Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:57, 24 Ақпан 2022

Халыққа қандай партия керек?

None
None

 1 наурызда «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс съезі өтпек. Ол неге асығыс шақырылды?

Осы басқосуда делегаттар үшін басты мәселе қандай, яғни шешуші болмақ? Осы және басқа сұрақтарды біз белгілі қоғам қайраткері Дос Көшімге жолдаған едік.

–  Қазақта «Алла асығыстықтан сақтасын», «Асыққан шайтанның ісі», деген мақал-мәтелдер бар ғой. Сондықтан кеше ғана жаңа төраға сайлауға жиналған партияның ай өтпей жатып, кезектен тыс жиын өткізуі –  менің ойымша, партия мүшелерінің емес, басшылықтың, оның ішінде, төрағаның шешімі сияқты. Авторитарлық тәсілмен жұмыс істейтін құрылымда барлық шешімді басшының өзі қабылдайтыны, ал басқалары «қолдаймыздан» аса алмайтыны белгілі. Демек, бұл жиын Тоқаев мырзаның «бірнәрсе» айтуы үшін шақырылғаны анық. Ал асығыс шақырылғаны түсінікті: осы уақытқа дейін айтылған, жоспарланған, сөз берілген өзгерістер тым мардымсыз, халықтың барлығының ойларынан шығып жатқан жоқ. Сондықтан партияның осы жиындағы басты мәселе – не партияның келбетін, мазмұнын, керек десеңіз, атауын өзгерту мәселесі немесе президенттің партия басшылығынан өз еркімен (оғаны сылтау табу қиын емес) кетуі болуы мүмкін. Алғашқысы пәлендей ештеңе бермейтін, бұрынғы жүйені өзгертудің көрінісі бола алмайтын, бұрынғы «Нұр Отанды» жаңа «Нұр Отанға» айналдыра алмайтын, үйдің сыртқы сылағын қырып тастап, жаңа сылақ жүргізген сияқты әсер қалдыратыны анық. Ал егер Президент төрағалықтан бас тартса, партия да, қоғам да: «кеше ғана өзі келісімін беріп, бір ай өтпей жатып, бас тартқаны – баланың ісі ме, ақымақтың ісі», дейтіні сөзсіз. Қысқасы, не өгізден айырыламыз, не арбасыз қаламыз. Өз басым, арбасыз қалғанды дұрыс көремін.

 Жалпы, мемлекет басшысы қандай да бір партияның көшбасшысы, тіпті мүшесі болуы керек пе?

– Бұл мәселе әр елде әр түрлі сипат алады. Егер мемлекетте парламенттің рөлі басым болса, сайлауда жеңіп шыққан партия үкіметті жасақтайды да, оның басшысы – премьер-министр (әр түрлі аталуы мүмкін) болып, елдегі билікті толықтай өзінің қолына алады. Ондай елдердің кейбіреулерінде президент қызметі де бар, бірақ оның құзыреті – өте шектеулі, нақты билік жоқ деуге де болады. Мысалы, біздер Германияның Канцлерін білеміз, бірақ «Германияның Президенті кім?» деген сұраққа тосылып қалуымыз мүмкін. Сол сияқты, Израиль мемлекетінде де президент лауазымы бар, бірақ оның кім екенін сол елдің азаматтары да біле бермейді. Ал президенттік басқару орнаған елдерде президент – негізгі билік иесі болып саналады да, премьер-министр – тек министрлер кабинетін басқарып, экономика, әлеуметтік салаларға жауап береді, саяси мәселелерден алшақ болады.

Жалпы алғанда, өркениетті елдердің барлығында дерлік саяси партияның басшысы құдайдан кейінгі екінші адам немесе партияның туы ретінде қабылданбайды. Ол – қарпайым шенеунік. Әлі есімде, 1994 жылы, алғаш рет АҚШ-қа барғанымда, Демокртатиялық партияның басшысымен кездескім келіп, өтініш айттым. Бізді шақырушылар, зорға дегенде, Нью-Йорк штатының Демократиялық партиясының басшысымен кездестірді. Менің «сендерде бірде-бір партия мүшесі өздерінің төрағаларының аты-жөнін білмейді екен», деген менің таңданысыма, «Партияның төрағасы, партияның жиындарын ұйымдастырып, сайлауға қаржы жинайтын, т.т. қарапайым қызметкер. Ал сайлау алдындағы жиындарда біздер өзіміздің партиямыздан президентке үміткер адамды анықтаймыз. Ол, мысалы, қазіргі кезде Билл Клинтон. Клинтон мырза біздің партияның басшысы да, көшбасшысы да емес. Қатардағы мүшелердің бірі ғана. Мен осы штаттың Демократиялық партиясының төрағасымын. Қолымда ешқандай басшылық құзырет жоқ. Сондықтан Билл Клинтонды бәрі таниды, ал менің аты-жөнімді көпшілігі біле де бермейді», – деген жауап алдым.

Әрине, мемлекет басшысы ешқандай партияға мүше болмауы керек, немесе президент болып сайланған адам партиялық қызметтен кеткені дұрыс деген ой-пікірлер де бар. Бірақ партияға мүше болуы – адам құқығына қатысты мәселе. Ал қазіргі өзіміздің елдің мәселесіне келетін болсақ, Жаңа Қазақстан жасаймын деген президенттің авторитарлық жүйеге тікелей қатысы бар, «Ескі Қазақстанның» идеялық негізі болып табылатын партияның басшылығында отыруын – нонсенс деп білемін.

 Өзіңіз айтқандай, саяси күресте шыңдалмаған, халықтың, шын мәніндегі, сүйеніші бола алмаған, жоғарыдан нұсқау түсіру жолымен құрылған «Нұр Отан» сияқты партия халыққа керек пе?

–  Біріншіден, партия құрудың классикалық жүйесін бәріміз де білеміз. Бір топ мүдделес адамдар бас қосып, алдарына нақты саяси мақсат қойып, өздерінің партияларын құрады. Мысалы, Ленин кезінде еңбекшілерді билікке алып келу мақсатымен «Жұмысшыларды азат ету» партиясын құрды, кейін ол партия коммунистердің партиясына айналды. Ал қазақ ұлтшылдары «Алашорда» партиясын құрып, ұлттық мемлекет орнату мақсатын қойды. Қысқасы, партия құру – идеядан, нақты саяси мақсаттан бастау алады. Авторитарлық Қазақ елінде билікті алған топ –  бұрынғы коммунистік номеклатура өздерінің биліктерін сақтап қалу үшін және көп партиялық жүйенің бар екендігін көрсету мақсатында «Нұр Отанды» өмірге алып келді. Олар биліктен шықты және мақсаттары да биліктің ресурстарын пайдалана отырып, сол билікті ұстап тұру болды. Олар билікке әділ сайлау арқылы, ашық бәсекелестік арқылы келген жоқ. Ең қызығы, бірнеше сайлауларда «Нұр Отанның» атынан түскен не Назарбаев, не Тоқаев басқа партиялардың өкілдерімен қатар отырып, үміткерлердің дебатына, пікір жарысына да түскен жоқ… Бас тартты. Осыдан кейін «саяси күресте шыңдалу» туралы айтудың өзі артық. Мен осыдан оншақты жыл бұрынғы бір сөзімде «Егер Назарбаев мырза «Менің Қазақстаным» деген партия құрса, «Нұр Отан» бір ай өмір сүрмейтін болар. Мүшелерінің барлығы «Менің Қазақстанымға» өтіп кетер еді», дегенім бар. Өз басым, оларды идеология біріктіреді деп айта алмаймын.

Екіншіден, халыққа қандай партия керек екенін сол халықтың өкілдері шешеді. Әр адамның, әр топтың өзіндік көзқарасы бар. Әңгіме сол топтардың заң алдындағы теңдігінде. Тіркелу теңдігі, жұмыс істеу теңдігі, сайлауға қатысу теңдігі, т.т. Ал таңдау – халықтың өзіне беріледі. Қысқасы, әділетті сайлау ғана «қандай партия халыққа керек?» деген сұраққа жауап беру керек. Естеріңізде болса, 2019 жылғы президент сайлауында «Ұлт тағдыры» ұсынған Әміржан Қосанов 2012 жылдан бері парламентте отырған «Ақ жолдың» үміткерінен үш есе, ал коммунистердің үміткерінен он есе көп дауыс алды...    

Тегтер: