жастар және климаттың өзгеруі: әрекет ету уақыты», «Жастар миграциясы – дамуға ілгерілеу», «Үздік әлем құру: жастармен серіктестік».
2022 жылы Халықаралық жастар күнінің тақырыбы «Ұрпақтар ынтымақтастығы: барлық жастағы адамдар үшін әлем құру». Бұл ұран қоғамның дамуы үшін барлық жастағы адамдардың күш-жігерін біріктіру керектігін еске салады.
Эйджизм – жасты кемсіту, онымен байланысты стереотиптер. Бұл бірден байқала қоймайтын, бірақ әлемде жиі кездесетін құбылыс. Мысалы, тәжірибесі жоқ жастарды және аға буын өкілдерін жұмысқа алудан бас тартуы немесе олардың пікірін елемеуі мүмкін. БҰҰ-ның 2021 жылы жүргізген ауқымды зерттеуі жастардың жұмысқа орналасу кезінде қиындықтарға, сондай-ақ жұмыс беруші тарапынан менсінбеушілік көзқарасқа екі есе жиі ұшырайтынын көрсетті. Сонымен қатар ұлдар мен қыздарға саяси және азаматтық құқықтарын қорғауы да қиынырақ. Кедей және дамушы елдердегі жастардың көпшілігі жұмыссыз немесе табысы төмен. Кейбір мемлекеттерде халық құрылымындағы жастардың үлесі 80 пайызға жетеді. Онда жастар бұдан да үлкен қиындықтарға тап болады. Олар көбінесе білім мен медицинаға қол жеткізуде қиындықтарға кезігеді. 2022 жылғы Халықаралық жастар күні қоғамның назарын осы мәселелерге аударуға және «барлық жастағы адамдар үшін әлем құруға» бағытталған. Бұл ретте Қазақстан билігі жастар саясаты негізінде жыл сайын көптеген шараларды ұйымдастырып, жастарды қолдауға күш салуда.