Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:00, 19 Мамыр 2022

Халыққа тек шындық пен әділдік керек

None
None

Кімде кім өз бағасын дәл білгісі келсе, мұны ол тек қана халықтан біле алады. Демек, ол халықтың төрелігіне жүгінуі тиіс!

(К.Гельвеций).

«Билік неге Конституция талаптарын, өз шешімдерін жұртшылықпен ашық талқыламайды, неге мемлекеттік маңызы бар мәселелер жабық есік жағдайында қабылданады, билік неге жауапсыз», деп наразылық танытуымыз тегін бе?

Қоғамда болып жатқан өзгерістердің бәрі халық назарынан тыс қалып жататыны жасырын емес. Жұрт бекер дүрлікпейді. Күні кеше биліктің «Назарбаевтың тәуелсіз елдің негізін қалаушы мәртебесі конституцияда бекітіледі» дегені, бұған жұртшылықтың қатты наразылық танытуын – биліктің халықпен санаспауына қарсылық деп түсінген жөн. Жалпы, реформа дегеніміз – жүйелі, салмақты жүргізілетін үлкен өзгеріс, кеңінен талқылау. Оған қоғамның барлық өкілдері белсенді түрде атсалысуы тиіс.

Ал бізде қалай? Конституцияның 3-бабы бойынша, «мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы» болып табылатын халықтың қанша пайызы осындай маңызды түзетудің қабылданғанына қатысқанын бір Құдай біледі. Он-шақты адамнан тұратын жұмыс тобын құрады. Сол жұмыс тобы қысқа мерзімде Ата заңымызға өзгеріс енгізе ала ма? Ірі қоғамдық жүйелі өзгерістерді он-шақты адамның жүзеге асыруы мүмкін емес. Олар билікке, тағайындаған адамға, тағайындаған институтқа тәуелді. Солардың айтқанынан шыға алмайды. Демек, айтылған ұсыныстар мен өзгерістер қолдан ұйымдастырылған көзбояушылық. Шын мәнінде жұмыс тобына қоғамдық ұйымдар, саяси партиялардың өкілдері, саясаткерлер, саясаттанушылар, белсенді жастар – бәрі қатыстырылуы керек. Алайда Конституцияға енгізілетін өзгерістерді халық талқысына салып, содан кейін барып қабылдайық дейтін ниет жоқ билікте.

Біздің биліктің халық пікірін, ұсынысын ескермеуі үйреншікті жағдайға айналды. Кезіндегі «Қазақстандық ұлт», «Үштілдік идеясы», «Еуразия одағына кіру», «кезектен тыс сайлау», «Қазақстанда АЭС салу», «ел астанасының атауын өзгерту», «Назарбаевтың тәуелсіз елдің негізін қалаушы» ретіндегі мәртебесін Конституцияға бекіту мәселелері – халықтың пікірі емес, бұл өзімбілемдікке салынған биліктің ойлап тапқан амалы. Мұны қоғам қалай қабылдайды, оған қандай баға береді? Бұл жағы билікті ойландырмайды. Халықтың үстінен үн-түнсіз шешім қабылдап жіберетін қазақ билігі бұл жолы да өзіне қажетті шешім қабылдары сөзсіз. Кезінде Астанаға Назарбаевтың атын бергенде «Астананың атауын Нұр-Сұлтанға өзгерту керек пе?» деп, сұрады ма халықтан? Билік халықтың қалауымен санасты ма? Жоқ. Референдумсыз, жай ұйғара сала, алдын ала шешіп қойды. Бұларға мұндай құқықты кім берген? Бізде Конституция, заңдар жоқтай. Авторитарлық тәсілмен жұмыс істейтін жерде барлық шешімді президенттің өзі қабылдайтыны, ал басқалары «қолдаймыздан» аса алмайтыны белгілі. Жеме-жемге келгенде бар мәселені президенттің нұсқауымен шеше салады. Тоқаевтың Астана атауын белден баса отырып, Нұр-Сұлтанға ауыстыруы және халықпен санаспай, Назарбаевты Қазақстан мемлекетін құрушы ретінде Конституцияға енгізбек ниеті – биліктің қоғамдық пікірімен есептеспейтінінің сорақы көрінісі. Биліктің негізгі қайнар көзі халық болмай отырғанының көрінісі. Бүгінгі билік Конституцияны өзгерту – «Жаңа Қазақстанды құру жолындағы маңызды белес» дейді. Бұл Жаңа Қазақстан құру жолындағы маңызды белес емес, халықтың жарасын тырнай түсу. Кім ұтты: халықтың тілегі ұтты ма? Әлде биліктің бақай есебі ұтты ма? Осының бәрінің ертең сұрауы болады.

Бүгінгі билік кешегі Назарбаев басқарған биліктің кемшіліктерін ескере отырып, алдағы уақытта алдарына қандай мақсат қойып, қандай саясат жүргізуі тиіс, деген сауал тұр. Яғни өткен отыз жылға объективті жауап таппай тұрып, болашаққа жоспар жасау мүмкін емес. Бірақ көріп отырғанымыздай, бұрынғы президенттің қызметіне жан-жақты объективті түрде баға берілген жоқ. Тоқаев қаңтар қасіретінен бері Назарбаевқа қатысты, керісінше, «еліміздің іргесі берік мемлекетке айналдыру үшін зор еңбек сіңірді, тәуелсіз елдің негізін қалаушы ретіндегі мәртебесі Конституцияға бекітілуіне лайықты тұлға, оны бүкіл әлем көріп отыр», дегендей сыңайда баға беріп келе жатыр. Алайда қоғамдағы сергек, саналы, көзі ашық азаматтар бұл сөздің астарында еш мән жоқ екенін біледі.

Назарбаев лайықты тұлға, оны бүкіл әлем көріп отыр дегенге келсек, әлемдегі ең өркениетті, дамыған Ұлыбритания елінің парламенті бұл турасында былай дейді. Олардың мәлімдеуінше, «Қазақстанды, халықты тонап, байыған элита билеп отыр. Қазақстанда ел дәулетінің 55 пайызына ат төбесіндей 162 адам ғана иелік етеді. Негізінен, олар Назарбаев әулетінің мүшелері мен жақындары. Біз азат әлемде Назарбаев сияқты өзінің сыбайластығымен соншалықты танымал болған басқа көшбасшыны көз алдымызға елестете алмаймыз. Біз оның сыбайластығы туралы кем дегенде 15 жыл бойы білеміз. Алайда, біз Британияда бұған көз жұма қарадық. Көз алдымыздағы сыбайлас жемқорлықты елемей, Қазақстандық режимге ұрланған ақшаның ізін жасыруға, оны оңды-солды шашуға көмектесіп келдік. Қазақстанда орын алған оқиғаға біз де кінәліміз», деген.

Назарбаев өзі мен отбасы, төңірегі ашкөздік жасады. Халықтың өз байлығын өзіне бермеді. Қазақтың байлығын басып алған санаулы адамның басында өзі тұр. Президенттіктен кетсе де биліктен кетпей отырып алды. Ол әлі де биліктен кеткісі келмейтін сияқты. Назарбаевтың Вашингтон, Ататүрік сияқты тарихта қалуына мүмкіндік болды. Бірақ пайдалана алмады. Ол үшін халыққа емес, өзіне ренжуі керек. Сондықтан халыққа тура қарай алмайды. Біз триллиондаған бүкіл ақшаны Астананы салуға жұмсадық. Назарбаевтың қалаға өз атын қоятынын білдік. Астананың атауы да Астана болушы ма еді? Халық отыз жыл бойы Назарбаев билігінен жылт еткен жаңалықты, үлкен бір өзгерісті, тұрмыстың түзелгенін күтті. Бірақ үміт ақталмады. Назарбаевтың: «мен отыз жыл бойы қазақ халқын әлемдегі ең өркениетті, алдыңғы қатарлы 40 елдің қатарына қостым», дегені өтірік екенін өткен қаңтардағы оқиғалар толық әшкере етті.

Автократия – гректің «өзін-өзі қанағаттандыру» деген сөзінен шыққан. Бұл дегеніңіз – жеке бір елдің көлемінде шексіз билік құруды білдіреді. Қазіргі қоғам ішіндегі қайшылықтың бәрі Қазақстанды Назарбаевтың өзін елбасы жасап, қоғамда авторитарлық жүйе орнатып, шексіз билік жүргізуінің салдары. Бір адамның қолындағы шексіз биліктің қайғылы жағдайға ұрындыратыны, бір адамға ғана тәуелді халықтың дербес, толыққанды ел бола алмайтыны түсінікті. Бізде қазір Назарбаевтың қателігін үсті-үстіне төпелеп жатыр. Енді осы жерде төмендегідей сұрақ өз-өзінен туындайды. Сонда Назарбаев 30 жылда не құрған? Мемлекет пе, әлде жекеменшік компания ма? Осы орайда мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, саясаткер, артына өшпес із қалдырған, Алаштың ардақтысы Алтынбек Сәрсенбайұлының: «Жылдар өтер. Сол кезде халық бүгінгі билеуші біз үшін кім болды және артында не қалдырды деп өз-өзінен сұрайтын болады. Сол кезде оның өз қолымен сарайлар мен зәулім үй тұрғызғаны, Астананы салғызғаны маңызды болмай қалады. Мұны өзгелер де тұрғыза, соға алады. Ең маңыздысы жалғыз мына мәселе ғана болып қалмақ: ол қандай құндылықтарды қалыптастырды және өзінен кейін халыққа қандай қоғам қалдырып кетті? Егер Назарбаев кезеңінде қоғамның негізгі құндылықтары жаппай сыбайлас жемқорлық, нигилизм, арсыздық, қылмысқа жауап бермеушілік, азғындық, кедейшілік, бостандыққа жол бермеу, төзбеушілік болса, онда бұл жылдар тарихта қара әріппен жазылады. Авторитарлық билеуші ретінде, бірде-бір рет әділ де таза сайлау өткізбеген адам ретінде, өз халқының дауысын ұрлаған, сол арқылы оның болашағын күл-талқан еткен адам ретінде» дегенін еске алайықшы.

Халқына бергенінен алғаны көбейіп кетті. Қателігі жетістігін басып озды. «Өзімшілдік ізгіліктің түбіне жетеді», деген екен Достоевский.

Назарбаев билікке, игілік пен сый-құрметке өмірінің соңына дейін жабысып қалмай, дер кезінде кетуі арқылы да тарихқа енер еді. Ескі биліктің қателігі мен қылмысы еліміздің дамуына кедергі келтірмеу үшін мұның бәріне көзжұмбайлықпен қарауға болмайды. Менделеев таблицасындағы элемеyттердің барлығы бар дерлік мемлекетте тұрып жатқан халық жалғыз адамның «дана басшылығының» арқасында көріп жүрген кемсітулер мен ауыр сындарға одан ары шыдап жүре бере ме екен? Қаңтардағы қантөгістен кейін бас қаламыздың «Нұр-Сұлтан» атауының қалуы ешкімге абырой әпермейді. «Нұр-Сұлтан» қаласы, жүздеген Назарбаев ескерткіші мен көшелері тұрғанда Тоқаев айта бастаған «түбегейлі саяси өзгерістер» болмайды. Біз бұған шынайы түрде баға бермесек, халық тағы да өзгерістердің не екенін сезінбей, билікке деген сеніміне селкеу түсуі әбден мүмкін. Елбасы мен «Нұр Отан» монополиясында 30 жыл өмір сүрген қазақ халқына енді шындық пен әділдік керек. Халықтың ешкімге кепілдік бермейтіні, реті келгенде әрекетіне қарай бағалайтыны түсінікті болды емес пе?!

Сондықтан халықтың бүгінгі күнгі негізгі талабы: бас қаланың бұрынғы атауын қайтару және тұңғыш президент, елбасы туралы заңның күшін жою. Қазақстан мемлекетін құрушы ретінде оның есімі Конституцияға жазылмауы тиіс. Президенттің қолында барлық тетіктер бар. Саяси өре мен жігер болса болғаны. Ал егер билік халықтың ықпалынан шықпаса, халықпен санаспаса, бұдан да зоры болады. Сондықтан билік қоғамның өзіне деген сенімін ояту үшін нақты қадамға барып, халықтың таңдауын сыйлауы керек.

Тегтер: