Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:00, 08 Тамыз 2023

Халыққа керегі – әлеуметтік жағдайдың жақсаруы

None
None

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайының тұрақталуы барысында және Жаңа Қазақстанға нақты қадам басуда ең бірінші халықтың күнкөріс деңгейін жақсарту мемлекетте ең бірінші күн тәртібіне шықты.

Осы орайда, үкіметте дағдарысқа қарсы шаралар қарастырылып, «Халықтың кірісін арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» іске қосылған болатын.

Бағдарламаның қосылуына ең алдымен халықтың соңғы 3 жыл көлемінде табысының күрт төмендеуі себеп болды. Яғни нақты статистика бойынша айтар болсақ, Қазақстан халқының табысы 2019 жылы 6,4 пайызды көрсетсе, 2021 жылы бұл көрсеткіш 3,1 пайызға азайған. Халық табысының төмендеуін сарапшылар 2019 жылы болған жаппай пандемияның салдарынан кәсіпкерлік субъектілердің экономикалық белсенділігі төмендеп, инфляциялық қысымның күшеюінің салдарынан жұмыссыздықтың белең алғанын айтады. Енді сол жағдайдың орнын толтыру мен халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында жаңа бағдарлама қолға алынып отыр.

Бағдарламаға қатысты сенат депутаты Нұртөре Жүсіп халық табысын арттыруда ең бірінші кезекте білімді арттырып, халықтың табысын көтеру, өңдеу және тау-кен өндірісін, ауыл шаруашылығын дамыту мен инфляцияны ауыздықтау, квазимемлекеттік секторды реттеу қажеттігін айтады. Сонымен қатар ол «Қалыптасқан күрделі жағдайдан шығу үшін «Қазақстан халқына» әлеуметтік-қоғамдық қоры ашылды. Оның қаржысы қатерлі ісік ауруына шалдығушылардың емі мен отасына, балаларға, бұқаралық спортты дамытуға арналған кешендерді салуға, қызметтік борышын атқара жүріп, опат болған құқық қорғау саласының қызмет еткен азаматтың отбасына, зардап шеккен аймақтарға көмектесуге бақыттаған. Ал оны қаржыландыру мемлекеттік қаржы көздері мен шетелдік қайырымдылық қорларынан болады. Байлығы асып-тасып, олигархтар да жыл сайын оған қаржы құюы керек. Бұл өте өзекті мәселе. Сонымен бірге Жаңа Қазақстанды құру үшін халықпен ашық жұмыс жүргізу қажет. Бұл ретте мемлекеттік қызметшілерге көп нәрсе байланысты. Халқымыз «Ауруын жасырған өледі» демекші, қоғам өткеннен сабақ алуы, тазаруы, жаңаруы тиіс. Түйеқұс секілді бастарын құмға тығып, елдің мұң-мұқтажына құлақ аспайтын, кердең кезеңнен тезірек арылғанымыз жөн» дейді сенатор.

Сондай-ақ бүгінде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту барысында жоғарыда атап өткен «Халықтың кірісін арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасынан бөлек, елімізде «Қарызсыз қоғам», «Ауыл аманаты» жобалары да қосылды. «Ауыл аманаты» жобасы өзге өңірлерде қалай іске асырылуда деген сұраққа Қызылорда облыстық «Аманат» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев: «Бұл жоба ең алдымен халық табысын арттыруға, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдауға, ауыл тұрғындарын аграрлы кәсіпке тартуға бағытталған. Жобаға қатысушыларға жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беру көзделген. Осы бойынша биыл өңірімізден 25 белсенді ауылдық округ анықталды. Бұл округтердегі жалпы халық саны 47 676 адамды құрайды. Ал оның ішінде жұмыссыздар саны 872-ге жеткен. Бүгінде бес бағыт бойынша 600 жоба қалыптасты. Аталмыш жобаларды іске асыру нәтижесінде ауылдық округтерде алты жүзге жуық 36 жаңа жұмыс орны ашылды. Және 3 мың 580 бас мал сатып алып, сүт және ет өндірісін үш пайызға арттыру жоспарланып отыр. Одан бөлек, жұмыссыздар санын 35 пайызға дейін азайтып, ауыл халқының орташа табысын 15-20 пайызға арттыру көзделуде» дейді.

Айта кетейік, жоғарыда қолға алынған жаңа бағдарламалар бойынша бүгінде жұмысшы жастар ел дамуының негізі ретінде, бюджеттік қызметкерлерге лайықты жалақы, еңбек кірістеріндегі теңгерімсіздікті жою, ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтуды арттыру, туризмдегі жұмыспен қамтуды арттыру, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру бойынша жұмыспен қамту, өнеркәсіптердегі тиімді жұмыспен қамтуды ұйымдастыру, халықтың табысын арттыру бойынша кәсіпкерлікті дамыту, кірістердің сатып алу қабілетін қорғау, т.б осы секілді негізгі басымдықтар анықталып, 80 іс-шара өткізу қарастырылды.

Тегтер: