Халыққа билік тарапынан жылулық жетіспейді
Венгрия тарихында алғаш рет Президент болып әйел адам сайланды. Каталин Новак! Янош Адердің орнын басқан әйел Президенттің суреттегі әдемі күлкісі еріксіз баурап әкетті.
Әлеуметтік желідегі парақшасын іздеп кеттік. Желідегі жеке парақшасында да әдемі жымиысы мен шынайы келбеті одан сайын еліктіре түсті. Өзіміздің мемлекеттік қызметкерлерден бастап, үкімет басындағы кез келген шенеунік, президентке дейін робот секілді түрлерінен басқа күлкісін көрмеген соң, су жаңа президенттің шынайылығынан көз ала алмай қалдық, десек те болады. Тіпті «а сонда бұларға да суретке күліп түсуге бола ма не?», деген таңданысымызды несін жасырайық. Артынша, шіркін-ай біздің де шенеуніктеріміз осылай күліп түссе ғой, жүзі жылы басшы көңілге сенім ұялатар еді деген ой келді. Одан әрмен парақшасын қазбалап кеттік.
Президент сайлауы кезінде отбасы қолдап келгені туралы жазбасы да айран асыр қалдырды. Өйткені бізде президент түгілі, үкімет басындағылардың барлығы дерлік отбасын көрсетпейді. Күлмейді, артық сөйлемейді, әзілдемейді, тіпті үйленбейтіндей, бала тумайтындай, әсер қалдырады. Әлеуметтік желідегі парақшалары да тым ресми, қызықсыз жазбаларға толы. Түрінен, жүріс-тұрысынан, желідегі парақшасынан адамнан гөрі, роботты көбірек еске салады. Осындай бір қасаңдықтан соң, көбінесе, тым ресми билікке деген халық тарапынан сенім төмен. Олар да адам, олар да халықтың мәселелеріне түсіністікпен қарайды, деген көзқарастан гөрі, тым ресми жандарда жүрек жоқ, мәселе жоқ, сондықтан халықтың мәселесін де түсінбейді, деген ұстаным басым.
Ал Венгрияның су жаңа президентінің әлеуметтік желідегі парақшасынан қарапайымдылық, шынайылық аңқып тұр. Сонысымен-ақ адам ретінде көкейге сенім ұялата біледі екен. Каталин Новактың отбасында қарапайым ғана әйел, сүйікті жар, үш баланың анасы екенін көріп, оның да қарапайым адам екенін, адамилық қасиеттерге ие екенін сезінгендей болдым. Қысқасы, жүрегімде ұялаған сенім оның да жүрегі бар екенін сездіртті, сендірді.
Осы орайда, айта кетер жайт, кейде біздің халқымызға шынайылық, мейірім, жылулық жетпей жатқандай көрінеді. Өйткені халық шенеуніктерден шынайылық сезінбейді. Сосын, біреу халық алдына шығып, сәл жылы сөйлесе, соның соңынан ереді. Тіпті кезінде халыққа жанашыр болып шеруге шақырып, кейін мақсатына жеткен соң, жеме-жемге келгенде, халықты лақтырып кеткен біреулердің де ізіне ергендер де аз болмады. Сондағысы, әлгінің сәл де болса халыққа қызыл сөзін арнап, көлгірсіп, жылы сөйлегені. Тіпті айдаладағы біреу өз халқына арнап жылы сөйлесе, халқымыз соған да табынып шыға келеді. Соның дәлелі наурыз айының басындағы Украина президенті Владимир Зеленскийдің халыққа үндеуі. «Жеті күннен бері дұрыс ұйықтаған жоқпыз. Ұйықтасақ та мазасыз ұйқы. Жандарым менің, ұйықтайтын кез келеді әлі. Соғысты жеңіспен аяқтаған соң, өзіміз қалаған бейбіт елде ұйықтайтын боламыз», – деген сөзін естіп, әлеуметтік желідегі талай азаматтарымыз өз Президентімізден сондай сөз есту үшін, тіпті «соғыс тілеп кетті». Журналист Серік Жолдасбайдың әлеуметтік желідегі «Тоқаев Зеленский секілді неге сөйлемейді? Не деген әсерлі сөз? Осы кезде есіңе еріксіз біздің зомби президентіміз түседі. Тоқаевтың суфлер арқылы берген «сұхбаты» мен Зеленскийдің үндеуінің арасында жер мен көктей айырмашылық бар», – деген жазбасы осының дәлелі.
Расында да біздің халқымызға биліктен аздаған мейірім, жылы сөз жетпей тұрғандай. Дәл қазір де «Уа халқым, сәл шыдаңыздаршы, бәрі жақсы болады. Тәуелсіздігімізді сақтап қалу жолында бірігейік, Қазақ елін сақтайық, бірлігіміз ажырамасын, мен халқымды жақсы көрем, Сіздердің де көңілдеріңізден шығуға тырысып жатырмын. Тек уақыт беріңіздер, бәрін бірге жеңеміз. Қымбатшылықты ауыздықтаймыз», – деген бір ауыз сөз жетпей тұрғандай. Дәл қазір де күн санап өскен бағаға қарап, халық жанталасып, аштан өлердей, үйіне азық-түлік тасуда. Шенеуніктердің жемқорлығын естіген сайын, халық та кез келген бағдарламаны жемқорлыққа айналдырып, «басып қалуға» тырысуда. Өйткені ештеңеге сенімі жоқ халық өз әрекетін жасауда. Расында да беттері «бетонбет» қазақтың не қайғысына, не қуанышына эмоциясы көріне қоймайтын шенеуніктеріміз қашан халыққа жақындайды өзі?!
Қазақи мінездің өзі қарапайымдылық пен қазақи шынайы болмыстан тұрады ғой. Қазақ сондықтан қарапайымдылықты, шынайылықты аңсап жүргендей. Әттең, соны түсінетін шенеуніктер болса кәнекей?!
Айтпақшы, кеше ғана билік басына келген, бес жылдық мерзімге сайланған Каталин Новактан жаман Президент шықпайтын секілді. Әлден сеніп тұрмын… Күлкісі сендірді...