Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:38, 16 Ақпан 2022

Халыққа енді шәниген әкім, шікірейген шенеунік қажет емес...

None
None

Барыс жылы есіктен ене салысымен елді дүрліктірген қаңтар оқиғасына, міне, қырық күн толып отыр.

Содан бері елде не өзгерді? Қаралы қаңтардан кейін халықтың үнін естуге асықпайтын әкімдер мен шенеуніктер қандай сабақ алды?  Бұл оқиғадан жалпы не түйдік?

  Қаңтар оқиғасынан кейін билік бірнеше реформалар легін жариялап, елді «Жаңа Қазақстанды» құруға шақырды. Халықтың бір парасы осы реформаларға сеніммен қарап, болашақтан үлкен үміт күтсе, енді бірі әлі де биліктің іс-қимылына күмәнмен қарайды. Оған себеп – 30 жылдан бері күткен бақтың қазаққа әлі қонбағаны және атқарушы биліктегілердің халық алдындағы беделінің оңбай тұрғаны екені ащы да болса, ақиқат.  

   Жалпы, сала мамандары қаралы қаңтардан кейін Қазақстанға ес жинау оңайға соқпайтынын айтып отыр. «Бір күн ұрыстың қырық күндік қырсығы бар» демекші, сарапшылар алдағы уақытта еліміздің экономикасы мен әлеуметтік жағдайын оңалту бюджеттің бүйіріне едәуір салмақ түсіретінін баса айтуда.

Бұл ретте, экономист-сарапшы Меруерт Молдабаева:

– Алаңға шыққан халықтың барлығын террористер, бүлікшілер, бұзақылар, ұрылар дей алмаймыз. Олардың көпшілігі – қарызға батқан, шынында әлеуметтік қолдауға зәру, жұмысы жоқ, айлығын-шайлығына жеткізе алмай жүрген адамдар. Бұл – шындық. Сондықтан келешекте үкіметке халықтың әлеуметтік жағдайын оңалту үшін бірқатар жаңа реформаларды жүзеге асыруға тура келеді, – дейді.

     Әйтсе де, маманның пайымдауынша, әкімдер мен министрлердің қазіргі түсінігімен жаңа реформаларды жүзеге асыру  үкіметке өте қиынға соғады.    Негізінде, қаңтар оқиғасынан бөлек, екі жылға созылған пандемия да шағын және орта бизнесті онсыз да титықтатып жіберген болатын-ды.   Мұның салдарынан, бюджетке түсетін түрлі түсімдер көлемі, шамамен, 40 пайызға азайды. Ал қаңтарда болған оқиғалар жағдайды одан әрмен қиындатты. Ірі дүкендер мен қызмет орындары бүлінді, тоналды. Көбісі жабылып қалды. Бизнеске келтірілген тікелей шығын көлемі 100 млрд теңгені құраса, жанама шығындар көлемі 10 есеге жуықтайды. 

– Нысандарды жөндеп қайта іске қосуға қомақты қаражат керек. Олар енді экономикалық өсімге үлес қоспайтындықтан, бюджетке түсетін салық көлемі де азаяды. Мұның барлығы, Қазақстан экономикасына өте ауыр соққы болып тиді. Отандық бизнеске  аяқтан тұру қиынға соғады. Бұған қоса, Ұлттық банк базалық ставканы өсіргендіктен, екінші деңгейлі банктердің өндіріске беретін несиелерінің пайызы да  жоғарылады. Ондай несиемен өндірісті дамыту да қиын. Енді бізге экономиканы жолға қою үшін әкімдер мен үкіметтің жұмыс істеу тәсілін түгел өзгерту керек. Әкімдер мен министрлерге елге инвестиция тарту жайын мықтап ойластыру қажет. Олай етпесек, қаңтардағы қақтығыстан кейін инвесторлардың елге деген сенімі де азайып, шетелдік кәсіпкерлер дүрдәмәл күйде қалып отыр, – дейді Меруерт Молдабаева.

   Рас, маман айтса айтқандай, жалпы Қазақстанның инвестициялық әлеуетіне қатысты бүгінде халықаралық сарапшылар да өз болжамдарын айта бастады. Бұған қатысты, «The New York Times» басылымы өткен аптада былай деп жазды: «Қазақстандағы соңғы демонстрациялар үлкен маңызға ие. Бұған дейін Қазақстан саяси және экономикалық тұрақтылықтың аралы ретінде қарастырылып келген еді. Енді саяси тұрақсыздық кесірінен, елдің инвестициялық тартымдылығының төмендеуі әбден мүмкін».  Ал «Tax Justice Network»  басылымының дерегінше, соңғы 20 жылда Қазақстаннан, шамамен – 140 млрд доллар капитал сыртқа кеткен. «Қаңтар оқиғасынан соң, бұл үрдістің үдеуі ғажап емес», дейді халықаралық сарапшылар.

Осыған қарап, отандық мамандар ел экономикасына инвестициялар тарту  Смайылов үкіметінің басты  міндеттерінің бірі болуы керектігін айтып отыр.

 Бұл ретте, сарапшы Дәурен Арын:

– Ұлттық экономика министрлігі республикадағы инвестклиматты жақсартудың жолдарын қарастырып, тың тәсілдерін іздестіруі керек. Экономиканы қаржыландырудағы банк секторының рөлін күшейту, көлеңкелі экономиканы қысқарту бойынша шаралар қабылдануы қажет.  Тағы бір шара – олигархтардың,  шенеуніктердің елден әкетіп, оффшорларға тыққан қаражатын елге қайтару болмақ.  Ресми мәлімет бойынша басқа түгіл, тіпті біраз ұлттық компаниялар өз қаражатының бір бөлігін оффшорларда ұстайтыны анықталуда. Смайылов үкіметі негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемін ЖІӨ-ге шаққанда, қазіргі 20 пайыздан 2025 жылы 30 пайызға дейін жеткізу міндетін қойыпты. Әрине, үкімет бұған жете алса, жақсы. Бұдан бөлек, келешекте әкімқаралар мен министрлер халықпен етене жұмыс істеп, елдің жағдайын түзеу үшін өз аймақтарына қаражат тарту тетігін де меңгеруі керек, – дейді.

    Жалпы, деректерге жүгінсек 2021 жылғы тоғыз айда Қазақстан небәрі –18,7 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция ғана тарта алыпты. 2022 жылы шетелдік инвестиция  көлемін – 23,9 млрд долларға, 2023 жылы 25,1 млрд долларға, 2024 жылы 27,6 млрд долларға, 2025 жылы 30 млрд долларға дейін арттыру міндеті белгіленді. Ал бұл міндетке жету үшін расымен де енді халыққа шәниген әкім, шікірейген шенеунік қажет емес. Қаралы қаңтардан сабақ алса, болашақта елдегі әрбір шенеунік күрделі мәселені жасыруға емес, оны шешуге асығуы тиіс. Сонда ғана бейбіт халық аңырап, қазынамыз қаражатсыз қаңырап қалмайтындай, мамыражай күн кешетініміз даусыз...

Тегтер: